Accessibility links

Қазақстанда қараусыз қалған 100 мың бала бар


Бірқатар қоғамдық ұйымдар Қазақстанда жетім, тастанды және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар қамқорлық көрсету, ортаға бейімдеу мақсатында республика бойынша "Наставник" атты жобаны қолға ала бастады. Жобаға әзірге Қазақстанның 5 аймағындағы қоғамдық ұйымдар қатыспақ.

Соңғы 10 жылда Қазақстандағы жетімдерге арналған балалар үйінің саны 3 есеге көбейген. Ал ата-анасының қарауынан айырылған балалар саны 96 мыңға жетті деп хабарлайды мемлекеттік емес ұйымдар. Олардың 80 пайызының ата-анасы тірі, олар әлеуметтік жетімдер деп есептеледі, дейді «Шығармашылық бастама жасаушы әйелдер лигасының» төрайымы Әсия Хайруллина.

Дамыған елдерде жетім балалар мәселесі қамқорлық жобалар арқылы шешіліп келеді. Осылайша, онда балалар үйінің саны едәуір азайған. Соның негізінде Қазақстанда қамқорлық жобалар қолға алынып отыр деп хабарлайды «Наставничество» жобасының ұйымдастырушылары.

Жаңа жобаға Қазақстанның алты облысындағы балалар үйлерінің 200 тәрбиеленушісі қатысып отыр. «Орал әйелдерінің одағы» ұйымының психологы Светлана Төлегенованың айтуынша, балалардың армандары көп:

- Олар ата-аналарын тапқысы келеді, өз үйлерінде болғысы келеді, адам болғысы келеді. Арасында дарынды балалар көп, сурет салады, би билейді, ән салады.

Америка Құрама Штаттарында баланы асырап алған адамдар немесе оған қамқорлық көрсеткен мекемелерге мемлекет және қоғам қолғабыс көрсетеді. Швецияда бала асырап алған отбасыларына қосымша қаржы беріліп, кеңес беретін психологтардың жұмысы тегін көрсетіледі екен.

Астанадағы балалар үйінің бастығы Виктор Чернецкийдің айтуынша, Қазақстанда жағдай мүлде өзгеше және жеңілдіктердің жоқтығына мемлекет кінәлі. «Аманат» қорының атқарушы директоры Шолпан Байболаваның айтуынша, өткен жылы балалар үйінің 100 тәрбиеленушісі жаздың 3 айында өздерін асырап алуға ниет білдірген отбасыларының үйінде тұрған.

Қазір осы бағдарламаға қатысқан 2 отбасы балаларды асырап алуға келісті. «Шығармашылық бастама жасаушы әйелдер лигасының» төрайымы Әсия Хайруллинаның айтуынша, баланың отбасында жақсы тәрбиеленіп, ал қазыналық мекемеде тұлға болып қалыптаса алмайтындығы бұрын дәлелденген.

Ал, кейбір мемлекеттік емес ұйым өкілдері тастанды және жетім балалар үшін жастар үйлерін ашуды ұсынып отыр. Бірақ, бұл ұсынысқа қарсы болғандар бар. Астанадағы балалар үйінің бастығы Виктор Чернецкийдің айтуынша, балалар үйінен шыққан кезде балаларға 7 мың теңге беріледі. Бұл ақшаға ол оқуға түсе алмайды, ал, жұмысқа кіру үшін одан бір үйде тіркелуі талап етіледі. Сондықтан, баланың түрмеден басқа баратын жері қалмайды дейді ол.

Қазақстанның білім миинстрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, жетім балаларға оқуға түсуге жеңілдік ескерілген балалар саны мемлекеттік тапсырыстың 1 пайызынан аспайды:

- Мемлекеттік тапсырыс бойынша, 31210-ның бір пайызы жетім балаларға арналады.

Ал енді біреулер балалар үйлерін жанұя түріндегі үйлерге ауыстыру керек деп есептейді. Өйткені, баланы асырап алам деген отбасыларынан қайтып келіп жатқан балалар көп дейді олар. Қазақстандағы жетімдер саны тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында Ресейден кейін екінші орында тұр деген пікір бар.

Мемлекеттік емес ұйымдардың есептеуіне қарағанда Қазақстандағы балалар үйлерін бір жерге қосса ауданы жағынан Арқалық сияқты қала пайда болады. «Орал әйелдерінің одағы» ұйымының психологы Светлана Төлегенованың айтуынша, балалардың арасында дарындылары көп, сонымен бірге психолог ол балалардың бойындағы кейбір ерекшеліктерді де атайды:

- Қайратты болып келеді. Балапан өскенде жалғыз екенін біледі, өзін қорғауды біледі. Өйткені, ешкім жоқ екендігін біледі.

Ал, жетім және тастанды балалардың мәселесін шешу үшін, ең бастысы осы балалар есейіп қалған кезде, оларға мемлекет атынан көрсетілетін қамқорлық көп болу керек дейтіндер көп. Ал, ата-аналарының қарауынан айырылған балалармен тілдесуге мүмкіншілік болмады.

Астанадағы балалар үйінің бастығы Виктор Чернецкийдің айтуынша, балалар үйі - жабық мекеме болғандықтан олардың журналистермен жолығуға ерекше рұқсат керек екен.
XS
SM
MD
LG