Accessibility links

Таяу шығыс пен постсоветтік елдерде баспасөз еркіндігі шектеледі

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Халықаралық ұйымдар азаматтық қоғам құруда аса маңызды рөл атқаратын баспасөз еркіндігі бүгінгі таңда Таяу шығыс пен бұрынғы советтік аймақта қатты қысым көріп, шектелетіндігін айтып отыр.

Мамырдың 3-і – дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Бірақ, АҚШ-тағы журналистерді қорғау комитеті өткен жылы баспасөздің жағдайы ауыр болғанын хабарлап отыр. Ұйымның келтіген дерегінде былтыр журналистер арасында бірқатар өлім болғаны атап жазылған. Журналистердің қазасы бойынша Ирақ 2-ші, ал Ресей 5-ші орында екен. Мұндай мәліметтерді «Фридом Хаус» (Бостандық үйі) және Париждегі «Шекарасыз тілшілер» орталығы секілді халықаралық ұйымдар да растайды.

Халықаралық ұйымдардың деректеріне жүгінсек, түрлі-түсті төңкерістен кейін Украинадағы баспасөз бостандығы біршама жақсарғаны байқалады. Баспасөзге орталықтан бақылау біршама азайған.

Әйткенмен, Грузиядан өзге бұрынғы советтік аймақта және Таяу Шығыста жергілікті режим әлі күнге дейін баспасөзге қысым жасайтыны байқалады. Мысалы, Париждегі «Шекарасыз тілшілер» орталығының Еуропа бөлімін басқаратын Паскал Бонамурдың айтуынша, Украина мен Қырғызстандағы түрлі-түсті төңкерістерден кейін Орталық Азия елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы барынша нашарлай түскен.

- Бұл аймақтағы геосаяси жағдай кесірінен баспасөздің ахуалы нашарлай түсті. Әсіресе, бұл 2004-жылдың соңына қарай бұрынғы кеңестік аймақтағы елдерде байқалды. Баспасөз еркіндігі қауіп астында қалды. Оппозициялық бағытта жазатын журналистер жиі тұтқындалды, олар соққыға жығылды. Сондықтан, бұл елдердегі тәуелсіз баспасөздің қатты қуғындауға түскендігі анық, - дейді Бонамур.

Дәйекті айғақты мәліметтерді Журналистерді қорғау Комитеті жариялады. Олар 5 жылдық зерттеу жұмысы нәтижесінде баяндама дайындаған. Комитеттің жазуынша, ең үлкен қауіп - журналистердің майдандағы жұмыс барысындағы өлімі емес, оларды алдын-ала саяси қара мақсатпен өлтіру болған.

2000-жылдан бері қаза тапқан 190 журналистің 121-ін арнайы мақсатпен қасақана өлтірілгені айтылып отыр. Бірақ, кісі өлтіруші жендеттер қылмысы үшін әлі күнге жазасын алмаған.

Ирақ - журналистер өлімі ең көп болған ел. Ал, Ресейде жалдамалы жендет қолынан қаза болғандар жиі кездескен. Қазаға кезіккен журналистер, негізінен, мерзімді баспасөзде ұйымдасқан үкіметтік сыбайлас жемқорлықты әшкерелегендер екен.

«Фридом Хаустың» 194 ел бойынша жүргізген зерттеу деректеріне қарағанда, Грузия мен Украинадағы баспасөз біршама еркін көрінеді. Ал, бұрынғы совет одағының құрамындағы өзге елдерде еркіндік жоқ десе де болады. Беларусь пен Түрікменстандағы жағдай - ең нашары екен.

«Шекарасыз тілшілер» орталығы, әсіресе, түркімен президенті Сапармұрад Ниязовтың қатаң режимін сынайды. Бұл орталықтың айтуынша, бұл арада Өзбекстандағы жағдай біршама жақсарған. Дегенмен, Өзбекстан үкіметі лаңкестікпен күрес науқаны кезінде, әсіресе, 2004 жылы Тәшкенде болған бомбы жарылыстарынан кейін, елдегі тәуелсіз баспасөзге шабуыл жасап үлгерген.

Таяу Шығыс елдеріндегі баспасөз бостандығы жағдайы да бұрынғы кеңестік аймақтан дұрыстау деуге келмейді. Таяу Шығыста 2004 жылы 21 журналист өлтірілсе, олардың 19-ы Ирақта қаза тапқан. Бұл аймақтағы көптеген елдерде баспасөзге қарсы үкіметтің қысымы күшейген. Оларға үкімет басшысының намысына тиген, Исламды қорлаған деген айыптар тағылған.

«Шекарасыз тілшілер» орталығының өкілі Мойнидің «Фарда» радиосына айтқанындай, Иранда 2004 жылы түрмеде жатқандардың саны ең көп санды болған. Ал, Ауғанстандағы жағдай біршама дұрыс екен.
XS
SM
MD
LG