Accessibility links

Ресей совет кезіндегі озбырлық іс-әрекеттері үшін кешірім сұрай ала ма?


Еуропа комиссиясы президентінің орынбасары Гюнтер Ферхойген Еуропа одағындағы ресми басшылықтан бірінші болып, Ресей бұрынғы советтік одақ билігі кезінде жасаған қылмыстық әрекеттері үшін, жәбір-жапа көрген републикалардан кешірім сұрауы қажет деп мәлімдеді.

Эстония астанасы Таллиннде дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде Гюнтер Ферхойген, егер Ресей Еуропа одағымен жақсы қарым-қатынаста боламын десе, онда кезінде заңсыз басып алған Балтық бойы мемлекеттерінен кешірім өтінуі керек деді.

«Франс пресс» жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Ферхойген, Еуропа одағының Ресеймен өзара байланысы шындық ақиқатқа негізделуі керек, деген. Оның айтуынша, 2-дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен Балтық бойындағы 3 елге диктаторлық жүйе, адам құқықтарының тапталуы, демократияның тәрк етілу кезеңі басталған.

Өткен аптада Ресей президенті Владимир Путин Совет одағының ыдырауын, өткен ғасырдағы ең үлкен геосаяси апат деп сипаттады. Бірақ, бұл мәселенің өте күрделі екендігін сезетін ЕуроКомиссия, сейсенбі күні Ферхойгеннің пікірінен өзгешелеу ой қосты. Сыртқы байланыстар жөніндегі комиссар Валднердің өкілі Эмма Удвин ханымның пікірінше, ЕуроОдақ артқа емес, болашаққа қарауы тиіс.

- Ресейде өтетін саммитте біз алдағы жылдарға арналған Еуропа Одағы мен Ресей арасындағы байланыстар мәселесіне арнайы тоқталамыз. Басқалардың айтқанын да назарда тұта отырып, біз Еуропалық комиссар Ферреро-Валднердің айтқанындай, алдағы жылдарға арналған ЕуроОдақ пен Ресей байланысын айқын және нәтижелі болуына ерекше көңіл бөлеміз, - деді Удвин.

ЕуроКомиссия президентінің өкілі Хосе Барросоның пікірі де осыған ұқсас. Бірақ, дүйсенбі күні Эстонияда болған кезінде, Дания елінің бас министрі Расмуссеннің айтқанындай, Ресейдің қазіргі үкіметі оған жауапты болмаса да Советтік империя режимі кезіндегі озбырлық әрекеттерін Ресей мойындауы керек.

Бұл пікірді сейсенбі күні бұрынғы Эстония сыртқы істер министрі Томас-Хендрик Илвес те қолдады. Ол - қазіргі кезде ЕуроПарламенттің сыртқы істер комитетінде төраға орынбасары қызметінде.

- Меніңше, ЕуроОдақпен Ресейдің жалған, өтірік фактілерге негізделген өзара қарым-қатынасы барынша нашарлауы мүмкін. Ақиқатсыз өтірік - ЕуроОдаққа кесір және одақ шеңберіндегі байланыстарға соққы болып тиюі мүмкін, - дейді Илвес.

Балтық бойындағы 3 мемлекет - Латвия, Литва және Эстония Мәскеуден өткендегі істері үшін өкініп, кешірім сұрауын көптен бері талап етіп келеді. Ал ол талапқа тиісті жауап болмағаннан кейін, Эстония мен Литваның президенттері Мәскеуге 9-мамырда өтетін Жеңіс мерекесіне бармайтын болды. Латвия президенті Вайра Вике-Фрайберга ол салтанатқа барғанымен, бұрынғы советтік қылмыстарды әшкерелеуді күн тәртібінен түсірген жоқ.

Міне, енді Ресей мен Латвия және Эстония мамырдың онында шекара келісіміне қол қоймауы мүмкін деген дерек өзара байланысты тағы да одан әрі шиеленістіріп жібергендей болды.

Ал егер шекара келісіміне қол қойылмаса, онда Еуропа Одағы Ресейге қарсы жарияланған виза режимін де реттей алмайды. Кез-келген мүше ел ЕуроОдақтың сыртқы саясатына вето жариялай алады.
XS
SM
MD
LG