Accessibility links

Қазақстанда 4 миллион адам демікпемен ауырады

  • Ескендір ЕРТАЙ

Денсаулық сақтау ұйымдарының деректеріне қарағанда, Қазақстанда демікпемен ауыратындар саны төрт миллионға жеткен. Әсіресе, бұл аурудың соңғы кездері нәрестелер мен сәбилер арасында көп тарағаны байқалып отыр.

Астана қалалық емханасының дәрігері Гүлмира Сырғабекованың айтуынша, Астанадағы емханада 154 бала өкпе-тыныс жолдарының дертімен ауырса, оның 144-і демікпеге шалдыққан. Дәрігер соңғы кездері қыз балалардан гөрі, ұлдардың арасында сырқаттардың көбейіп бара жатқандығын айтады.

Ақмола облысының Уәлиханов ауданында тұратын Күләй Сапарова ұлы Сейілбек Дастанның жағдайы тым ауырлап кеткен соң Астанаға көшіп келіпті. Уақытында қаралмағандықтан Сейілбектің өкпесіне төрт рет операция жасалыпты, қазір жазылып, мектепке барып жүр. Астаналық Жолдасбай Толыбай балалар арасында қауіпті дерттің көбейіп кетуін экологияның әсерінен болар деген ойын айтады. Ол, сондай-ақ, уақытында сәбилерін дәрігерге апармайтын ата-аналардың да кінәсі бар деп есептейді.

Аллерголог-дәрігер Ләззат Қалиахметқызы демікпенің тез тарауына көктемгі кездегі үйеңкі үпелегінің ұшуы, гүлдердің иісі, түрлі қосындылары бар табиғи емес тамақтардың да сәби денсаулығына әсер етеді дейді. Жас аналар дәрігердің кеңесін мүлтіксіз орындауына қаржылық, тұрмыстық жағдай жете бермейді деген пікірде.

- Нәрестелер мен жас аналарға мемлекеттік қамқорлық жасалып, олардың емделуі, дәрігерге қаралуы, санаторийлерде сауығуы тегін атқарылса, өйткені, Астанада тұратын жас отбасылардың тұрмыстық жағдайы төмен күйде, - дейді Астана тұрғыны, оралман Айжан Тасуған.

Дәрігер Гүлмира Сырғабекова мен аллерголог Ләззат Қалиахметқызы мамырдың 4-інде таңғы 9-дан бастап диспансерлік тіркеудегі сәбилер мен тілек білдірген ата-аналардың сұранысы бойынша ашық есік акциясын өткізді. Акция барысында жас отбасылардың үйіне барып та қызмет көрсету қажеттігі байқалды. Қалада оған аллерголог дәрігерлер жетіспейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде соңғы сегіз жылда демікпеден қаза болғандардың саны 30 пайыздан асып түскен. Ал, Қазақстанда осы дерттен көз жұмғандардың дені Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан болып отыр.
XS
SM
MD
LG