Accessibility links

Өзбек милициясы Тәшкентте шерушілерді ұрып-соғып тарқатты

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ташкенттегі АҚШ елшілігі алдына сейсенбі күні күндіз жүзге жуық шеруші жиналған болатын. Олармен сол күні кешқұрым өзбек милициясы шайқасты. Шерушілердің көпшілігі балалар мен әйелдер болатын. Билік өкілдері оларды ұрып-соғып, қамауға алды.

Сейсенбінің кешінде, түн жарымынан бұрын, Ташкенттегі АҚШ елшілігі алдында милиция мен шерушілер шайқасы болды. Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, оны милицияның шабуылы десе болғандай. 70-тей шерушінің көпшілігі балалар мен әйелдер болатын.

Азаттық радиосының тілшісі Хуснутдин Кутбиддинов оқиға орын алған жерде болған еді. Оның айтуынша, бұл шайқастарда бесіктегі балаға дейін запа шеккен, ішкі істер министрлігінің екі автобус тола офицерлері келіп, әйел, еркек деместен, шерушілердің барлығын тоқпақтарымен жаппай сабай бастаған.

- АҚШ елшілігі алдына тігілген шатырлар ішінде тоғыз және он айлық нәрестелер де жатқан еді. Көптеген милиция өкілдері ол шатырларды таптап өтті. Бұл уақытта әлгі кішкентай нәрестелер осы шатырларда ұйықтап жатқан болатын. Оларға не болғандығын білмеймін. Ал шерушілер түгелге жуық дерлік жарақаттанды. Олардың ауыздарынан, мұрындарынан қан ағып тұрды. Оларды автобустарға күштеп мінгізіп, белгісіз бір жаққа алып кетті, - дейді Азаттық радиосының тілшісі.

Ал, Лондонда орналасқан Соғыс және бейбітшілік институтының тілшісі, әділет үшін қайсарлықпен күресіп жүрген журналист Ғалима Бұқарбаеваның айтуынша шерушілерге милиция жасағы күні бойы тамақ пен сусын өткізбеген. милиция шабуыл жасағанда олардың біразы кешірім сұрап, жалынған екен. Ал, осыдан бірнеше сағат бұрынғы қақтығыстар кезінде шерушілер милиция жасағын таспен атқылаған болатын.

Өзбекстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Вячеслав Тютин сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында:

- Шерушілер милиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, төртеуін жарақаттағандықтан, олар қамауға алынды, - деп түсіндірді.

Ол, сондай-ақ, “қарсылық шараларына рұқсат етілмеген болатын, шерушілер қоғамдық тәртіп жөніндегі заңды бұзды” дей келіп, шерушілер өздері тұратын Шахрисабз қаласына әкетілді деп қосымша ақпарат берді. Көпшілігі Қашқадария облысының Шахрисабз қаласынан келген 100 шақты өзбек азаматтары АҚШ елшілігі алдында сейсенбі күні “Өзбек өкіметі адам хұқықтарын аяққа таптап отыр” деп наразылық шараларын бастаған болатын.

“Шерушілердің көпшілігі - Баходир Чориевтің туыстары” дейді сарапшылар. Оның жеке фермасын 1999 жылы Өзбекстан билігі тартып алған болатын. Мұндай әрекетке қарсы тұрғаны үшін Чориев бірнеше рет қамауға алынып, ең соңында АҚШ тарапынан баспана тапқан еді.

Баходир Чориев өз мүлкінің қайтарылуын, сондай-ақ, Өзбек үкімет басшысы Шавхат Мирзяевті, Мемлекеттік мүлік комитеті басшысы Махмуд Асқаровты осы заңсыздықтарды жасап отыр дей келіп, олардың қызметтерінен кетуін талап еткен болатын. Кейбір шерушілер болса, жазықсыз сотталған балаларының босатылуын талап еткен еді. Плакаттардың бірінде “Ұйымдасқан қылмыс пен заң жүйесіндегі зорлық-зомбылық қызғылт-сары төңкеріске алып келген еді. Сендердің де тілегендерің сол ма?” деп жазылған болатын.

Ташкенттегі тәуелсіз саяси талдаушы Камрон Әлиевтің пікірінше, Өзбек үкіметі шерушілерге қатысты тәсілдерін өзгертсе керек. Бұл - көршілес Қырғызстанда болған жағдайдың әсері де болуы мүмкін. Екіншіден, бұл жолғы шерушілер асықпай шатырларын тігіп, кемпір-шал, нәресте, балаларына дейін алып келіп, шеруді ұзағынан ұйымдастыратындай сыңай танытқан болатын. Бұл да милиция әрекетіне өзгерістер әкелген дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG