Accessibility links

Еуропа одағының жақын көршілері оған мүше болуға дайын емес

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Валднердің айтуынша, Украина, Молдова және Грузия елдері ұйымға мүшелікке әзір қабылдана қоймайды. Себебі, олар ұйымға мүшелікке өтуге дайын емес.

Өткен жылы өз қатарын екі есеге жуық ұлғайтып алған Еуропа одағы тағы 10 елді мүшелікке шақырмақшы. Еуропа одағы істері бойынша Германияда орналасқан Бертелсман қорының сарапшысы Петер Зервакистің пікірінше, “өткен жылға көз салар болсақ, Еуропа одағының кеңеюінен оның жаңа мүшелері айқын пайда көруде”. Зервакис мырза осы айтқандарына қоса, басқа да қиын түйіндерге тоқталып отыр.

- Бір жағынан қарағанда, батыс еуропалықтар, атап айтқанда, орталық батыстықтар, яғни Германия, Аустрия елдері жұмыссыздықпен күресуде. Мұның өзі ғаламдандыру мен Еуропа одағының кеңеюінің нәтижесінде пайда болып отыр, - деді Зервакис мырза.

Бұл үдеріс Еуропа одағының алғашқы Конституциясын қабылдау қиындығымен одан әрі күрделене түспекші. Еуропа одағының Сыртқы істер жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Валднер ханым Рейтер ақпарат агенттігіне сейсенбі күні берген сұхбатында ұйымның ең жақын көршілері Украина, Молдова және Грузия елдеріне әзірше Еуропа одағына мүшелікке арыз бермеулеріне кеңес берілетіндігін айтты. Себебі, әзірге олар мүшелікке шақырыла қоймайды. Украина елі болса, Еуропа одағына өту ісін басты мақсаты етіп қойып отыр.

- Қызғыл-сары төңкеріс тұсында Украина елі Еуропа құндылықтарын бағалайтындықтарын көрсетті. Алайда, “қайтадан жерге оралайық”. Мүшелікке қабылданбас бұрын, Украинада түбірлі өзгерістер жүзеге асырылуы тиіс, - деді Бенита ханым.

Ол сондай-ақ, Молдова мен Грузия да осы қатарда екендігін айтып өтті. Дей тұрғанмен, ол елдер Еуропа одағына мүшелікке қабылдану сауалында Польшадан мықты қолдау тауып отыр. Одақтың ең ірі жаңа мүшелерінің бірі - Польша, бейбіт жолмен Украинадағы биліктің ауысуына ара-ағайындық еткен болатын.

Қазіргі кезде ұйым құрамына тағы көптеген жаңа мүшелерді тартуда Еуропа ұйымындағы басқа да шығыс еуропалық елдер қатарында Польша белсенді әрекет етуде. Мұның өзі бұл елдің геосаяси көзқарасына байланысты болып отыр. Ресми Варшаваның пікірінше, барлық шығыс еуропалық елдер Ресейдің ықпал аймағынан шығарылып, тез арада еуропаландырылуы тиіс.

Ал, Еуропа одағындағы батыстық елдер керісінше, аймақтағы тұрақтылықты сақтап тұру үшін Ресеймен мейлінше тіл табысу керек деп біледі. Ресейдің Еуропадағы орны жөнінде Еуропа одағы ұйымында қалыптасып отырған мұндай екі ұдай пікірлер одақтың одан әрі қанат жаюы сауалына байланысты пікірталастар туындатып отыр.

Сонымен, сауал арнасы айқындала түсуде. Атап айтқанда: одаққа мүше батыс еуропалық елдердің көбі қолдап отырғанындай, оның кеңеюі әзірге тоқтатылып, жақын көршілермен тек жақсы қарым-қатынастар түзу керек пе? Не болмаса, одан әрі пәрменді түрде қанат жая отырып, тіпті демократиялық үдерістерден бас тартып келе жатқан Беларус сияқты елдерді де өз қатарына қосып алуы тиіс пе? Еуропа одағында мәселе осылайша қабырғасынан қойылып отыр.
XS
SM
MD
LG