Accessibility links

Полиция ұрлықты азайту үшін әрбір қол телефонын тіркеуді ұсынады


Ресми мәліметтер бойынша, қазір Қазақстанда ұялы байланыс тұтынушыларының саны 3 миллионнан астам. Мамандар соңғы екі жылда олардың саны тұрақты өсіп келе жатқанын айтады. Ал заң өкілдері елде қол телефонын ұстаушылармен қатар оны ұрлау оқиғалары да жиі кездесе бастағандығын айтады.

Полиция деректеріне жүгінсек, Алматы қаласының өзінде айына орта есеппен 60-70 ке жуық телефон қолды болады екен. Мұның сыртында тонау арқылы қолды болған қалта телефондары тағы бар. Мобильді телефон ұрлығын азайту үшін заң қызметкерлері әрбір ұялы телефонды тіркеуден өткізу қажет деп есептейді.

25 жастағы Майя есімді бойжеткен Алматыдағы “Заңғар” деп аталатын ірі әмбебап дүкенге қол телефонын сатып алу үшін келіп тұр. Бұл оның соңғы 1 жыл ішіндегі сатып алғалы отырған осымен 4-ші телефоны көрінеді.

- Менен үш рет ұрлап кетті, екі рет - автобуста, бір рет ауруханада, қалтамнан алып кетті. Міне, енді төртінші рет алып тұрмын.

“Заңғар” әмбебап дүкені Алматыдағы ірі дүкендердің қатарына жатады. Өзге тауарлардан бөлек мұнда ұялы телефон сататын сауда қатарлары өте көп. Қол телефонын сатушы Раушанның айтуынша, бұл жерден телефон сатып алғандардың бір бөлігі, мобильді телефондарын ұрлатып алып, қайтып келіп жататын көрінеді.

- Сіздердің клиенттеріңіздің арасында қол телефонын жоғалтушылар көп пе?

- Әрине, менен телефон сатып алатындардың тең жартысына жуығы мобильді телефондарын жоғалтып алғандарын айтады. Менің өзім де жақында автобуста келе жатып, ұялы телефонымды ұрлатып алдым.

Байқасақ, көпшілігі қол телефондарын қоғамдық көліктерде жоғалтып алатын көрінеді. Біз осы туралы мобилді телефондар сататын қатарды аралап жүрген ұзын бойлы мына бір бойжеткеннен сұрап көрейік.

- Сіз өзіңіз немесе сіздің құрбыларыңыз ұялы телефондарыңызды жоғалтып көрдіңіздер ме?

- Менің құрбым телефонын автобуста ұрлатып алған. Өзім бір де бір рет ұрлатқан емеспін.

- Ұялы телефонды ұрлатпаудың әдісін білерсіз, сірә?

- Мен оны үнемі қолымда ұстаймын.

Алматы қаласы бойынша айына қанша ұялы телефон ұрланады деген сауалға Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметкері Арман Жусанбай былай деп жауап береді:

- Жалпы, ай сайын орта есеппен ұялы телефон ұрланды деген шағыммен 100 арыз келіп түседі. Оның ішінде нақты қоғамдық орындарда, көліктерде ұрланған қалта телефондарының саны 60-70-ке таяу. Қылмыстың бұл түрі, әсіресе, 1999-шы жылдан бері өсіп келеді.

Ұялы телефондарды ұрлайтындар, негізінен - жасөспірім балалар дейді заң қызметкерлері. Өйткені, жас қылмыскерлер әдетте, алғашқы тәжірибесін адам көп жүретін жерлерде, қоғамдық көліктерде бастайды. Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының өкілі Арман Жусанбайдың айтуынша, қол телефондарын ұрлайтындар бірнеше адамнан тұратын топ болып жүретін көрінеді.

- Негізінен ұялы телефон ұрлайтындар автобуста немесе кісі аяғы көп жүретін жерлерде 4-5 адам болып жүреді. Қалта телефонының иесі өз телефонын ұрлады деп ұрының біреуін тінте бастаса, ол ұрланған телефонды екіншісіне, ал әлгі - үшіншісіне беріп, ұстатпай кетеді. Кейде басқа қалалардан келетін “гастролерлер” дейтіндер де осымен айналысады. Ұсталып қалса олар көп жағдайда елге қайтатын ақшамыз болмай қалды деп ақталады.

Полицейлер, әдетте ұрылар ұялы телефондарды жөндеумен және пайдалануда болған телефондарды сатумен айналысатын шағын сауда орындарына ұрлық телефондарын апарып сататынын айтады. Алматыдағы қол телефондарын жөндеу және сатумен айналысатын шағын дүкеннің сатушысы Руфик есімді жігіт ұялы телефондар айналып келіп сол саудаға қайта түседі дейді.

- Бізге ондай ұрланған телефондарды жиі алып келеді. Қазір базарда сатылып жатқан бұрын пайдалануда болған телефондардың 70 пайызы - сол ұрланған телефондардан тұрады десе де болады.

Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының қызметкері Арман Жусанбай полиция орындары ұрланған телефондарды тез табу үшін телефон иелері өз телефондарын арнайы тіркеуден өткізіп алғаны дұрыс дегенді айтады.

- Әр телефонның дербес кодтары, сандық белгілері бар. Ұрланған телефонды сол арқылы табуға болады. Мысалы, сіз телефоныңызды, телефон нөмірін тіркететін болсаңыз, ұрланған телефондар мен тіркелген телефондар тізімі жинақталған арнайы орталықтағы мәліметтермен салыстырып, сол арқылы телефоныңызды тауып беруі мүмкін.

Үкіметтің ұсынысымен биылдан бастап Қазақстанда мобильдік байланыс жүйесінде қызмет көрсететін оператор-компаниялар осындай байланыс түрін пайдаланатын әрбір азаматқа тек жеке бас құжаты бойынша тіркелгеннен кейін ғана телефон нөмірін беретін жаңа тәртіпке көшті.
XS
SM
MD
LG