Accessibility links

Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп ғимараты құлатылуы мүмкін


Алматыда орналасқан қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын бірегей мектеп-интернаты ғимаратының жағдайын тексерген мамандар негізгі оқу корпусы мен жатақханаларын сейсмикалық талапқа сай емес деп тауып, бұл құрылыстарды бұзу қажет деген қортынды шығарған.

Мектеп-интернат директоры Мұқтар Ибраймовтың айтуынша, 50 жылға таяу уақыт ішінде есімдері елге танымал талай ғалым, мәдениет пен өнер қайраткерлерін, дәрігерлер мен ұстаздарды тәрбиелеп өсірген, республикадағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын жалғыз мектептің тағдыры қазір белгісіз күйде.

- Мектеп құрылысына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде, мектепті сейсмикалық тұрғыдан нығайту шараларын алуға болар еді, енді, міне, институт осындай қорытынды шығарып отыр, - дейді ол.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі В.Храпунов пен бұрынғы Білім және ғылым министрі Ж.Құлекеевтің тұсында сейсмикалық талапқа сай емес деп табылған бұл мектепке басқа бір ғимарат беру туралы шешім шығыпты. Алайда, қазір мектеп-интернатта Қазақстанның барлық облыстарынан таңдап алынған 375 бала оқып жатса, жаңа ғимараттағы орын тек 160 балаға ғана есептелген көрінеді.

Мектеп директоры М.Ибраймов мектеп-интернат жаңа құрылысқа көшті дегеннің өзінде ескі құрылысты сақтап қалу керек, оған мектеп оқушыларына арнап демалыс орнын ашуға болар еді деген пікір байқатты. Өздері оқып тауысқан осы мектеп-интернат тағдырына алаңдаушылық білдірген бұрынғы шәкірттер атынан Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, техника ғылымдарының докторы Ермұқан Райсов, мемлекеттік сыйлықтың иегері, дәрігер Қырым Ахметов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, әскери комиссар, поковник Берік Сапаров қатарлы бір топ адам Қазақстан парламентіне хат жолдапты.

Онда хат иелері мектеп-интернатты бұзу арқылы Алматыдағы бір құрылыс компаниясы босаған жерге элиталық тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отырғанын айтады. Осы мәселеге байланысты мамырдың 6-сы күні Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс депутаты У.Қалижан Қазақстан үкіметі басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
XS
SM
MD
LG