Accessibility links

Баспасөзге шолу. 6 мамыр 2005 жыл


Жұма күнгі газеттерде ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғандығының 60 жылдығына арналған мақалаларда герман әскеріне қарсы шайқаста майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі баяндалыпты. Сондай-ақ, басылымдар бүгінде көзі тірі соғыс ардагерлерінің қазіргі жағдайына да мақалалар арнапты.

“Қазақ әдебиеті” газетінің жұма күнгі саны толығымен Жеңістің алпыс жылдық мерекесіне арналыпты. Газеттің айқарма бетінде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер-жазушылардың суреттері беріліпті. Сондай-ақ, аталмыш басылымда қазақ жазушыларының майданнан жазған хаттарынан үзінділер жарияланыпты.

Польша жерінен жазушы Мұхтар Әуезовке жазған хатында ақын Қалижан Бекхожин кеше Абай ауылының жігіттерімен жолыққандығын, олардың жігітек Базаралының серілік өлеңдерін айтып, көңілін серпілтіп тастағандығын айтыпты. Сондай-ақ, “Қазақ әдебиеті” газетінің жұма күнгі санында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста қаза тапқан Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы мақалалар да жарық көріпті.

“Караван” апталығында жарық көрген, аталмыш басылымға Германиядан арнайы жазған Сергей Золовкиннің мақаласында Берлин түбіндегі шайқаста совет әскері 3 миллионнан астам жауынгерлерінен айырылғандығы айтылып, олардың ішінде қазақтың солдаттары мен офицерлерінің болғандығы да баяндалыпты. Мақалада Қазақстанның әр облысынан келген Александр Чазов, Иван Зотов, Өмірзақ Нүрпейсов сынды мыңдаған қазақстандық жауынгерлердің сүйегінің Германия жерінде қалғандығы тілге тиек етіліпті.

“Жас Алаш” басылымының соңғы санында жарық көрген Ержан Қарабек пен Әбдіғани Жиенбайдың мақаласында, Чехия астанасы Прагадағы қазақ батыры Мәжит Жүнісовтың зиратының басына алпыс жылдан соң ғана Азаттық радиосы тілшілерінің ат ізін салғандығы хабарланыпты. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталсақ, ардагер жазушы Қалмұқан Исабайдың “Жас Алаш” газетінде “Қазақ қазақты неге іздемейді” деген мақаласы жарық көрген еді.

Онда жазушы Қалмұқан Исабай талай құнды деректі тізе отырып, Прагада жатқан Кеңес Одағының батыры Мәжит Жүнісовтың басында 60 жылдың ішінде бірде-бір қазақ болмапты деп өкініш айтқан болатын. Осы мақаламен танысқан Азаттық радиосының Прагадағы тілшілері радио басшылығының нұсқауымен, екі апта бойы журналистік зерттеу жүргізіп, 1 мамыр күні Мәжит Жүнісовтың зиратын тауыпты.

Прагадағы ондаған ғибадатхананың ішінен қазақ батырының зиратын тапқаннан кейін, олар бейіт басында Құран оқытқызып, гүл отырғызыпты. Сондай-ақ Азаттық радиосының тілшілері Прагадағы Ольшанка зиратында Байжан Нұржанов деген тағы бір қазақ солдатының бейітінің жатқандығын хабарлапты.

“Литер” басылымында неміс-фашист басқыншыларына қарсы майданда айып батальонында соғысқан Юрий Рожицынмен жүргізілген сұхбат жарық көріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Юрий Рожицын “Айып батальоны” атты көркем фильмдегі келтірілген деректердің соғыс кезіндегі өмір шындығымен үйлеспейтіндігін әңгімелеп беріпті.

Оның айтуынша, айыпқа ұшыраған жауынгерлердің ешқайсысы да соғыс кезінде бөлімшенің командирі болып тағайындалмаған және саяси айып бойынша түрмеге отырғандар да айып батальонына алынбаған. Сондай-ақ, Юрий Рожицын соғыстан кейінгі ауыр тұрмысты айта келіп, өзімен бірге майдандас болған жауынгердің ұры-қарылардың қатырына қосылып кетіп, кейіннен ұсталып, ату жазасына кесілгенін де баяндап беріпті.

“Правда Казахстана” және “Central Asiа Monitor” басылымында әлі күнге шейін ардагерлер туралы заңның қабылданбай келе жатқандығы сөз болыпты. Журналист Ақас Тәжутов “Central Asiа Monitor” басылымында жарық көрген мақаласында 1990 жылдары ардагерлердің жағдайын жақсарту үшін қаражат көзінің табылғандығын, ал, Қазақстан экономикасы көтеріліп келе жатқан шақта, ол қаржының табылмай отырғандығын мысалға келтіріпті.

“Айқын” басылымы болса, көкектің 26-күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл облысына жасаған сапары барысында Шу стансасында жез қоңырауды қағып, өз қолымен аттандырып салған “Жеңіс” мерекелік поезының Қызылорда облысының шетіне келіп жеткендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, осы күні арнайы жабдықталған медициналық вагонда жоғары дәрежелі дәрігерлер 254 ардагерді тегін тексерген.

“Алма Ата инфо” басылымында жарық көрген Владимир Воеводтың мақаласында соғыстың алғашқы күнінен бастап майданға аттанып, Берлинге шейін жеткен алматылық Надежда Кашинаның өмірі туралы баяндалыпты.

“Экспресс К” басылымының жұма күнгі саны толығымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік көрсеткен майдангерлерге арналыпты. Аталмыш басылымда Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Мәлік Ғабдуллин, Сергей Луганский секілді батырлардың ерліктері жөнінде көлемді мақалалар жарық көріпті.
XS
SM
MD
LG