Accessibility links

Баспасөзге шолу. 7 мамыр 2005 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдарда екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғандығының алпыс жылдығына арналған мақалалар жарық көріпті.

“Начнем с понедельника” апталығы келтірген деректерге жүгінсек, Екінші дүниежүзілік соғысына жалпы саны 110 миллион адам қатысыпты. Олардың 62 миллионы соғыстан қайтып оралмаған. Соғыс кезінде 1700 қала, жетпіс мыңнан астам ауыл мен кіші-гірім тұрақтар, 32 мыңнан астам фабрик пен зауыт, 98 мыңнан астам колхоз, 127 мыңнан астам мектеп, музей және тағы да басқа мәдени ошақтардың тас-талқаны шығарылған.

Освенцим концлагерінде қаза тапқандардың саны 4 миллионнан асады. Олардың жартысынан көбі еврей ұлтының өкілдері болған. Жалпы бұл лагерде азапталған адамдардың саны 16 милллионға жуық. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Қазақстаннан 1 миллион 366 мың қазақстандық майданға аттанған. Әрбір екінші қазақстандық соғыстан қайтып оралмаған. 497 қазақстандық Ұлы Отан соғысының батыры атағын алған.

“Айқын” газетінде жарық көрген Жолдасбек Дуанабайдың мақаласында екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Сталинградты қорғау жолында кескілескен шайқас жүріп жатқанда, неміс ұшақтарынан қазақ жерінің бір бөлігінің теперіш көргендігі баяндалыпты. Осы мәселені зерттеп жүргендердің жазуына қарағанда, батыстағы Орда мен Жәнібек елді мекендерінде мыңдаған бейбіт тұрғын көз жұмған.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, аспаннан жауған жарылғыштардан от тұтанып, 1942 жылы күзде 38 мың гектар жер күлге айналған. Газет тілшісінің хабарлауынша, бұдан Жәнібек ауданының Алғабас және Жаңатұрмыс колхоздары қатты зардап шеккен. Сондай-ақ, мақала авторы Сталинград майданында жолы болмаған фашистердің Жәнібек пен Орда аудандарының аумағында парашютпен қарулы жасақтар тастап, бүлдіру әрекеттерін жүргізбек болғандығын, олардың қолдарынан қару, азық-түлік, жарылғыш заттар және топографикалық карталардың тартып алынғандығы да баяндалыпты.

“Жас қазақ” басылымының ақпараттар ағымында оңтүстікқазақстандық бір топ ардагерді Астана тұрғындары темір жол вокзалынан салтанатты түрде қарсы алғандығы хабарланыпты. Сондай-ақ, осы басылымда Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының естелігі жарияланыпты.

“Литер” басылымының сенбі күнгі санында Ресей президенті Владимир Путиннің әкесімен бірге соғысқан Көбен Тіленшиевтің естелігі жарияланыпты. Көбен Тіленшиевтің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путиннің әкесі Владимир Спиридонович Путин 76-шы артиллериялық батареяның командирі болған. Көбен Тіленшиевтің естелігінде Ресей Президенті Владимир Путиннің әкесінің арық денелі, орта бойлы, өте сүйкімді жігіт болғандығы айтылыпты.

“Мегаполис” апталығында жарық көрген “Жеңістің құны” атты мақалада бұл мерекенің келешекте тойланбай қалуы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Дәлірек айтқанда, Алматыдағы әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ұйымының жүргізген сауалы осындай қорытындыға келіпті. Олардың айтуынша алматылықтардың 40 проценті келешекте бұл мереке тек формальды түрде ғана аталып өтіп, соғысқа қатысқан ұрпақ кеткеннен кейін, оның ұмытылуы да тез болады деп есептейді екен.

“Жас Алаш” басылымында “Әділетті Қазақстан” қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайдың Жеңістің алпыс жылдығы қарсаңында Республика сарайында соғыс ардагерлерімен кездескендігі баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, Республика сарайы ардагерлер мен келген қонақтарға лық толған. Кездесуден кейін белгілі эстрада әншілері ардагерлерге арнап ән-шашуларын тарту еткен.

“Еуразия” басылымында Кеңес Одағының екі дүркін батыры, ұшқыш, генерал Талғат Бигелдиновпен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Өз сұхбатында екі дүркін Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов 305 рет әуе шабуылына шыққандығын әңгімелеп беріпті.

“Егемен Қазақстан” басылымында Жеңістің алпыс жылдығына қатысты Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан мерекелік шараның басталып кеткендігі хабарланыпты. Ал, осы басылымда жарық көрген Оңдасын Елубайдың мақаласында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік жасаған, қазірде жасы 103-ке келіп отырған Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының тұрғыны Кенжебей Әлімжанов туралы мақала жарық көріпті.
XS
SM
MD
LG