Accessibility links

«Қаһар» жастар қозғалысы Алматыда флэш моб өткізді

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Мамырдың 7-сі Қазақстанда Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан Қарулы күштерінің қатарындағы 74 мың адамның кәсіби мерекесі. Осыған орай Қазақстандағы “Қаһар” жастар қозғалысы Алматыда қала тұрғындарына Қазақстан қарулы күштерінің қолданысында бар қару-жарақ түрлерін сатып, одан түскен қаржыны қорғаныс министрінің Жерорта теңізінен арал сатып алуы үшін оның есеп-шотына аударамыз деген мақсатта қойылымдық акция өткізді.

Мамырдың 7-сі Қазақстанда Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан Қарулы күштерінің қатарындағы 74 мың адамның кәсіби мерекесі. Осыған орай Қазақстандағы “Қаһар” жастар қозғалысы Алматыда қала тұрғындарына Қазақстан қарулы күштерінің қолданысында бар қару-жарақ түрлерін бейнелейтін ойыншықтар "сатып", одан түскен қаржыны қорғаныс министрінің Жерорта теңізінен арал сатып алуы үшін оның есеп-шотына аударамыз деген мақсатта қойылымдық шара - флэш моб өткізді.

Сенбі күні түске таман Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының жанындағы шағын саябақта жиналған “Қаһар” жастар қозғалысы мүшелерінің осында түрлі қару жарақ пен әскери техникалар түріндегі ойыншықтарды "сатуға" шығарып, осы жерден өтіп жатқан қала тұрғындарына саудалай бастады:

- 50 АҚШ долларына бізден граната сатып ала аласыздар, келіңіздер, қару-жарағымыздың бағасы қандай екенін көріңіздер!..

“Қаһарлықтардың” сатып жатқан қару-жарақтарының бәрі – ойыншық заттар болғандықтан бұл іс-шараны көпшілік ойын ретінде қабылдады. Ал сауда орнына келген кішкентай балалар болса, ата-аналарына өздерінің көңілі түскен ойыншықтарды алып беруін сұраумен болды.

- Ата, маған ракета алып беріңізші, мына ракетаны алғым келеді.

Сатушылардың айтуынша, мұндағы бір автоматтың құны - 500, ал танктің бағасы - 300 мың АҚШ доллары тұрады. Ал ұшақтардың құны 200 мыңнан 500 мың доллар көлемінде. Сатушылар бұл қару-жарақ нарығындағы ең арзан бағалар екендігін айтады. Қаһарлықтардың ойынша Қазақстан үкіметі қарулы күштердің қару-жарағы мен техникаларын шетелге осылайша арзан бағаға сатуда.

Аталған шараны ұйымдастырушылардың бірі «бұл - Қазақстанның қорғаныс министрлігінің заңсыз қару-жарақ саудасын әшкерелеу мақсатында арнайы жасалған қойылым» дейді. Саудадан түскен барлық табыс сыртында «Швейцариядағы есеп-шот» деп жазылған картон қорапқа салынады.

Бастамаларының саяси күрделігіне қарамастан, “Қаһарлықтар” өз акцияларын жеңіл қойылым ретінде қабылдануы тиіс деп есептейді. Дегенмен бұл оймен келіспейтіндер де бар. Осы іс-шараны өткізу орны ретінде бастапқыда таңдап алынған Алматыдағы ойын-сауық парктерінің бірінің күзетшілері, олардың дереу демалыс орнының аумағынан кетуілерін талап етті.

- Бізге басшылық міне мына рация арқылы сіздерді бұл жерден шығарып жіберу туралы бұйрық берді, сондықтан бұл жерден кетіңіздер!

Акцияны ұйымдастырушылар қозғалысының мүшелері бұл іс-шараны мамырдың 7-сі - Қазақстан қарулы күштерінің күніне орайластырып өткізуде.

- Міне, біз сатып жатқан сияқты, біздің армиямыздың қару- жарағы да саудаға түсіп жатыр. Шетелге сатылып жатқан қарудың бағаларынан қателесуіміз мүмкін, оның базар бағасын қаруды сатып жатқан жоғарыдағы шенеуіктер жақсы біледі ғой.

Ал жұртшылық Қазақстан армиясындағы жағдай мен заңсыз қару саудасы жөнінде не ойлайды? Осында жүрген адамдардан сұрап көрейік.

- Армия қазір жақсы, мен өзім әскери борышымды өтеп келдім, қазір тәртіп бар деп ойлаймын.

- Заңсыз қару саудасы бар болса бар шығар, ол да мүмкін.

- Менің ойымша, қазір әскери техниканы сатушылар бар секілді. Біз білмейтін жайлар көп қой. Мен осы заңсыз қару-жарақ сатылып жатқандығынан қорқамын, өйткені, ертеңгі күні елімізге сырттан қауіп төнсе немен қорғанамыз?

«Қару-жарақ саудасы» жүріп жатқан жерден өтіп бара жатқан арнайы әскери оқу орнының курсантынан бұл туралы пікірін сұрағанда, жас жігіт Азаттық тілшісіне өз ойын былайша жеткізді:

- Менің ойымша, мұның бәрі - жалған айыптау. Өз басым Қазақстан соңғы 13 жылдың ішінде қарулы күштерді реформалау жағынан ТМД елдерінің арасында көш ілгері кетті деп ойлаймын. Әскердің жағдайына келсек, қазір армия барлық жағынан қамтамасыз етілген, тәртіп орнаған. Қазақстанның қарулы күштері кез-келген жағдайда әскери міндеттерін өтеуге дайын деп айта аламын.

Мамырдың 7-сі қандай күн екендігін осы жерден өтіп жатқан жастар біле ме екен деген мақсатпен қойған сауалға Азаттық тішісі келесідей жауаптар естіді:

- Мамырдың 7-сі қандай күн, білесіз бе?

- Білмейді екенмін.

- Сіз мамырдың 7-сі қандай мереке екенін білесіз бе?

- Жеңіс күні!

- Жеңіс күні мамырдың 9-ы емес пе?

- Солай ма? Онда білмеймін...

- Бүгін қандай мереке екенін білесіз бе?

- Отан қорғаушылардың күні.

- Ал сіз оны мерекелейсіз бе?

- Жоқ.

Сұрау салған адамдардың көпшілігі өздері үшін мамырдың 7-сі мерекеден гөрі әдеттегі күндердің бірі екендігін айтады. Ал “Отан қорғаушылар күні” Қазақстанда ресми түрде 1993 жылдан бері мерекеленеді. Сол жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған болатын.
XS
SM
MD
LG