Accessibility links

Астана 9-мамыр мейрамын тойлады


Астанадағы министрліктер мен ведомстволар өз мекемелерінде қызмет етіп зейнетке шыққан ардагерлерді екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 60 жыл толуымен құттықтап, қаладағы орталық саябақ және Отан-Ана мемориалдық ескерткіші жанында мерекелік шаралар өткізді.

Таңертең үкімет басшысы мен парламент палаталарының төрағалары Отан-Ана ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қала орталығындағы Қажымұқан атындағы спорт алаңы жанынан мектеп оқушылары мен студенттердің мерекелік эстафеталық жарысы өткізілді.

Астанадағы Отан-Ана мемориалдық ескерткішінің жанындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюшылар көп. Солардың бірі, полковник шеніндегі ардагер өзін Қасенбай Қабдуәлиев деп таныстырды. Ол Орталық Белоруссия майданының 8-ші гвардиялық дивизиясының қатарында Берлинге дейін барған екен.

Полковник дәрежесіне соғыстан кейінгі 32 жылғы әскери қызметінде жетіпті. Қараөткелде туып өскен майдангер Қабен Маусымбаев екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ақмола қаласында 50 мыңға жуық қана тұрғын болды. Қазір 600 мыңға жақындап қалды. Бұл - елдіктің белгісі дейді ол.

Астанаға барлық облыстардан жиналған ардагерлер мамырдың 7-сінде өткізілген әскери шерудің есте қаларлықтай болып өткеніне ризашылықтарын білдіреді. Мереке күндері министрліктер мен ведомстволар өз салаларында ұзақ жылдары қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагерлерді мараппаттады.

Қажымұқан атындағы спорт алаңы жанынан студенттер мен мектеп оқушыларының эстафеталық жарысы бастау алды. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Қанабек Сәбитовтың айтуынша, оған студенттер мен оқушылардың 43 командасы қатысуда. Эстафеталық жарысқа қатысушы Көлік және коммуникациялар колледжінің студенті Қуаныш Төлеуов:

- Ардагер аталарымызды бір ғана мезгілде еске алмай, жыл бойы құрметтеп жүрейік. Өздері де тым аз қалды ғой,- дейді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан бір миллион 200 мың жауынгер аттанса, оның 450 мыңы майдан даласында қаза тапқап екен. Елге аман-есен оралған 750 мың қазақстандық майдагерлердің қазір Жеңістің 60 жылдығына 33 мыңы ғана жетті. Майдангерлерге Қазақстанның барлық елді-мекендерінде ұрпақтары мүмкіндігінше құрмет көрсетуде.
XS
SM
MD
LG