Accessibility links

Алматы Жеңістің 60 жылдығын атап өтті

  • Гүлмира ХАМЗА

Мамырдың 9 күні соғысқа қатысқан ардагерлер мен Алматы жұртшылығы Жеңіс мейрамын атап өтті. Соғысқа қатысқан ардагерлер осыдан 60 жыл бұрын болған оқиғаны еске алып, майдандастарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Ал бұл соғысты ата-аналарынан естіген жастар, ардагерлерге гүл сыйлап, мейрамдарымен құттықтады.

78 жасар Мархаба Нұрсейтова соғыс кезінде талай сарбаз ағаларының батасын алған, себебі бұдан 60 жыл бұрын Мархаба сарбаздарға ән айтып, олардың көңілін көтеретін. Мархаба Нұрсейтова өмірінде талай қиындықты басынан кешіргенін айтады, бірақ қазір ол туралы ардагер апа есіне алғысы келмейді, тек соғыс жылдары айтқан әндерді есіне түсіргенді жақсы көреді. Мархаба апай соғыстың аяқталғаны туралы қуанышты жаңалықты алғаш рет қалай естігенін былайша еске алады:

- Соғыс басылды деп хабар келді, сосын біз тойға бардық. Той барысында болған ән байқауында бірінші орынға ие болдық.

Осыдан 60 жыл бұрын болған оқиғаны Өмірбай Сақып та естен шығармайтынын айтады.

- Радиодан хабарлады. Кәдімгі Мәскеудегі әйгілі диктор хабарлады. “Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!” деп үш рет айтты. «Совет-Герман соғысы барлық көлемде тоқтатылды» деп хабарлады. Мұны естігенде, біз бір-бірімізді құшақтап, мәз болдық, өз-өзімізге сенбей, қуанғанбыз. Әрдайым есіме осы оқиға түседі, - дейді ардагер Өмірбай Сақып.

Жеңістің 60 жылдығын мерекелеу үшін, Алматыдағы алаңға шыққан ардагерлерді әйгілі қазақ әншісі Бибігүл Төлегенова ән айтып, құттықады. Ал күйші Айгүл Үлкенбаева соғыс ардагерлерінің сүйікті әндерінің әуенін домбыраға салып, көрермен халыққа өнерін көрсетті.

Мерекелік концертті тамашалаған ардагер, соғыс жылдарында барлаушы болып жұмыс істеген Қамбар Сәрсен өзін бақытты сезінетінін айтады:

- Қазақта “40 жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген сөз бар. Мен осы соғыстан аман қалғандықтан және жеңістің 60 жылдығына жеткеніме байланысты, өзімді бақыттымын деп есептеймін. Болашақта енді бұндай соғыс қайталанбасын, балаларымыз, немерелеріміз аман болсын.

Ардагерлерді мейрамымен құттықтауға келген жастар, аталары атқарған ісін мақтаныш тұтатынын айтты. Риза болғандықтан жасөспірім жігіттер ардагерлерге көмектесіп тұратынын және болашақта керек болса, аталары сияқты ерлік жасауға дайын екенін білдірді.

- Жастар мүмкіндігінше ардагерлерге көмек көрсетіп тұрады, құрметтейді. Егер керек болса, мен осы аталарымыздың ерлігін қайталауға дайынмын, ел дегенде, жер дегенде адамда қорқыныш болмайды ғой, себебі, ол кезде адам өзін ғана қорғамайды, күллі елді қорғайды, сол себептен мен қорықпайтын едім, - дейді астаналық оқушы Әсет Көшірбаев.

Әйткенмен де қазіргі жастардың ардагер аталарына лайықты іс атқаратынына шек келтіретін жастар да жоқ емес.

- Біздің көптеген аталарымыз қазақ елі одан әрі дамысын, ел болсын деп күресті ғой. Ал біздің жастар қазіргі кезде өз ана тілдерінде сөйлемейді. Отанын, қарттарды құрметтемейді. Мысалы, жастар автобуста қарттарға орын бермейді, орын сұраған зейнеткерлерге дөрекі жауап береді. Негізінде олай болмауы керек, - дейді Мадина Жалғасова есімді оқушы қыз.

Алматылық жастардың ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрмет деңгейіне деген көзқарастары әртүрлі болғанымен, олардың барлығы да болашақта соғыс болмау үшін, адамдар бір-біріне мейірбан әрі төзімді болу керек дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG