Accessibility links

Әлем ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығын тойлап жатыр


Мамырдың 9-күні Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен салтанатты шеруге әлемнің 50-ден аса елінің басшылары қатысты. Нацистік Германияны талқандаған одақтас елдер арада 60 жыл өткенде де жеңісті осылайша атап өтті.

Мыңдаған ардагерлер мен сарбаздар, сондай-ақ әлемнің 50-ден аса басшылары қатысқан, Екінші Дүниежүзлік соғыстың аяқталғанының 60 жылдығына арналған, Қызыл алаңдағы аса үлкен шеру мерекелік музыкамен басталды. Сегіз мыңдай, кеуделерін ордендер мен медальдар көмкерген, ардагерлер мен солдаттарды Ресей Қорғаныс министрі Сергей Иванов құттықтау арқылы бұл мерекенің негізгі бөлігі, яғни әскери парадты бастап берді. Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Ресей елбасы Владимир Путин:

- Жеңіс күні - біздің елімізде ең аяулы, ең шынайы және шын мәніндегі жалпы халықтық мереке. Ал, Совет одағы құрамында болған елдер үшін бұл күн халықтың ұлы ерлік мерекесі ретінде мәңгілікке қалатын болады. Еуропа мен әлем елдері үшін бейбітшілікті сақтап қалған күн ретінде қала береді, - деді.

Мерекеге қатысқан Франция елбасы Жак Ширак, Германия канцлері Герхард Шрөдер, АҚШ елбасы Джордж Бушпен қатар тұрып, Путин бұл күнді қасиетті күн дей келіп, одақтас күштер қатарында шайқасқандар рухы алдында бас иді. Сондай-ақ, Ресей елбасы лаңкестік әрекеттер өршіп тұрған тұста жаңа соғыстардың қандайына болмасын жол бермеу керек деген пікірін айтты.

Соғыс жылдарындағы патриоттық әндерді шырқаған солдаттар шашпауларын көтерген және медальдар таққан ардагерлер әскери көліктерге жайғасқан күйлері, жиналғандарға қолдарындағы қызыл гүлдерін бұлғап, алаңнан салтанатты түрде өтті. Ленин қабірханасы жанынан басталған бұл парадқа қатысушы ардагерлердің біразы көздеріне жас алды.

Сондай-ақ, Қызыл Армия туларын ұстаған, 2-ші Дүниежүзлік соғыс жылдарғы әскери киімдер мен заманауи, жаңа әскери киім киген солдаттар және ит жетектеген атқыштар тобы Қызыл алаңнан өтіп жатты. «Миг» және «Су» реактивті ұшақтары әуеге көк, ақ және қызыл бояулар шашқан күйлері Қызыл алаң үстінен ұшып өтті. Ол бояулар аспанда Ресейдің туын желбіреткендей болған еді. Шеруден кейін әлем басшылары мен ардагерлер Белгісіз солдаттың қабіріне барып гүл шоқтарын қойды. Содан кейін Кремльде болған салтанат барысында ардагерлер мен нацизмге қарсы күрескен шетелдік саясаткерлерге де мерекелік медальдар берілді.

Греция елбасы Каролос Папулиас, Албания елбасы Альфред Моисию, Хорватия елбасы Степан Месич, Польшаның бұрынғы елбасы Войцек Ярузельский, Румынияның бұрынғы патшасы Михай 1 марапатталғандар қатарында болды. Күн барысында мемлекет басшылары арасында бейресми кездесулер болды. Кешке әлем басшылары Қызыл алаңда қайта бас қосып, соғыста қаза болғандар рухына үнсіз тұрып бас имек. Қызыл алаңдағы мереке соңы концерттер мен от шашуларға жалғасып жатты.

Совет өкіметі бұл соғыста көп шығынға ұшыраған болатын. Атап айтқанда, соғыстан 27 миллион солдаттар мен қарапайым азаматтар қаза болған еді. Бұл соғыс Ресейде Ұлы Отан соғысы деп аталады.
XS
SM
MD
LG