Accessibility links

Прагада Шығыс Еуропаны фашизмнен азат етіп қаза тапқандар рухына тағзым етті


Мамырдың 7-сі күні таңертеңнен Прагадағы Олшанска зиратына жергілікті халық және өзге елден қонақтар ағылып келе бастады. Ол жерде Чехия армиясының сарбаздары қаз-қатар тізіліп құрметті сапта тұрды. Бұл зиратта өзгелермен бірге өткен соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер де жерленген.

Екінші дүниезжүзілік соғыста Праганы фашизмнен азат етуге қатысып, ерлікпен қаза тапқан бұрынғы Совет одағы жауынгерлері және шығыс еуропалық боздақтардың, сондай-ақ Олшанска зиратында жатқан британдық сарбаздардың қабірінің басына мамырдың 7-күні гүлшамбарлар қойылды. Шара кезінде Чехия, Қазақстан, Ресей, Британия және Шығыс Еуропа елдерінің гимндері ойналды. Ресми салтанат кезінде Қазақстанның көк туы да желбіреп тұрды.

Соғыс құрбандарына тағзым ету салтанатына қатысқан Қазақстанның Чехиядағы елшісі Шәріп Омаров Азаттық радиосына арнап қысқа сұхбат берді.

- Біз мына Олшанска деген қабіретте тұрмыз. Бұл жерде 5 елдің дипломатиялық корпустарынан өкілдер бар. Елшілер Британия, Чехия, бұрынғы Совет одағының құрамында болған елдері жауынгерлерінің зиратына гүл қоюға дайындалып жатыр. Сондай-ақ, бұл шараға Чехия өкіметі, Парламентінің қос палатасы қатысуда. Қазір ғана біз Прага шайқастарында 1945 жылы 10-мамырда осы арада қаза тапқан қазақстандық Совет одағының батыры, 26 жасында қыршын кеткен Мәжит Жүнісовтың басында болып, 1 минут үнсіздікпен тағзым еттік.

- Осы Чехия жерінде соңғы соғыста құрбан болған қазақстандықтар жөнінде сіздерде қандай да бір мәлімет-дерек бар ма?

- Жалпы, алдағы кезде біз осы шараны қолға алмақшымыз.

Азаттық тілшісі сенбі, мамырдың 7-сі күні Олшанскадағы зиратта жерленгендерге тағзым етуге келгендерді де сөзге тартып, осында келуінің мәнісін сұраған еді.

- Біз бұл арада өз отандастарымызды жатқанын білмейтінбіз. Бірақ, ол соғыста әрбір шаңырақтан құрбан болды десе де болады. Бұл күн - Жеңіс күні, біз, бұрынғы совет азаматтары, мақтанатын күн, - деді орыс азаматы.

- Ол соғыста менің әкем қаза тапты, Сталинград шайқасында. Бүгінгі күн біз үшін өте ерекше сәт, - деді әйел адам.

Олшанска зиратында өткен еске алу рәсімінде Чехияның өзінен, шет елдерден қонақтар көп болды. Солардың бірі - Чехиялық соғыс ардагерлері одағының жетекшісі подполковник Выбылка Азаттық радиосына:

- Мен соғыс кезінде совет партизандарымен бірге «Отан үшін» деген отрядта дұшпанға қарсы күрескенмін. Достарым көп еді, өкінішке қарай, олардың көбі дүниеден өтті. Мен мұнда қазақстандық батыр Мәжит Жүнісовтың жерленгенін де білемін, - деді.

Подполковник осы араға өзімен бірге келген немересі екеуі батырдың қабіріне гүл қойды. Зират маңайында бұл күні бес-алты қазақ азаматы да болды. Олар Азаттық радиосы және «Жас алаш» газетінен батыр Мәжит Жүнісовтың Прагада жерленгенін естігенін айтып жатты. Олардың бірі, Орталық Қазақстанда туып-өскен Тамара Жақияқызы:

- Менің анам Айша өзінің екі ағасы - Рақымжан ұлы Әбдеш және Қабдештің соғысқа кетіп, қайтып оралмағаны жайлы өзі қайтыс болғанша зарлана айтып өтті. Он жылдан бері осы Еуропада жүрген жерімде отандастар зиратынан соларды іздеп келемін. Бүгін ержүрек батыр Мәжит Жүнісовқа қоса бұл зираттан қазақтың Әжімов Жолдас, Нұржанов Байжан, Зайнұллин Талғат және бәлкім, Шарипов Құрбан деген тағы да басқа боздақтарының жатқан жерін көріп, олардың рухына арнап Азаттық радиосының қызметкерлері Құран оқығанда, шүкіршілік етіп, біздің осындай еркін өміріміз үшін жанын пида еткен ол марқұмдардың жатқан жері жәннатта болсын, артындағы туған-туысқандарын олардың әруағы қолдай берсін деп тіледім. Менің ол екі нағашым да Еуропаның бір жерінде екі төмпешік болып жатқан болар, олардың иманын салауат қылсын, - деді.

Прагада қаза тапқан батыр Мәжит Жүнісовтің інісі Оразғали қарт мамырдың 6-сы күні Азаттық радиосының Алматыдағы бюросымен телефон арқылы хабарласып, алыстағы Еуропа жерінде жатқан ағасының қабірін арнайы іздеп тауып, тағзым еткені үшін осы радионың Прагадағы бас кеңсесінде қызмет атқарып жүрген азаматтарға өз ризашылығын білдірді. Мәжит батырдың туған жері – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында тұрып жатқан Жүністовтер отбасы бұл туралы «Жас Алаш» газетінің мамырдың 5-күнгі санынан оқып-біліпті.
XS
SM
MD
LG