Accessibility links

Прага ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығын атап өтті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығына арналған шаралар Чехия астанасында үш күнге жалғасты. Прага радиосы үйі алдындағы көшеде, жазғы саябақ, стадиондарда 1945 жылғы Прага шайқасынан театрландырылған тарихи көріністер қойылды.

Мамырдың 9-ы, дүйсенбіде, Праганы фашистік басқыншылықтан азат ету кезінде қаза тауып, сол арада жерленген совет жауынгерлерінің зиратына Чехия президенті, үкіметі, парламенті және шет елдік дипломатиялық корпустары, сондай-ақ, өзге де бірқатар ұйымдар атынан гүлшамбарлар қойылды.

Қазақ елі атынан елші Шәріп Омаров бастаған қазақстандық ресми топ гүл қойды. Қазақстан гимні ойналған кезде тәуелсіз Қазақстанның көк туы желбіреп тұрды. Бұл күні Олшанска зиратына келген Орта Азиялықтар, қазақ, қырғыз студенттері Совет одағының батыры Мәжіт Жүнісовтың қабірі басында тұрып осында жатқан советтік жауынгерлерге арнап құран оқыды.

Бір ғана Олшанска зиратында Праганы фашизмнен азат ету кезінде қаза тапқан советтік Қызыл армияның 435 жауынгері жерленген. Олардың 372-сінің аты-жөні анық. Олардың арасында қазақстандық деуге әбден болатын Әжімов Жолдас, Нұржанов Байжан, Зайнуллин Талғат, сондай-ақ, Орта Азиялық деуге келетін қыршын кеткендердің ондаған қабірлері бар.

Олардың аты-жөні құлпытастарда ойып жазылған. Айта кететін бір маңызды нәрсе - қазақ боздақтарынан біз тапқандарының көбі 19, 20, 21 жаста қаза болған екен. Олар Жеңіс күні - 1945 жылдың 9-мамырында және одан кейінірек, маусым, шілде және тамыз айларында қаза тапқан.

Прагадағы Олшанска зиратына арнайы келген ресми топтың жетекшісі, Ресейлік генерал Павел Антонович Бородай Азаттық тілшісіне:

- Бүгін фашистік Германиямен соғыста жеңіске жеткен күн. Біз болмасақ нацистер бүкіл әлемді жайпап тастаған болар еді. Ал онда әлемдік өркениет жойылар еді, - деді.

Ал контр-адмирал А.П.Катушев 2-дүниежүзілік соғыс жөніндегі қазіргі әр алуын көзқарасқа орай:

- Біз орыс лейтенантының қабірінде болғанда бір чех азаматы Чехословакия жерінде 140 мың совет солдаты құрбан болса, АҚШ-тан 17 әскер мерт болды. Осы саннан-ақ кімнің жеңімпаз болғандығын байқаса болмай ма? Біз адамзатты өлімнен, фашистік індеттен алып қалдық. Фашистер балаға дейін аямай қырды, қала, қыстақ, ауылға дейін тас-талқан етіп қиратты, - деді.

Сондай-ақ, партия жетекшісі, Чехияның бұрынғы İшкі істер министрі, бұрынғы бас министрі Станислав Гросс Азаттық радиосына:

- Бұл жеңіс күні бізге түрлі әсірешілдік әрекеттерді доғарып, бейбітшілік, болашақ тыныш өмір жөнінде ойлану, толғану қажет екендігін ескертеді, - деді.

Мәскеулік генерал Виктор Дмитриевич Рябчук біздің Азаттық радиосының Қазақ бөлімінен екендігімізді білгеннен соң:

- Соғыс кезінде менің Көшекбаев деген қазақ досым болды. Онымен мен Киевті фашистерден азат еткенде бірге болдым. Сол Көшекбаевқа, ол компартияға өтер кезде, көрсеткен ерлігі үшін рекомендация-кепілдеме бердім. Жиі кездесіп жүріп, кейінірек одан көз жазып қалдым. Көшекбаев Киев майданында №811 арнайы барлау дивизиясында, топографиялық батареяда командир болатын. Днепр бойындағы шайқаста, Киев, Украина және Шығыс Еуропадағы бірқатар жерлерде дұшпанмен аянбай шайқасқанын білемін. Егер ол аман-есен болса Азаттық радиосы арқылы менен – генерал Рябчуктен, Киев дивизиясынан арнайы сәлем айтыңыз, - деді.

Бізге соғыс кезінде майданда шыққан әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы, қазақ батыры Рамазан Елебаевпен қатар шайқасқан сазгер Көшекбаев белгілі. Сол Көшекбаевтың туған бауыры Нәумет Көшекбаев та ол соғыста қатысып, көрсеткен ерлік іс-әрекеттері үшін кеудесін орден-медальдарға толтырған азамат.

Нәумет Көшекбаев соңғы жылдарға дейін бұрынғы Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарихтан дәріс берген. Доцент. Өткен соғыс кезінде генерал Рябчуктың қаруласы болған командир Көшекбаевты білетін азаматтар табылса, Азаттық радиосының тыңдаушыларынан жақын күндерде бірер дәйекті дерек-мәлімет алып қалармыз деген үміттеміз.
XS
SM
MD
LG