Accessibility links

Қазақстан халық банкі зейнетақы қорының активі бір миллард долларға жетті


Мамандардың берген бағасы бойынша, Қазақстан зейнетақы жүйесін реформалауда ТМД-да алдыңғы қатарда тұрған ел саналады. Мамырдың 10-ында Қазақстан халық банкі жинақтаушы зейнетақы қорының жетекшілері республикадағы зейнетақы қорлары арасында өздерінің алғашқы болып салым қаржы мөлшерін 1 миллиард долларға жеткізгенін хабарлады.

Қазақстанның Халық банкі мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қоры акционерлік қоғамы басқармасының төрайымы Кәмила Арыстанбекованың айтуынша, мамырдың 10-ына дейін қордың активтік салымы 133 миллиард теңгеге жетіп, инвестициялық табысының өзі 31 миллиард теңгені құраған.

- Пайызға шаққанда зейнетақы салымы 77,6 пайыз да, ал қордың инвестициялық табысы 23,7 пайызға жетті, - дейді К.Арыстанбеков ханым.

Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы қорларының мәліметтеріне қарағанда, активтік салымдар уақыт өткен сайын молая түсуде екен. Мысалы, «Ұлар-Үміт» қорының зейнетақы салымдары 93,6 миллиард теңгеге жетіпті.

Қор менеджері Сәбира Ғаббасованың айтуынша, республиканың миллионнан астам тұрғыны «Ұлар-Үміт» қорын таңдаған көрінеді. Ал, «Құрмет» зейнетақы қорының операторы Айман Рахманованың айтуынша, өткен жылы «Қазақстан» зейнетақы қоры мен «Құрмет» зейнетақы қоры біріккеннен кейін, жалпы активтік салым 35 миллиард теңгеге жетіп, салымшылары жарты миллионнан асқан.

Астаналықтардың бірқатары қай зейнетақы қорын таңдау құқығын қызмет орнындағы басшы мен есепші жасайтындықтарын, қорда қанша зейнетақы жинақталғанынан хабарсыз екендіктерін айтады. Кейбір азаматар өздерінің қай қорға мүше екендіктерін де білмейді.

Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Бас еңбек инспекторы Серік Бисақаев кей кәсіпорындар мен мекемелерде басшылар мен есеп қызметкерлерінің өздеріне оңай тиюі үшін бір ғана зейнетақы қорына қаржы аударуға мәжбүрлейтіндігін, мұның заңсыз екендігін айтады. Қазақстанның қаржы базарын бақылау жөніндегі агенттіктің сараптау бөлімінің бас маманы Галина Александрова бұрын ондай жағдай болғандығын жоққа шығармайды.

- Салымшылардың зейнетақы қорын таңдау еркі өздерінде. Қорда жинақталған қаржыны қор басшылығы сақтап қана қоймай оны құнды қағаз рыногіне немесе табысы жоғары компаниялардың жарғылық қорларына қоса алады, - дейді.

Мамырдың 10-ына дейінгі мәлімет бойынша республикадағы зейнетақы қорларында жинақталған қаржы көлемі 518 миллиард 500 миллион теңгеге жетті дейді Г.Александрова. Қазір Қазақстанда 14 зейнетақы қоры тұрақты жұмыс істейді. Елде салымшылар саны 7 миллион 180 мыңға жеткен.

Қазақстанның қаржы базарын бақылау жөніндегі агенттіктің сараптау бөлімінің бас маманы Галина Александрованың айтуынша, олардың 3 миллион 508 мыңы таңдау құқығын өзі жасаса, 2 миллион 993 мың азаматтың тағдырын өзі қызмет ететін кәсіпорындардың басшылығы зейнетақы қорымен бар жұмысшыға бірегей келісім-шарт жасасу арқылы шешкен көрінеді.
XS
SM
MD
LG