Accessibility links

Бұрынғы ұлттық әуе компаниясының қызметкерлері Назарбаевқа жүгінді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Осыдан бір жыл бұрын қызметі доғарылған “Эйр-Қазақстан” ұлттық әуе компаниясының жұмыссыз қалған қызметкерлері өз жағдайларын айтып, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады.

Мамырдың 11-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолданған ашық хатқа 350-ге жуық адам қол қойған. Ашық хат иелері өз мамандықтары бойынша жылға жуық уақыт жұмысқа орналаса алмай жүргендерін айтады. Олар жолданған хатқа қанағаттанарлық жауап болмаса, наразылық митингісіне шығуға бел байлап отырғанын ескерткен.

Хат иелері осыған дейін де бұл мәселені шешеді деген үмітпен Қазақстанның Көлік және коммуникация министрлігіне жазған хаттарына қанағаттанарлық жауап ала алмағандарын айтады. Ашық хатта президенттен әділдік, өздерінің проблемаларын шешуге жәрдем сұраған олар, «Астана әуежайындағы жаңа халықаралық жолаушылар терминалында жұмыс орнымызды сақтап қалуға Сіз көмек көрсетеді деп сенеміз» делінген.

“Эйр-Қазақстан” компаниясының бортта қызмет көрсету басқармасының бұрынғы диспетчері Людмила Шкуренко:

- Біз осы уақытқа дейін “Эйр Астана” компаниясына мамандығымыз бойынша жұмысқа шақырар деп сеніп келдік. Бірақ одан ешқандай көмек болмады, енді біз неге болса да дайынбыз, - дейді.

Осы мәселеге байланысты мамырдың 11-күні Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрілігіне хабарласқанымызда, аталған министрліктің баспасөз хатшысы Қайырбек Мұқашев «Азаттық» радиосына:

- Дағдарысқа ұшыраған “Эйр Қазақстан” компания жұмысшыларының атынан бұған дейін министрлікке хаттың келіп түскен-түспегіндігінен хабарсызбын. Бірінші рет сізден естіп отырмын. Министрлікке келген әрбір хатқа жауап қайтарылады. Мен бұл мәселені анықтап беремін, - деді.

Қайырбек Мұқашев мырза арада 15 минут өткенде бұл мәселеге қатысты төмендегідей жауабын жеткізді:

- Комитеттің төрағасы Алматбек Мәмбетовпен сөйлестім. Ол кісі мұндай жағдай болуы мүмкін емес деді. Кезінде “Эйр-Қазақстан” компаниясында жұмыс істеген адамдардың барлығы жұмысқа орналастырылған екен. Сол үшін де бірқатар жұмыстар атқарылған.

Бұған дейін, 2004 жылдың көкек айының 20-сы күні, жалпы қарызы 60 млн. долларды құраған “Эйр-Қазақстан” компаниясы дағдарысқа (банкрот) ұшыраған кәсіпорын деп танылып, Алматы қаласының арбитраждық сотының шешімімен жабылған болатын.
XS
SM
MD
LG