Accessibility links

СПИД-пен күресу жөнінде Орта Азиялық жоба басталды


Мамырдың 12-күні Алматыда СПИД-пен күресу жөнінде жаңа жоба іске қосылды. Орта Азияның төрт мемлекеті - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан қатысып отырған бұл жобаны жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк пен Ұлыбританияның халықаралық даму жөніндегі министрлігі 27 миллион АҚШ долларын бөлген.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Айқан Ақановтың айтуынша, Орта Азия аймағында ВИЧ вирусын жұқтырғандар саны соңғы жылдары күрт өсе түскен. Ресми деректер осы аймақта барлығы 12 мың адам ВИЧ вирусын жұқтырды десе, АҚШ-тың СПИД ауруын бақылау орталығы Орталық Азия елдерінде ВИЧ/СПИД індетіне шалдыққандар саны 90 мыңнан асады деген мәлімет беріп отыр.

Айқан Ақановтың айтуына қарағанда, Қазақстанда ВИЧ/СПИД індетіне ұшырағандар саны 5 мыңға жуықтаған. Бұлардың ішінде СПИД дертімен ауыратын 254 адам тіркеуде тұр. Алайда, кейбір сарапшы мамандар Қазақстанда ВИЧ/СПИД індетіне ұшырағандар саны ресми деректен әлденеше есе көп, шамамен 25 мыңдай адам болуы мүмкін дегенді айтады.

Алматы облыстық СПИД орталығының бас дәрігері Серік Жаңғабыловтың айтуынша, бұған дейін көбінесе ВИЧ ауруын жұқтырғандар ине қолданатын нашақорлар арасында кең таралып келсе, соңғы кезде бұл індет жыныстық жол арқылы кең тарала бастаған. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүріп жатқан мұндай жобалардың көмегі аз емес дейді ол.

Әсіресе, арнайы маман дәрігерлер дайындау, тәуекелді топтарға жататын адамдар, солардың ішінде сотталып түрмеде отырғандар, ине қолданатындар, жезөкшелер арасында насихат жұмыстарын жүргізуде қаржы тапшылықтары кездеседі. Сол қиындықтан шығуда осындай жобалар өз пайдасын беріп отыр дейді СПИД орталығының бас дәрігері Серік Жаңғабылов.

Бұл аймақтық жоба 2005 жылдың шілде айының 1-і мен 2010 жылдың желтоқсан айының 31-і аралығында жүзеге асырылмақшы.
XS
SM
MD
LG