Accessibility links

Өзбек президенті И.Кәрімов Әндіжандағы кешегі қақтығыста 30-дай адамның қаза болып, 100-дей кісінің жараланғанын мойындады


ҚАРАСУ. Кем дегенде 1 мыңға жуық өзбек босқыны шекарадан Қырғызстанға өтті. Онымен қарама-қатар Өзбекстанның қауіпсіздік күштері Әндіжанға толық бақылау орнатуға күш салып жатыр. Қырғызстандық шекара қызметінің өкілі Гүлмира Бөрібаеваның хабарлауынша, 500-ге жуық өзбек босқыны Қырғызстанның Нүкен ауданына өтіп үлгерген. Қырғыз шекарашылары оларды тоқтатып, қазір басқындарды Өзбекстан жеріне шығару мәселесі қарастырылу үстінде. Оған қоса 600-дей өзбек босқыны Қырғызстанның Созақ ауданына өткен. Босқындардың өзге тобы Әндіжаннан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Қарасу қаласынан қырғыз жағына өтпекші. Созақ билігінің хабарлауынша, босқындардың арасында бірнеше жаралы да бар көрінеді, оларға қазір дәрігерлік көмек көрсетілуде. И.Кәрімов кеше Әндіжанда болған қақтығыстарда ішкі істер министрлігінің өкілдерін қоса алғанда, бас-аяғы 30-дай адамның қаза болғанын және 100-ге жуық кісінің жараланғанын хабарлады. “Жауынгерлердің шеруге шыққан халыққа оқ атуына кім бұйрық берді?” –деген сауалға өзбек президенті: “Ешкім!” –деп жауап қатты. Куәгерлер мен дәрігерлер Әндіжанда одан әлдеқайда көп адамның, оның ішінде әйелдер мен балалардың қаза болғанын мәлімдейді. Куәгерлер мәйіттер лық толған жүк мәшинелерінің қаладан кетіп жатқанын хабарлайды. Шетелдік журналистерге Әндіжаннан кетуге бұйрық беріліп, бейтарап хабар алуға мүмкіндік болмай тұр.
XS
SM
MD
LG