Accessibility links

Қазақ ғалымдары жүрек дертіне дауа жаңа дәрі тапты

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстандық кардиология және ішкі ауруларды зерттейтін ғылыми институты мен Қазақстанның молекулярлық биология және биохимия ғылыми-зерттеу институтының мамандары бірлесіп, жүрек ауруларын емдейтін жаңа дәрі ойлап тапқан.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл жаңа дәрінің басты ерекшелігі - ол жүректің ауру бөлігіне тереңдей еніп, ауру ұлпаларды қайта қалпына келтіре алады. Ғалымдар жаңа дәріні Қазақстандық биотехнология мен нанотехнология саласының үздік жетістіктерінің бірі деп атауда. Жаңа дәрі әзірге сынақтан өтуде, ал жалпы қолданысқа, мамандардың айтуынша, енді 1 жарым жылдан соң түсуі мүмкін.

Дәрігер мамандардың айтуынша, бүгінде түрлі дерттен көз жұматын қазақстандықтардың тең жартысының өлімі жүрек-қан қысымы ауруынан болатын көрінеді. Тағы бір көрсеткіштерге қарағанда, Қазақстан халқының 7-8 пайызы жүрек-қан тамырлары дертімен ауырады екен.

27 жастағы Сара Қазақстандық кардиология және ішкі ауруларды зерттейтін ғылыми институттың клиникасына ай сайын келіп тұрады. Жүрегі ауыратын оған дәрігерлердің қойған диагнозы - миокард инфаркті.

- 3-4 жыл болды осында келіп қаралғаныма. Содан бері дәрігерлердің бақылауындамын. Қатты ауырғанда қатарынан 2-3 система мен 1-2 уколды бірден құйғызамын, - дейді Сара.

Кардиология институтындағы Сара тексеріліп жатқан жүректі қарайтын арнаулы аппаратқа түсу үшін кезекке тұрғандардың саны көп екен. Осы институт директорының орынбасары Жанкентхан Абылайұлының айтуынша, жүрек-қан қысымы ауруына шалдыққан науқастар саны жыл сайын көбейіп келеді екен.

- Қазір қайтыс болған қазақстандықтардың 51 пайыздан астамының өлімінің себебі жүрек-қан тамырлары аурулары.

- 1 миллионға жуық деген сан көріп отырмын, бұл ненің көрсеткіші?

- Бұл тексеріліп, тіркеуге тұрған науқастардың саны. Ал әлі тексерілмегендері, есепке тұрмағандары қаншама?

Жүрек ауруларын емдейтін дәрілер мен емдік препараттардың түрі қазір өте көп. Фармацевт-мамандар бұл дәрілер жүрек қызметін жақсартқанымен, екінші жағынан, олар адам ағзасының басқа мүшелеріне зиянын тигізетіндігін айтады. Дәрігер-ғалымдар жүрек дертін емдейтін дәрілердің адамға мүмкіндігінше аз зиян келтіретін жолын күні бүгінге дейін іздестіріп келеді. Медицина ғылымының докторы Жанкентхан Абылайұлы қазақстандық ғалымдар осы үдеден шығатын жаңа дәрілік препарат ойлап тапқандарын айтады.

- Бұрыннан белгілі дәрілердің белсенді заттарын біз 0,4-0,6 микрон қауашаққа салдық. Ол теріге енген соң, тиісті жерге барып лимфа арқылы сіңіп кетеді.

Май түріндегі бұл дәрі миокард инфарктісімен және стенокардиямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған. Май құрамындағы, ішіне дәрілер салынған көзге көрінбейтін қауызшалар тек жүректің ауру ұлпаларына кезіккенде ғана ашылып, оларды емдей бастайды екен. Осы дәріні жасап шығарушылардың бірі, кардиология институтының аға ғылыми қызметкері Алма Маншарипованың айтуынша, әдетте қолданылатын дәрілер инфарктан кейінгі емдеу кезінде жүректің ауру ұлпаларына жете алмайтындықтан, жақсы әсер бермейтін көрінеді.

- Жүректің ауру ұлпаларын емдемесе олар өліп қалады. Жүрек бұлшықеті ұлпаларының адам ағзасындағы өзге ұлпалардан айырмашылығы – олар қайтадан қалпына келмейді. Өлген ұлпалардың орны беріш болып қалады да, содан жүректің жұмысы бұзылады. Ал жаңа дәрі бірден осы ауру ұлпаларға жетіп, оларды емдеу арқылы қайта қалпына келтіре алады.

Дәріні алдын-ала тексеру тәжірибесі жануарларға жүргізілген екен. Бұл мақсатқа жүрегі адам жүрегіне өте ұқсас көртышқандар таңдап алыныпты. Кардиолог-ғалым Алма Маншарипованың айтуынша, миокард инфарктімен ауырған көртышқандарға жасалған тәжірибе сәтті шыққан.

- Біз дәрі бере бастағаннан 3 күн өткен соң, ауру тышқандардың жағдайы күрт жақсара бастады. Дегенмен, дәрінің жақсы әсері оны жаққан соң бірнеше минут өткен соң бірден сезіле бастайды. Және ол емдік қасиетін бір тәулік бойы жоғалтпайды.

Ғалымдар жаңа дәрінің химиялық құрамы адам ағзасына зиянсыз екендігін айтуда. Дәріні ауру нүктеге жеткізуші құрал ретінде пайдаланылатын шикізат жөнінде профессор Жанкентхан Абылайұлы былай дейді:

- Біз басында қауашақ жасау үшін ара балын пайдаланып көрдік. Одан кейін бидайдың сыртқы қауызынан алынатын, фосфолипидтерден жасадық. Бұл екеуі де адам күнделікті тұтынатын азық қатарына жататындықтан, оның адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.

Жаңа дәріге қазір еуропалық және қазақстандық патент берілген. Ғалымдар алдағы уақытта осындай тәсілмен қант диабетін, қан қысымын және түрлі ісік ауруларын емдейтін жаңа дәрі түрлері жасап шығарылуы мүмкін дейді.
XS
SM
MD
LG