Accessibility links

Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында жұмаға қараған түннен қауіпсіздік күштерімен басталған қанды қақтығыстардан бір күн өткеннен кейін өзге бірқатар қалаларда ереуілдер жалғасты.

Жұма күні наразылық акциясындағыларға қаратып оқ атылғанда қанша адамның опат болғаны әлі анық емес. Үкіметтің ресми ақпараты алғашқы қақтығыстарда 9-10 адам опат болған десе, басқа хабарларда өлген адамдар саны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін екендігі айтылады. Ал бұл аралықта бір мыңдай ереуілшінің Қырғызстанмен шекаралас Қарасу қаласында наразылық акциясына шыққандығы жөнінде хабарлар түсті.

Әндіжанда оққа ұшып өлгендер мен жараланғандар арасында ереуілшілердің туған-туыстары да болған. Олар қауіпсіздік күштерінің балалар мен әйелдерге қарсы қару жұмсағандарына қатты ашуланғандықтарын айтады. Оқиғалар өріс алған кезде сол Әндіжан қаласында болған Азаттық радиосының тілшісі Садриддин Аширов адамдардың опат болған жақындарының денелерін іздеп жүргендерін көргенін айтады.

- Қазір мен аймақтық әкімият жанында жақын жерде келе жатырмын. мұнда жиналған адам өте көп деуге болады. Олар өз наразылықтарын білдіріп, ашулы екендерін айқын көрсетіп, кешегі оқиғалар кезінде бейбіт шеруге шыққандарға, оның ішінде әйелдер мен балаларға қарсы оқ жаудырылғаны жөнінде айтуда. Олар үкіметтік күштер ешкімді аяған жоқ дейді. Шерудегілер өлген адамдардың денелерін Бабыр ақынның ескерткіші жанына шүберекке орап әкеліп қойып жатты, - дейді Әндіжан оқиғасының куәгері болған біздің тілшіміз.

Сонымен, Өзбекстанның қауіпсіздік күштерінің қоршауында қалған ереуілшілердің ішінде қанша адамның өмірі қиылғаны әзірге белгісіз. Әндіжандағы қақтығыстар жұмаға қараған түні, таңға жуық бір топ қарулы адамдардың түрмеге шабуыл жасап, онда экстремистік топқа қатысы бар деген айыппен ұсталып отырғандарды босатып жіберген кезде басталған болатын.

Одан кейін шерудегі ереуілшілер аймақтық әкімиятты басып алып, исламдық топқа мүше болды деген айыппен абақтыға қамалған адамдарың бәрін босату жөнінде талап қойған еді. Босатылуы керек деп талап етілгендердің ішінде "Акрамия" ұйымының негізін қалаушы, соңғы төрт жылдан бері түрмеде отырған Акрамия Юлдашев те бар болған. Шабуылдар басталған алғашқы сәттерде қаза тапқан барлық адам саны кемінде 9-10 деп хабарланған еді.

Бірақ кейін, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың орнынан кетуін, тұрмыстың жақсаруын, кедейліктің жойылуын талап етіп жиналып тұрған ереуілшілерге қарсы үкіметтік күштер қару қолданып, оқ жаудырғанда бірқатар адамның өмірі қиылған көрінеді. Франс-пресс жаңалықтар агенттігіне сұхбат берген жергілікті аурухана дәрігері бұл күні таңертеңгісін өлгендер саны 50-ге жетті дегенді айтқан. Ал бұл аймақтан түсіп жатқан кейбір хабарларда өлген адамдардың мүрделері оқиға орнында әлі де жатқандығы айтылады.

Бірақ қазіргі жағдайдың егжей-тегжейі онша анық емес, журналистер, түрлі агенттіктер тілшілері Әндіжанға баруға, қаланың ішіне кіруге әрекет етіп жатыр. Сенбі күні кем дегенде мыңға жуық өзбек босқыны шекарадан Қырғызстанға өтті. Онымен қатар Өзбекстанның қауіпсіздік күштері Әндіжанға толық бақылау орнатуға күш салып жатыр.

Қырғызстандық шекара қызметінің өкілі Гүлмира Бөрібаеваның хабарлауынша, 500-ге жуық өзбек босқыны Қырғызстанның Нүкен ауданына өтіп үлгерген. Қырғыз шекарашылары оларды тоқтатып, қазір басқындарды Өзбекстан жеріне шығару мәселесі қарастырылу үстінде. Оған қоса 600-дей өзбек босқыны Қырғызстанның Созақ ауданына өткен.

Босқындардың өзге тобы Әндіжаннан 30 шақырым қашықтықтағы Қарасу қаласынан қырғыз жағына өтпекші. Созақ билігінің хабарлауынша, босқындардың арасында бірнеше жаралы да бар көрінеді, оларға қазір дәрігерлік көмек көрсетілуде.

Сенбі күні президент И.Кәрімов Әндіжанда болған қақтығыстарда ішкі істер министрлігінің өкілдерін қоса алғанда, бас-аяғы 30-дай адамның қаза болғанын және 100-ге жуық кісінің жараланғанын айтты. “Жауынгерлердің шеруге шыққан халыққа оқ атуына кім бұйрық берді?” деген сауалға өзбек президенті: “Ешкім!” деп жауап берген.

Куәгерлер мен дәрігерлер Әндіжанда одан әлдеқайда көп адамның, оның ішінде әйелдер мен балалардың қаза болғанын мәлімдейді. Куәгерлер мәйіттер лық толған жүк мәшинелерінің қаладан кетіп жатқанын хабарлайды. Шетелдік журналистерге Әндіжаннан кетуге бұйрық беріліп, бейтарап хабар алуға мүмкіндік болмай тұр. Ал бұл аралықта Өзбекстанның көршілес елдері жұма, сенбінің оқиғаларына алаңдаушылық танытып жатқаны белгілі. Олардың көбінің шекараларын жауып алғаны жөнінде бұдан бұрын айтылған болатын.

Ал өткен түні Ақ үйдің баспасөз-хатшысы Скот Мак Клеллан Вашингтонның Өзбекстандағы қалыптасып отырған жағдайға алаңдаушылық танытып отырғанын айтып, тараптардың қай-қайсысы да байыптылыққа шақырылғанын мәлімдеген болатын. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса жұма күні бұл дау-жанжал оқиғалары Өзбекстанның ішкі мәселесі дегенді айтты:

- Ең алдымен бұл - Өзбекстанның өз ішкі мәселесі. Біз қазір бұл елден түсіп жатқан барлық ақпараттарды мұқият қадағалап отырмыз. Соңғы деректерге қарағанда, ел ішіндегі жағдай қалыпқа түсіп келеді.

Жұма күні Европа одағы И.Кәрімов үкіметінің іс-қимылдарын айыптаған болатын. Дегенмен де, Европадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы әзірге Өзбекстандағы жағдайға қатысты ешқандай түсінік бере қоймаған, ОБСЕ ұйымының Венадағы өкілі Азаттық радиосына жұма күні өздерінің Ташкенттегі кеңсесі оқиғаның барысын қадағалап отырғандығын айтты.
XS
SM
MD
LG