Accessibility links

Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы толқуларда қаза болғандар кеше жерленді


ФЕРҒАНА. Жұма күні Өзбекстан әскерлері наразылық танытушыларға оқ атқан болатын. Құрбан болғандардың нақты саны әлі белгісіз. Болжамдарға қарағанда, 30-дан 500-ге дейін адам опат болған. Хабарланғанындай, Өзбекстан әскерлері Әндіжан көшелерін күзетуде. Қырғызстанмен шекаралас Қарасу қалашығында екі елді қосып тұратын көпірлер қайта орнатылған. Аталған көпірлер бұдан екі жыл бұрын үкімет тарабынан бұзып тасталған болатын. БҰҰ-ның босқындар мәселелері жөніндегі агенттігі кеше Қырғызстанның Сузақ жеріне барған. Агенттіктің хабарлауынша, Әндіжаннан қашып кеткен 560 өзбектің көбі ер адамдар, олардың 18-і – жарақат алғандар екен. Өзбекстаннан кеткен мына бір босқын әйел халықаралық қауымдастықтан жәрдем сұрайды.

- Біз әке-шешемізді, барлық нәрселерімізді тастап кеттік. Бізге жәрдем беруіңізді сұраймыз. Әлем елдерін Әндіжан халқына жәрдем беруге шақырамыз. Біз азаттықты қалаймыз, - дейді босқын әйел.

Европадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы Өзбекстанда зұлымдықты тоқтатуға және адам хұқықтарын сыйлауға шақырды. Сондай-ақ, Британия Сыртқы істер министрі Джэк Строу наразылық білдірушілерге қарсы қару қолдануды айыптап, елде демократиялық реформаларды жүзеге асыруға шақырды. Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Өзбекстандағы толқулар алдын ала ұйымдастырылған, оның артында экстремистер болған деп мәлімдеді. Өзбекстан президенті Ислам Каримов Әндіжандағы оқиғаны “қарулы көтеріліс” деп сипаттап, оның артында исламшыл “Хизб ут-Тахрир” тобы болды деп айыптады. Ал, “Хизб ут-Тахрир” Әндіжандағы көтеріліске қатысымыз жоқ деп отыр.

AzattyqTV

Атыраудағы Наурыз

"Киіз үйге кіргізбеді"

XS
SM
MD
LG