Accessibility links

Ауғанстанда Құранға қатысты наразылықтар жалғасып жатыр


АҚШ-тың кейбір тергеушілері Гуантанамо түрмесінде қасиетті Құранды қорлады деген хабарға орай Ауғанстанда қақтығыстар басылмай тұр. Наразы халық АҚШ-қа қарсы шерулерге шығып, соның барысында кем дегенде 10 адам қаза болған.

Ауғанстандағы 300-дей Ислам қайраткерлері Бадахшан қаласының орталығы Файзабадта, жексенбі күні біріккен мәлімдеме жариялады. Онда олар АҚШ-тың Гуантанамо Бей түрмесіндегі кейбір тергеушілер қасиетті Құранды қорлады деген хабарға орай, ол айыптылар үш күн ішінде анықталып, бір Ислам еліне тапсырылмаса, онда өздерінің АҚШ-қа қарсы Жихадты, яғни қасиетті соғысты бастайтындықтарын айтқан. Өткен аптада Ауғанстанда теке-тірестер өсе түскен болатын. Полициямен қақтығыс барысында кем дегенде 10 адам қаза болған. Ауған елбасы Хамид Қарзай бұл әрекеттерді АҚШ-қа қарсы күштер ұйымдастырып отыр деді.

- Ауғанстанның жаулары - әлі белсенді. Біздің еліміздің дұшпандары бұл әрекеттер сыртында тұр. Олар Ауғанстанның халықаралық қауымдастықпен стратегиялық байланыста болғандығын қаламайды, - деді Қарзай мырза.

Әсіресе, Құрама Штаттарымен байланысқа, бейбіт үдеріске қарсы деді ол. АҚШ-тың жақын одақтасы Қарзай мырза, сонымен бірге, Құранды қорлаған айыпкер анықталған жағдайда оның лайықты жазаға тартылуын Құрама Штаттарынан талап ететіндіктерін айтты.

Сондай-ақ АҚШ-тың бұл елдегі әскери әрекеттері де халықтың ызасын тудырып отыр деді ол. Ауғанстандағы коалициялық күштердің 18 мың солдатының көпшілігі - американдықтар. Олар Талибан және әл-Қайда жақтастарына қарсы шайқастарды жүргізуде. Оның барысында АҚШ әскерилері жаңсақтық жіберіп, соның кесірінен қарапайым азаматтар қаза болды деді елбасы Қарзай.

Сондай-ақ, елдегі АҚШ күштері бақылауында қамауда жатқан барлық тұтқындарды ресми Қабылға тапсыруды өз өкіметінің талап ететіндігін де ол айтып өтті.

Қасиетті Құранды АҚШ-тың кейбір тергеушілері қорлады деген хабар алғаш рет 9-шы мамырда Құрама Штаттарының “Нюсуик” журналында жарық көрген еді. Журналдың жазуынша, Гуантанамо Бей түрмесіндегі тергеушілер күдікке ілініп қамалған түрмедегі тұтқындарды қорқыту және шамдандыру үшін қасиетті Құранды түрменің дәретханаларына қойып, тіпті, бір жолы оны дәретхана суымен ағызып жіберген.

Бұл хабар әлем мұсылмандары тарапынан қатты наразылық туғызып, бірнеше елдерде АҚШ-қа қарсы шерулер басталған болатын. Дей тұрғанмен, нағыз пәрменді қарсылық шаралары Ауғанстанда орын алған еді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолеза Райс ханым бейсенбі күні сөйлеген сөзінде Құранды қорлау туралы хабардың зерттелу үстінде екендігін, ал Американың әлемдегі барлық діндерді құрметтейтіндігін айтты.
XS
SM
MD
LG