Accessibility links

Қазақстанда «Жастар Card» қолданысқа енгізілмек

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстан Жастары Конгресі жастарды қолдау, олардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешуге көмек ету мақсатында алғаш рет Қазақстандық «Валют-Транзит-Банкпен» бірлесіп «Жастар Саrd» картасын ұсынғалы отыр. Банкомат карточкасы секілді бұл карта 16-29 жас аралығындағы жастарға арналған.

Қазақстан Жастары Конгресі төрағасының орынбасары Ерлан Аукеновтың айтуынша «Жастар Саrd» тек банкомат картасы ғана емес, бұл картаны пайдаланушылар ол арқылы банктің ақылы түрлі операцияларын жүзеге асыра алады және карта иесінің негізгі құжаты есебінде қолданылады. Бұл картаның иелері Қазақстан жастар конгресінің мүшесі болып табылады, егерде бұған дейін ол жас конгреске мүше емес болса онда картаны сатып алған сәттен ол конгрес мүшесі деп есептеледі дейді Е.Аукенов.

«Жастар Саrd»-тың бағасы - 400 теңге. Қазақстан жастары парламентінің төрағасы Макен Бақтиярдың айтуынша, бұл картаның мақсаты - жастарды қолдау, олардың әлеуметтік проблемаларын шешуге көмектесу, коммерциялық ұйымдардың жастар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу болмақ.

Ал «Валют-Транзит Банк»-тің Алматы қалалық бөлімшесінің директоры Руслан Сақиповтың айтуынша, жастар картын банк тегін істеп береді. Сондай-ақ, карт иегерлеріне банк өзінде тегін есеп-шот ашып береді және банк операциялары олар үшін жеңіл бағамен жүргізіледі, сондай-ақ, осы карттың иесі студент болса оны банк өзіне штаттан тыс қызметкер есебінде жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады.

Қазақстан жастары конгресінің төрағасының орынбасары Ерлан Аукеновтың айтуынша, «Валют-Транзит Банк»-пен бірлесіп алғаш рет жүзеге асырылып отырған бұл жоба аясында «Жастар Саrd»-тың алғашқы 1000 данасы мамырдың 21-і күні Алматыда жастар арасында өтетін үстел теннисінің жарысы кезінде таратылмақшы.

Бүгінгі күні тек Алматының жоғарғы оқу орындарында 200 мыңнан астам студент оқып жатыр. Болашақта «Жастар Саrd» тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД елдерінде де қолданысқа енуі мүмкін дейді осы жобаны жүзеге асырып отырғандар.
XS
SM
MD
LG