Accessibility links

Еуропарламент өкілі Қазақстанды демократиялық қадамдар жасауға үндеді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Еуропарламент депутаты Джон Пеннев Қазақстан парламенті депутаттарымен кездесуде «Қырғызстан мен Өзбекстандағы тұрақсыздықты қалпына келтіруге Қазақстан маңызды рөл атқаруы тиіс» деп мәлімдеді.

- Ол үшін Қазақстан алдымен ішкі саясатына мән беруі керек, біз тараптан Қазақстанға бірнеше ұсыныстар бар: Қазақстан алдағы сайлауда өткен жылғы парламент сайлауындағы заңсыздықтарды қайталамауы тиіс, сонымен қатар парламент қабылдағалы жатқан «Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын» халықаралық талаптарға сай келеді деп есептемейміз, - деді Еуропарламент өкілі Джон Пеннев.

Еуропарламенттің Орталық Азия және Монғолия елдерімен байланыс тобының өкілдері Қазақстанға ресми сапармен келді. Олар Қазақстан парламенті депутаттарымен кездесіп, Өзбекстанда орын алған жағдайға байланысты өздерінің пікірлерін білдірді.

Еуропарламент өкілдерін бастап келген Она Юкнвичене ханым Өзбекстандағы оқиғаға алаңдаушылықтарын білдіретін жеткізді. Ал Еуропарламенттің депутаты Джон Пеннев Қырғызстан мен Өзбекстандағы тұрақсыздық Қазақстанда қайталанбауы үшін, билік демократиялық қадамдарға баруы керек, - деген пікірін білдірді.

Ол сөзінде Қазақстан алдағы сайлауларында өткен жылғы Парламент сайлауындағы заңсыздықтарға жол бермеу керек деді. Джон Пеннев сонымен бірге Парламент қабылдайын деп жатқан «Үкіметтік емес ұйымдар» мен «Ұлттық қауіпсізідк қамтамасыз етуге байланысты кейбір заң актілеріне өзгерістер енгізу жөніндегі» заң жобаларын да сынға алды. Оның ойынша, заң жобаларындағы кейбір баптар, адам құқығын шектейді, демократияның дамуын тежейді.

«Әділетті Қазақстан үшін!» деп аталатын қозғалыстың мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлы өткен жексенбіде Еуропарламенттің өкілдерімен кездескенін жеткізді. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, еуропарламенттің өкілдері соңғы бір-екі айдың ішінде Қазақстандағы жағдайдың төмендеп кеткенін мойындап отыр.

Алтынбек Сәрсенбайұлы көрші Өзбекстанда орын алып жатқан оқиғаны ұлттың трагедиясы деп есептейді. Ол бейбіт тұрғындардың өліміне ертеңгі күні сол елдің Президенті Ислам Каримов жауапты болады дейді. Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, Өзбекстандағы жағдай Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды.

Ал саясаттанушы Ақылбек Избаиров деректер бойынша, Өзбекстан түрмелерінің барлығы діни ұйымдарға айналып кеткендігін айтады. Бұл жағдай Орталық Азияға қауіп тудырып отыр дейді Ақылбек Избаиров.

Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов болса, Өзбекстандағы оқиға халықтық көтеріліске әкеліп, президент Ислам Каримовты тақтан кетіреді дейді.

Алайда Ерасыл Әбілқасымов ТМД елдерінде болып жатқан түрлі-түсті төңкерістің ізін ала Өзбекстанда болып жатқан бұл оқиғаның артында батыс тұр деген ойын жоққа шығармайды. Ал Мәжіліс депутаты Болат Әбішов керісінше, Өзбекстандағы жағдайдың артында батыстың қолы тұр дегенмен келіспейді.
XS
SM
MD
LG