Accessibility links

Өзбекстандағы оқиғаларға әлемде көзқарастар санқилы болып отыр


Өзбек елбасы Ислам Каримов Әндіжандағы оқиғалар үшін Хизб ут-Тахрир ұйымын айыптаған болатын. Ташкенттің жақын одақтасы Ресей де осы ұстанымды бөліседі. Ал, Батыс елдері басқаша көзқараста отыр.

Бастапқы кезде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жұмадағы оқиғаларды “Өзбекстанның ішкі мәселелері” деп бағалаған еді. Алайда, дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде ол:

- Әндіжандағы оқиғалар Исламшыл экстремистер тарапынан жоспарланған әрекеттер, - деді.

Тіпті, Венаға сапары барысында Лавров мырза “Ауғанстаннан қуылған Талибан өкілдері Өзбекстандағы өкіметті құлату үшін өзбек шерушілерін дайындауға қатысқан” деген ақпарат айтты.

Мәскеуде орналасқан Саяси Технология орталығы директорының орынбасары Алексей Макаркиннің айтуынша, Каримов барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз билігін сақтап қалғысы келеді.

- Ал, Ресей болса бұрынғы советтік республикада өз ықпалын қайта жүргізуге мүдделі. Сондай-ақ, ресми Мәскеу Қырғызстан оқиғасының мұнда қайталануын қаламайды. Оған жол бермейді деп, Каримовке сенеді. Каримов Ресейге қарай ұмтылуда. Ал Ресей болса Каримовтен реформалар, ырықтандыру, демократияландыру үдерістерін жүзеге асыр деп сұрауды да ойламауда. Себебі, Өзбекстан дәл қазіргі сықпытымен Ресейді қанағаттандырады, - деді Макаркин мырза.

Көршілес Қырғыз елінің басшысы Құрманбек Бакиев те сенбі күнгі сөзінде Әндіжан оқиғаларына Исламшыл жауынгерлер жауапты деді. Бұл оқиғаларға қатысты деген айыптауды Хизб ут-Тахрир ұйымы жоққа шығарып отыр.

Түркия Сыртқы істер министрлігі де Өзбекстанда тұрақтылықтың орнауын қалайтындықтарын айтты. Өзбек өкіметінің наразы топтар және қарапайым азаматтармен байсалды, қалыпты түрде мәселені шешуге шақырды. Ал, Батыстың пікірі айқын болмай тұр.

“Уолл Стрит Жорнал” басылымы дүйсенбі күні Ақ үй өкілі Скот МакКлелланның пікірін келтірген болатын. Онда Ақ үй өкілі АҚШ елі “Өзбекстандағы күш қолдануларға, оның ішінде түрмеден босатылған лаңкестік ұйымдар мүшелерінің әрекеттеріне байланысты алаңдаушылық білдіреді” деді. АҚШ Мемлекеттік департаменті болса, жұма күні түрмелерден Өзбекстандағы Исламдық қозғалыстың мүшелері босатылған болуы керек деп алаңдаушылық білдірді. Кезінде Америка тарапынан бұл ұйымның лаңкестік топтар тізіміне енгізілгені белгілі.

Ал, Британия Сыртқы істер министрі Жак Строу жексенбі күні сөйлеген сөзінде Өзбекстандағы жағдайды өте күрделі деп сипаттады. Өзбек өкіметі тарапынан адам хұқықтары аяққа тапталып отырғаны айқын, сондай-ақ елде демократиялық даму нашар және елде сыртқы әлемге ашықтық шамалы деді ол.

Германия Сыртқы істер министрі Йошка Фишер болса Өзбек өкіметінен Қызыл крес және басқа да халықаралық көмек ұйымдарын аймаққа жіберуді талап етті. Франция Сыртқы істер министрі Мишел Барни өз кезегінде Өзбек билігін шерушілермен арада саяси келіссөздерді бастауға шақырды.

Халықаралық Дағдарыс тобының сарапшысы Девид Левистің пікірінше, тек қана Британия өкіметі шын мәніндегі қатаң мәлімдеме жасады. Американдықтар болса, аса көп ешнәрсе айта қойған жоқ деді сарапшы. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы болса екі жақты да күш қолданудан бас тартуға шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG