Accessibility links

Болат Әбілов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады


Қазақстандағы «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов сейсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдеріне, билік тарапынан өзіне түрлі қысым жасалып, құқының аяқ асты болып отырғанын баяндап, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жолдағанын мәлімдеді.

Бұл хатта Болат Әбілов соңғы кезде Қазақстанның қаржы полициясы, кеден қызметі тараптарынан өзіне және достарына, әріптестеріне қарсы түрлі тексерулер тоқтаусыз жүріп жатқанын, қысымдардың күшейгендігін жеткізген. Сондай-ақ, Әбілов соңғы күндері өзінің банктегі есеп-шоттарының заңсыз тұтқындалғанын, сол арқылы конституциялық құқықтарының өрескел бұзылып отырғанын айтқан.

Президентке жолдаған хатында Б.Әбілов өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының алғашқы жартысында, Қазақстанда жүргізілген жекешелендіру кезеңінде, 162 қордың құрылғанын, ал сол қорлардың ішінен «Бутя-Капитал» қоры өзінің акционерлері алдындағы міндеттемесін орындап, 500 мыңға жуық салымшыға 1,2 миллиард теңге төлегенін жазыпты.

Б.Әбілов президент Н.Назарбаевқа алдағы президент сайлауын демократиялық нормаларға сай әділ әрі еркін өткізсеңіз деген өтінішін білдіріпті. Б.Әбілов бұл сайлауды әділ өткізуді өтіне келе, тағы бір ұсынысын айтыпты. Ол президент Н.Назарбаевқа Ресейдің алғашқы президенті Б.Ельциннен үлгі алып, осы жолғы сайлауға қатыспай, Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде қала берсеңіз - халық бұны ерекше бағалар еді дегенді айтыпты.

Сөзінің соңында Б.Әбілов өз көзқарасы мен сенімінен ешуақытта бас тартпайтындығын, алға қойған мақсаты үшін күресті тоқтатпай жүргізетіндігін жазыпты. Әйткенмен де, Б.Әбіловтің өзі президентке жазған осы хатына ешбір жауап болмайды деген болжам да айтады.

- Өйткені, президенттің мағайындағылар оған бұл хатты бәрібір жеткізбейді, яғни, Әбілов тағы да сізді жамандап жатыр деген мағынада ақпарат береді, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG