Accessibility links

Баспасөзге шолу. 17 мамыр 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Өзбекстандағы оқиғалар сейсенбілік газеттердің баса назар аударған негізгі тақырыбына айналып отыр. Басылымдар Өзбекстанның шығыс бөлігіндегі Әндіжанды үкіметтік күштер өз бақылауына алғанымен, ендігі уақытта Қырғызстанмен шекаралас жатқан Қарасуда толқу басталғаны туралы жазады.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Шадияр Естемірұлының мақаласында Өзбекстандағы жағдайдың басылмай, әлі де ушығып тұрғаны баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, Өзбекстанның шығыс бөлігіндегі Әндіжанды үкіметтік күштік құрылымдар өз бақылауына алғанымен, ендігі уақытта Қырғызстанмен шекаралас жатқан Қарасуда толқу басталған.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Әндіжаннан 30 шақырым жерде орналасқан Пахтабад қаласында да шерушілер мен үкімет әскері арасында қақтығыс болып, 200-дей адам қаза тапқан. Мақалада сондай-ақ, ресми Ташкенттің “Әндіжандағы бейбіт шерушілерге қарай оқ атпадық” деп мәлімдегенімен, Батыстың ақпарат көздерінің бұған қарама-қайшы мәлімет таратып отырғандығы айтылыпты.

Мысалы, Францияның “Ле Монд” газеті куәгерлердің “бізді аң атқандай аяусыз оқ жаудырды”, “бейбіт адамдарды да қырып салды” деген сөздерін жариялапты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, төрт жүк машинасы мен автобустар Әндіжан орталығында тау болып үйілген өлі денелерді қаланың сыртына тасыған көрінеді.

Сондай-ақ, мақалада Ұлыбританияның өзбек әскерінің шерушілерге қарсы оқ атқанын айыптап, мәлімдеме жасағандығы, “Human Rights Watch” үкіметтік емес ұйымының да “терроризмге қарсы күрес деген желеумен бейбіт шерушілерге оқ атты” деп Ташкентке айып таққандығы да айтылыпты.

“Айқын” газетінде жарық көрген Сейсен Әмірбекұлының мақаласында Өзбекстанда белең алған оқиғаны әлем елдерінің әртүрлі қабылдап жатқандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, АҚШ пен Еуроодақ өкілдері жағдайды одан әрі ушықтырмауға, мейілінше билік орындарын сабыр сақтауға, артық қан төкпеуге шақырған өтініштер жасаған.

Ал, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров “Мұны жасаған сыртқы күш, соның ішінде ауған тәліптері. Олардың мақсаты – аймақтағы тұрақтылықты бұза отырып, бүкіл Өзбекстандағы билікті өз қолдарына алу” деп мәлімдегені жазылыпты. “Айқын” басылымы, сондай-ақ, қаза тапқандар санының 700-ге жеткендігі туралы деректің бар екендігін де хабарлапты.

“Экспресс К” басылымы болса Ресейдің “Новости” ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып, Әндіжандағы оқиғадан кейін, ол мемлекеттен қашқан босқындардың Қырғызстанға қарай ағылғандығына тоқталыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, 14 мамыр күні 500-дей адам қырғыз аймағындағы Жалал-Абад ауданындағы шекара бекетінен өтіп кеткен. Ал, “Интерфакс” агенттігінің ақпарттарына сүйенсек, қазір бұл ауданға 537 өзбек босқыны қашып келген. Олардың ішінде әйелдер мен балалар да бар.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Литер” басылымында үш мақала жарық көріпті. Осы газетте жарық көрген Равиль Усмановтың сараптама мақаласында ресми Кремльдің - Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың көтерілісшілерді күш қолдану арқылы басқандығын қуаттап отырғандығы айтылыпты.

Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, Ресейге Әндіжандағы оқиғаны діни экстремистер ұйымдастырды деп айыптау арқылы, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовке қолдау таныту өте тиімді саясат. Ал, “Литер” басылымында жарық көрген Екатерина Торопованың мақаласында 14 мамыр күні Бішкек қаласында Өзбекстандағы оқиғаға наразылық білдірген жастардың бейбіт шеруінің болып өткендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, Бішкектің жастары “әндіжандықтар, біз сіздермен біргеміз” деген ұран алып шығып, Өзбекстан елшілігінің алдына гүл шоқтарын қойған. Мақалада сондай-ақ Өзбекстанның ресми билігінің Әндіжандағы оқиғаға байланысты Қырғызстанды айыптап отырғандығы да айтылыпты.

“Жас қазақ үні” басылымында жарық көрген мақалада қазіргі уақытта Әндіжанды қарулы күштер қоршауға алынғандығы баяндалыпты.

“Алматы ақшамы” басылымының хабарлауынша, Әндіжандағы қанды оқиғаның орын алуына қалалық соттың “Әкрамия” тобының 20 мүшесін әртүрлі мерзімге соттауы себеп болған.

“Известия” басылымында Өзбекстан босқындарына “Қызыл крест” қоғамының және Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік Ұйымы өкілдерінің қол ұшын созып, көмек білдіруге ниет етіп жатқандығы баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG