Accessibility links

Қазақстандық «Эпоха» газеті елдің ішкі істер министрінің премьер-министрге жазған хатында «түрлі-түсті төңкеріске» жол бермеу мақсатында елде митингтер, толқулар бола қалса, оларды басу үшін нақты шаралар қолдануды ұсынғаны туралы ақпарат таратты.

Қазақстанда орыс тілінде шығатын «Эпоха» апталық басылымының интернеттегі парақшасында, республиканың ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың премьер-министр Даниал Ахметовке жолдаған ресми хаты деген мәтін жарияланды. Оның мазмұны Украинадағы президенттік сайлау кезіндегідей жағдайды Қазақстанда болдырмау, алдын-алу мақсатын көздейді.

Ішкі істер министріне танылып отырған осы хатта елде митингтер, толқулар бола қалған күнде оларды басу мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асыруды, мысалы, ішкі істер жасақтарын қару-жарақпен, су атқышпен қаруландыру, жастардан тұратын жасақтар құрып, оларды митингі жасаушыларға қарсы пайдалану және тағы басқа шаралар қолдану жөнінде ұсыныстар баяндалған.

Кейбір саясаттанушылар Қазақстан билігі президенттік сайлау қарсаңында халық наразылығымен күресуге дайындалып жатыр дейді. Қазақстан оппозициясына, биліктен өзге пікірді ұстанатындарға және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына көрсетілген қысым соның айғағы дейді олар.

«Эпоха» газеті осы мәліметтердің дәлелі ретінде елдің ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың премьер-министр Даниял Ахметовқа арнайы хат жолдағаны жайлы ақпарат таратып отыр. Қазақстан үкіметі баспасөз қызметінің өкілі Нұрлан Қалқан мұндай хаттың бар екендігін растаған жоқ, бірақ, оны теріске де шығармады:

- Менде ондай мәселе жоқ ешқандай.

Министр Тұрысбековке танылып отырған хат мәтінінде қазақстандық жастарды оппозициядан шеттету үшін, оқу орындарында белгілі адамдардың, әртістердің, өнер қайраткерлерінің және мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен насихатты ұлғайту қажет деген ұсыныс айтылыпты. Бұл хатқа байланысты қоғам өкілдері өз пікірлерін білдіре бастады. Көкшетау университетінің профессоры Қажыбай Қабылфазыл оған сын айтады:

- Менің пікірімше, Өскемен мен Ташкенттегі оқиғалардан кейін бізде Өзбекстан жасағысы келеді. Қарулану деген - масқара. Ол халыққа қарсы қолданылуы мүмкін. Қырғын ұйымдастрылуы мүмкін.

Әлгі хатта, Украинадағы президент сайлауы науқаны кезінде жастар оппозиция қолындағы қаруға айналған деп жазылып, бұл - оқу орындарындағы тәрбие жұмысының төмендігінің айғағы делінген. Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Мадияр Қожахметтің айтуынша, жастар арасында жүргізілетін насихат бір жақты болмауы шарт:

- Оппозицияға кетіп қалмасын деген емес, жастар саясаттан мәлімет алсын деген лекциялар жүргізу керек. Басқа саяси толқуларға бара ма - өздерінің ойларында.

Интернет кеңістігіне ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың атынан жазылған әлгі хатта Астана мен республиканың өзге ірі қалаларында санкциясыз өтетін митингтер мен жиындарға тосқауыл болатын, өз еріктерімен немесе ақылы талаптар бойынша, студенттер мен жастар арасынан арнайы отрядтар құруға болар еді деген ұсыныс айтылады. Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Мадияр Қожахметтің айтуынша, жастар тек қоғамдық тәртіп сақтауға жұмылдырылады деп отыр:

- Митингтерге емес, қоғамда тыныштықты сақтау үшін жастарды шақырып жатыр. Барлық митингтер бейбіт өтеді деп ойлаймын. Сондықтан, жастардан қосымша күш жинау керек жоқ деп санаймын.

Хатта келтірген мәліметке сай, қаруды толықтыру ережелері бойынша, ішкі істер министрлігі қорғаныс министрлігінен 17 мың тапанша, 2 жарым мың автомат және 100 пулемет алған. Алматы қаласындағы «Сұңқар» арнайы қызметінің керек-жарағы мен қаруы толық қамтамасыз етілген. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, бұл хат үкіметке деген сенімді азайтады:

- Егерде су және резина оқтары болса, ол түсінікті. Бүкіл әлемде қауіпсіздікті сақтау үшін ол қолданылады. Бірақ, қаруды өз халқына қолдану - ол халықты өзінің елі емес, билікке қауіп төндіретін күш ретінде қарайтын биліктің іс әрекеті.

«Эпоха» газеті жариялаған әлгі хатта, Қазақстанның ішкі істер министрі жергілікті жерлерде полиция қызметкерлерін су шашатын жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігін айтқаны жазылған. Осыған байланысты облыс әкімдеріне нұсқау беруіңізді сұраймыз дейді хат авторы республиканың премьер-министрі атына жазған әлгі хатта. Мектеп оқушыларына алғашқы әскери дайындықтан сабақ беріп жүрген ұстаз, отставкадағы полковник Амангелді Ерекешев полицияны қаруландырған дұрыс деп санайды:

- Өзбекстанда олардың қолында қару болды. Егерде, олардың қолында автомат болса - бітті, ал басында ақыл бар ма - ол басқа әңгіме. Алдына біреу келсе, ата береді. Бірінші кезекте, оларға сарбаздар емес, полиция барады. Ал, полицияда тапаншадан басқа ешнәрсе жоқ қолдарында.

«Эпоха» апталығы ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков жазды деп отырған хатта облыс әкімдерінен оққағарлар киетін кеудешелер, соққыдан сақтайтын қалқандар, бас киімдер, резеңке таяқтар, арнайы карабиндер және жарық пен дыбыс гранаталарын алу үшін жергілікті бюджеттерден 300 миллион теңге бөлуі жайлы сұралған.

Ондағы сұралып отырған оққағарлар киетін кеудешелер саны 3 мыңнан асады. Ал, Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі аталған хаттың бар-жоқтығын білмейміз деп отыр.
XS
SM
MD
LG