Accessibility links

Қазақстан жастары Өзбекстан билігінің ісіне наразылық білдірді


Алматыда ресми түрде тіркелмеген "Жастардың үйлестіру кеңесі" атты ұйым белсенділері Өзбекстандағы соңғы оқиғаларға байланысты мамырдың 18-і күні барлық Алматылық жастарды Қазақстандағы өзбек елшілігі алдында өтетін бейбіт наразылық шарасына қатысуға, Әндіжан оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырып отыр.

Жастардың үйлестіру кеңесі белсенділерінің жасаған мәлімдемеде “Өзбек президенті ереуілшілерге қарсы қару қолдану арқылы өзінің тоталитарлық мемлекет құрғанын дәлелдеді. Біз Ислам Кәрімовтен өз халқына қарсы күш қолдануды доғаруды талап етеміз” делінген.

Бұл мәлімдемені таатып отырған Жастардың үйлестіру кеңесі белсенділерінің бірі Ғалым Ақелеуов сейсенбі күні «Азаттық» радиосына білдірген пікірінде, кейінгі кезде Орта Азия елдерінде орын алып жатқан оқиғалар өздерін бей-жай қалдырмайтындығын айтты.

- Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Әндіжанда бас көтерген ереуілшілерге оқ атып, барлығын экстремист етіп шығармақшы. Біз осы мәлімдемеміз арқылы Қырғызстан үкіметінен Әндіжан оқиғасына қатысқан азаматтарды Өзбекстанға қайтармауды өтінеміз. Егер ол азаматтар Өзбекстанға қайтарылатын болса, оларды үлкен азаптаулар күтіп тұр. Сондықтан, халықаралық құқық қорғаушы институттарды жәрдем көрсетуге шақырамыз. Осы мәлімдемемізді бірқатар халықаралық ұйымдар мен елшіліктерге жолдадық. Сәрсенбі күні Алматыдағы өзбек елшілігі алдында жиналып, Әндіжанда қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Ислам Каримовқа өз қарсылығымызды бейбіт түрде, үнсіз білдірмекпіз, - деді Ғалым Ақелеуов.

Жастардың үйлестіру кеңесі белсенділерінің осы бастамасына “Елім-ай” студенттік кеңесінің төрағасы Ерлан Қарабалаев та қолдау білдіріп отыр. Ол Әндіжан оқиғасына байланысты осы уақытқа дейін нақты толыққанды мәлімет ала алмай отырғанын айтады.

- Ислам Кәрімовтің өз халқына қарсы оқ ату туралы берген тапсырмасы қай жағынан алып қарасақ та дұрыс емес. Өте жат, лас технология. Оқиғаның қантөгіске ұласуына тек қана Кәрімов кінәлі. Тіпті, әйелдер, жас бала, кемпір-шалға дейін ұрып-соғып жатқан суреттерін көрдік. Бұл көрініс Кәрімовтің билікте қаншалықты отыратындығын көрсетсе керек, - дейді Ерлан Қарабалаев.

Өзбекстанда билік тарапынан бейбіт тұрғындарға оқ атылып, адам қазасына апарып соғуын қазақстандық сарапшылар өрескел қателік санап отыр. Бұл қайғылы оқиғаның соңы тұтастай аймақтағы жағдайға әсер ететінін ескертеді.

- Қазақстан үшін көрші елдердегі тұрақтылықтың маңызы ерекше. Өзбекстан - Орта Азиядағы үлкен демографиялық жарылыс жасап жатқан мемлекет. Мен Өзбекстанда тыныштық болғанын тілеймін. Мұндай оқиғалардың ертеңгі күні азаматтық соғысқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Ол Қазақстан үшін үлкен қауіп. Экономикамыздың дамуы үшін көрші елдердің тұрақты дамуы маңызды. Осындай мәселелерімен бірге геостратегиялық жағдайды қатар қарастыруымыз керек, - деді “Азаттық” радиосына берген сұхбатында саясаттанушы Аралбек Боранбаев.

Ал Нұрлан есімді жас жігіт Әндіжан оқиғасы жалпы ел күтпеген шегіне жетті дейді.

- Менде ереуілшілерге өзбек үкіметі қарсы оқ атады деген ой болған емес. Жай қарсылықтар болады деп ойладым. Қазір 500-ден астам адам шығын болды деп естіп жатырмыз. Мұның өзі үлкен қасірет. Орталық Азиядағы даулы мәселе. Халықаралық қауымдастық жағдайды өз бақылуына алып, шаралар қолданады деп ойлаймын. Негізі біздің билік бұл оқиғадан сабақ алып, ондай жағдайларды қайталамауы керек. Бізде де авторитарлық режим орнап тұр. Ешкім ондай оқиғалардың орын алмайтындығына кепіл бере алмайды. Сондықтан, жастардың мұндай оқиғаларына наразылық білдіргендігін құптаймын.
XS
SM
MD
LG