Accessibility links

Батыс елдері Өзбекстандағы қантөгіске наразылығын күн өткен сайын қатты айтып келеді. Алғашында сыни сөз шамалы еді. Британия және АҚШ бастаған елдер енді Өзбекстан үкіметіне қатаң талаптар қойып отыр. Британия халықаралық ұйымдар мен журналистерді Әндіжанға кіруге тез арада рұқсат алсын дейді.

Батыс елдері жүргізіп жатқан дипломатиялық қысым әрекетін Британия бастап отыр. Британия сыртқы істер министрі Джек Стро қарусыз адамдарға өзбек әскерінің оқ жаудырғанына ешқандай ақтау жоқ, Әндіжандағы зорлық - адам құқықтарының өрескел бұзылуы деп сипаттады. Журналистермен кездескен Джек Стро Әндіжанға гуманитарлық көмек көрсету ұйымдарының өкілдерін, дипломаттарды және журналистерді тез арада кіргізу керек деп талап қойды:

- Әндіжанға Еуропа Одағының елшілері және журналистер барып, оқиға жеріндегі жағдайды өз көздерімен көре алса – бұл өте кең көлемде ықпал болар еді.

Британияның Ташкенттегі елшілігіне Әндіжанға мұндай делегацияның бару мүмкіншілігі сәрсенбі не бейсенбі күндері мүмкін болады деп айтылған екен. 2001 жылы 11 қыркүйектегі шабуылдардан соң Ташкент Қаршы-Ханабадтағы әуе базасын американдық әскерге пайдалануға берген.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қақтығыстарға исламшыл жауынгерлер айыпты дегені аян. Өзбекстандағы қырғын АҚШ және Британияны қиындау дипломатиялық жағдайға қойды. Британия сыртқы істер министрі Джек Стро Өзбекстанды қазір сынап отырғанымыз – ол Өзбекстанға қатысты саясатымыздың өзгеруінен емес, алдымызда одан ары жоғары өлшем тұр деді.

Екі-үш күн дипломатиялық байыптылық сақтаған АҚШ басшылығы да дүйсенбі күні қатаң сын айтты. АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Ричард Баучер былай деп мәлімдеді:

- Жұма күні өзбек үкіметі демонстранттарға оқ атқызды деген мәліметтер бізді қатты алаңдатып тұр. Қарусыз бейбіт адамдарға қарсы әскердің жөнсіз жұмсалуына қатты сөгіс айтамыз, адам шығыны болғанына қатты өкініш білдіреміз. Өзбек үкіметін сабырлыққа шақырған болатынбыз және шақырып отырмыз. Қақтығыс кең тұрақтылыққа кепіл бола алмайды. Мұны өзбектің жоғары басшыларына Вашингтонда да, Ташкентте де айтқанбыз.

Баучер, сол сияқты, қатардағы азаматтардың қолдарына қару алғандарын, әскери бөлімшеге және түрмеге, облыстық әкімшілік ғимаратына шабуыл жасағандарын сөкті. Қақтығысқа және терроримзге ақтау жоқ, түрмеден "Өзбекстан ислам қозғалысы" деген террорлық ұйымның мүшелері де шығып кетуі мүмкін деп алаңдаймыз деді.

АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс, дүйсенбі күні журналистерге айтқан сөзінде, Әндіжанда не болғанын егжей-тегжейлі әлі біле алмай отырмыз, Өзбекстан тым жабық қоғам деді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан оқиға аймағына жолданған ұйымның гуманитарлық топтарымен әріптестік жағдайында жұмыс істеулеріне шақырды.

Өзбекстан мүшесі болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Дмитрий Рупель қақтығыстағы барлық тараптарды бейбіт келісімге шақырды. "Адам құқықтары жайындағы Халықаралық Хельсинки федерациясы" қанды зобалаң қазіргі Өзбекстан үкіметінің билік қабілетін одан сайын күмәнға салды деді.

"Амнести интернешнл" ұйымы Өзбекстандағы қақтығыс шындығына жету үшін тәуелсіз тергеуге жол ашуға шақырды. Еуропа даму және қайта құру банкі Өзбекстандағы көптеген жобаларды несиелендіруді тоқтатқандарын айтты. Бұл жайында Ташкентте банк президенті Жан Лемиердің мәлімдемесі жарияланды:

- Өзбекстанда даму мүмкіншілігі зор екенін талай рет айтқанбыз. Өзбекстан – алып мемлекет, бірақ жариялылық және жақсы биліксіз ешқандай даму болмайды. Дамуға тек әділ таңдау жол ашады. Өзбекстан не болмаса Түркіменстан сияқты елдерде ешқандай алғабасу көрмей отырмыз.

Өзбекстандағы қырғыннан соң орын алып отырған тағы бір гуманитарлық апат – ол босқындар мәселесі. Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мирослав Ниязов елімізге 650-ден астам өзбек босып келді, олардың он екісі түрмеден ереуілшілер босатып алғандар деді.

БҰҰ өкілдері босқындардың көпшілігі – ер азаматтар, олардың барлығы қатардағы азаматтар көрінеді дейді. Өзбекстан үкіметі қақтығыс кезінде 30 шақты адам өлді дейді. Ал Өзбекстан оппозициясының өкілдері Әндіжанда кемінде 745 адам өлтірілді, олардың аты-жөндерін анықтадық деп отыр.
XS
SM
MD
LG