Accessibility links

Дүйсенбі күні Американың “Ньюсуик” журналы Гуантанамо әскери базасындағы тұтқындарды тергеу барысында Құран-кәрімді дәретханаға тастап қорлағаны туралы мақаласынан бас тартты. Журнал бетіндегі осы жайтты суреттеген мақала кем дегенде 15 адам құрбан болған Ауғанстанмен қатар, бірқатар ислам елінде АҚШ-қа қарсы наразылық толқынын туғызды.

Дүйсенбі күні АҚШ-та шығатын апталық “Ньюсуик” ("Newsweek") журналы америкалық тергеушілердің құран кітабын дәретханада қорлау арқылы Гуантанамо әскери базасындағы тұтқындарды қорқытып-үркітпек болды деп жазған 9 мамырдағы мақаласынан толық бас тартты. Әлгі мақалаға сәйкес, бір жолы тергеушілер қасиетті құран-кәрімді даретханада сумен құбырға ағызып жіберген.

Бұл мақала Ауғанстан мен Пәкістанда және басқа ислам елінде АҚШ-қа қарсы үлкен наразылық толқуын туғызды. Дүйсенбі күні “Си-Би-Эс”-тің “Жаңалықтар” бағдарламасына берген сұхбатында “Ньюсуик” журналының бас сарашысы Марк Уитакер, бір жағынан, осы мақаланы “ислам экстремистері ашу-ызу туғызу үшін пайдаланған болар” десе, екінші жағынан ол мұсылман елдеріндегі наразылық толқуында қаза болғандарға көңіл айтты.

- Біз өзімізді соншалықты қолайсыз сезінгенімізді айтамыз. Мен осы аптада өзімнің редакторлық бағанамда көңіл білдірдім. Осы мақалының кесірі тиген барша жұртқа, қантөгістің барлық құрбанына, Американың қызметкерлері мен әйелдеріне көңіл айттым. Бұл - бізді ұятқа қалдырған нәрсе болды, - деді Марк Уитакер.

Одан бір күн бұрын “Ньюсуик” апталығы Гуантанама базасындағы оқиғаны АҚШ үкіметінің аты-жөнін атамаған өкілінің сөзі бойынша жазғанында қате кетуі мүмкін екенін және құран-кәрімді қорлаған істің болған-болмағанына көз жеткізбегенін жариялады.

Бұл мәлімдеме АҚШ үкіметінің білдірген ащы сынынан кейін шықты. Ақ үйдің өкілі Скотт Маклеллан әлгі оқиғадан бас тартқан “Ньюсуик” журналы “бірінші жақсы қадамын” жасады деп атап көрсетті. Алайда ол әлгі мақаланың “үлкен кесірі” болуы мүмкін ескертіп, ол сөзіне “жоюлуға тиіс нәрселерді жою үшін іс атқару керек” дегенді қосты. Дүйсенбі күні түнде Вашингтонда АҚШ-тың қорғаныс министрі Д.Рамсфельд те “Ньюсуик”-ке шүйлікті.

- Жұрт өмірімен қоштасты, жұрт құрбан болды... бұл өте өкінішті жайт. Жұрттар бір іс істеуден бұрын ойланғандай, бір сөз айтардан бұрын да жақсылап ойлануы керек, - деді АҚШ-тың қорғаныс министрі.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс “Ньюсуик” журналындағы мақаланы “сұмдық” деп бағалап, мақала АҚШ-тың ислам елдеріндегі ең зор проблемасын туғызды деп атап көрсетті. Дүйсенбі күні мемлекеттік хатшы құран-кәрімнің қорланған-қорланбағаны әлі тергеледі деп мәлімдеп, бірақ ондай жайттың болғанына өзінің күмән келтіретінін ескертуді ұмытпады. Ал өткен аптада К.Райс құран-кәрімді қорлауға болмайды деп мәлімдеген болатын.

Сейсенбі күні “Вашингтон Пост” газеті Гуантанамо базасында құран-кәрімді қалай ұстаудың тиянақты ережесін Пентагонның осыдан 2 жыл бұрын шығарғанын хабарлады. Аталмыш басылымның жазуына қарағанда, 2003 жылдың 19-ыншы қаңтарында жарыққа шыққан әлгі “меморандумда” қасиетті құран кітабын аяқ басатын еденге, табалдырыққа қоюға немесе дәретханаға қалдыруға және лас та дымқыл жерге тастауға болмайтыны” айтылған.

Сейсенбі күнгі санында “Нью-Йорк Таймс” газеті болса құран-кәрімді қорлағаны туралы одан да бұрынғы оқиғаны суреттеп жазды. Мақалада Гуантанамо базасынан 2004 жылы босатылған британ азаматы Азиф Иқбал: “...күзетшілердің құран кітабын теуіп, дәретханаға лақтырып, жалпы қасиетті кітапты аяқасты ететін” деп мәлімдейді. Пентагонның өкілдері мұндай жайттар шындыққа ұқсамайды және олай деп мәлімдеуге ешқандай негіз жоқ деп үзілді-кесілді жоққа шығарды. 12 мамыр күні АҚШ-тың штаб бастықтарының бірлескен комитетінің төрағасы генерал Ричард Майэрс:

- Тергеушілер әлгіндей жайтқа керекті айғақтың бір бөлігін ғана тапты: құранды дұрыс пайдаланбаған екен, оның өзінде де америкалық емес, ауғандық тұтқын құранды дұрыс пайдаланбаған болып шықты, - деп мәлімдеді.

Жаңа Зеландияда сапарда жүрген Пәкістанның сыртқы істер министрі Хуршид Казуири “Ньюсуик” журналының мақалада суреттелген әлгі оқиғадан бас тартуы мұсылман әлемінің ашу-ызасын біршама басуы мүмкін” деген ойын айтты. «Бірақ, деп ескертті Пәкістан министрі, ең өкініштісі, ол өз кесірін тигізіп үлгерді».
XS
SM
MD
LG