Accessibility links

Мамырдың 18-і – халықаралық музей күні

  • Айнагүл САҒДИ

1977 жылдан бастап мамырдың 18-і халықаралық музей күні ретінде аталып келеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде республика көлемінде 150-ден астам музей жұмыс жасайды. «Оларды жәдігерлермен толықтыру мәселесі дұрыс жолға қойылған, алайда алыс-жақын шет елдердегі музейлерде сақталған құндылықтарды қайтару қиынға соғып отыр» дейді Қазақстан Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тарихи, мәдени мұра департаменті директорының орынбасары Базарбай Алтаев.

Тарихи, мәдени мұра департаментінің мәліметіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда түрлі деңгейдегі 154 музей жұмыс жасайды, оның ішінде 8 қорық – музей бар. «Осыдан 6-7 жыл бұрын экспедициялар ұйымдастыруға, жәдігерлерді сатып алуға қаржы жағынан қиыншылықтар көп болатын, қазір музей жұмысына республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінуіне байланысты өнер туындыларымен, тарихи құнды экспонаттармен толықтыруға мүмкіндік туып отыр. Алайда, кейбір музейлердің материалдық-техникалық базасы ескірген, экспозициясы әлі күнге жаңартылмай келеді» дейді тарихи, мәдени мұра департаменті директорының орынбасары Базарбай Алтаев.

- Мысалы, жергілікті жерлерде орналасқан көптеген музейлердің жағдайы мәз емес. Көпшілігі, тіпті Кеңес дәуіріндегі экспозициялармен осы күнге дейін сақталып келеді. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар осыған көңіл бөліп, тиісті қаржы қарастыруға тиіс деп ойлаймын.

Базарбай Алтаев Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері алыс, жақын шетелдердегі музейлерде сақталған құндылықтарды қайтару жұмысының қолға алынып отырғанын айтады. Ол осы мақсатта Мәдениет министрлігі тарапынан көптеген келіссөздер де жүргізілгенін, бірақ бұл келіссөздер орындалмай келе жатқанына қынжылыс білдіреді.

- Мәдени құндылықтарды қайтару жөнінде ТМД елдері басшыларының арасында келісімдерге қол қою рәсімі өткен еді. Бірақ, бұл келісімдер осы күнге дейін орындалмай келе жатыр. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес мәдени құндылықтарды қайтаруға тыйым салынған. Сондықтан, бұл мәселе екі ел арасындағы өзара келісім арқылы шешілуі тиіс деп ойлаймын.

Қазақстандағы үлкен музейлердің қатарынан орын алатын Астанадағы Президенттік Мәдениет орталығында 300 мыңға жуық экспонат жинақталған. Музейде 8 көрме залы мен галереялар жұмыс істейді. Орталық директоры Ұлықбек Шарахынұлының айтуынша, алдағы уақытта тағы бір зал ашу жоспарланған. Онда қойылатын басты құндылықтардың бірі – Қазақстанның Шығыс өңірінен табылған үшінші «Алтын адам».

- Осыдан 3-4 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысынан «Алтын адам» және онымен берге көмілген алтынмен әшекейленген 13 аттың қаңқалары табылған. Олар сол уақыттан бері лабораториялық зерттеуден өтіп, өңделіп, музейге қоятындай жағдайға жетті. Соларды бізге әкеліп өткізіп жатыр.

Ұлықбек Шарахынұлының айтуынша, қазіргі кезде музейді тамашалаушылар қатары көбейген. «Күніне 200-300 адам келеді, оның ішінде алыс, жақын шет елдерден келген қонақтар да Президенттік Мәденит орталығына соқпай кетпейді», - дейді.

- Бұрын басқаша түсінік болатын, музейге қойма сияқты қарайтын. Қазір одан кеттік. Тек қана үлкендер емес, жастар да көп келеді, осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Жастар музейге қойылған ескі жәдігерлер мен құндылықтардың қызықтыратынын айтады. Ғалия Оразалина:

- Мен көбіне Президенттің Мәдениет орталығына барып тұрамын. Онда қызықтыратыны – «Алтын адам». Сондай-ақ, басқа да құнды деректерді табуға болады.

Әсел Досанбаева:

- Мен музейге жиі барып тұрамын. Мені көбіне ескі жәдігерлер, бұрынғы алтын тиындар, басқа да заттар қызықтырады.

Тарихи, мәдени мұра департаменті директорының орынбасары Базарбай Алтаев «Бүгінде Мәдениет министрлігінің мамандары музейлердің материалдық техникалық базасын жақсарту, экспозицияларды қайта жаңғырту, жаңадан музейлер ашуға бағытталған жобалар дайындау үстінде» дейді.
XS
SM
MD
LG