Accessibility links

Өзбекстаннан Қазақстанға өткісі келетіндер саны күрт көбейген

  • Ескендір ЕРТАЙ

Өзбекстанның Ферғана өлкесіндегі оқиғаларға байланысты соңғы күндерде Қазақстанға заңсыз өтушілер күрт көбейіп кеткен. «Оңтүстік» аймақтық шекара бөлімшесінің мәліметіне қарағанда заңсыз мигранттар саны 4 есеге артып отыр.

Аталған шекара бөлімшесі бастығының орынбасары міндетін атқарушы Эрик Русляков, Қазақстан жағына өткісі келетіндердің легі уақыт өткен сайын көбейіп бара жатқанын айтады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Салтанат Қаракөзова болса, алаңдатарлықтай ешнәрсе жоқ дейді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Зейнолла Алшынбаевтың пікірінше, Өзбекстандағы жағдай мемлекеттік қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етеді. «Оңтүстік» аймақтық шекара бөлімшесі бастығының орынбасары міндетін атқарушы Эрик Русляков Азаттық радиосына:

- Өзбекстандағы жағдайдан кейін Қазақстанға қарай ағылғандарды босқындар, болмаса, заңсыз мигранттар деуге болмайды. Босқындар ма, әлде басқалар ма - олардың мәртебесін біз айқындамай алмаймыз, ол - халықаралық ұйымдардың құзыретінде, - деді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Астанадағы өкілдігінің мигранттар жөніндегі кеңесшісі Кейджис Бранислава қақтығыс ошақтарынан бас сауғалаушыларға босқындар мәртебесін беру жайын Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шешеді, ал Өзбекстандағы оқиғалардан кейін шекарадан өтіп жатқандар туралы айтудың қисыны жоқ деген пікірде.

Қазақстанның шекаралық қызмет департаментінің баспасөз қызметкері Нұрлан Сағымбаев Өзбекстан және Қырғызстанмен шектесетін бекеттерде жағдайдың бірқалыпты екенін айтады. Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты, халықаралық істер және қорғаныс комитетінің мүшесі Зейнолла Алшымбаевтың айтуынша, шекараның өн бойын толық бақылауға алу мүмкін емес.

«Оңтүстік» аймақтық шекара бөлімшесінің мәліметіне қарағанда, соңғы аптада Қазақстан аумағына заңсыз өткісі келген мигранттар ағыны төрт есеге дейін артып кеткен. Шекаралық қызмет департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өзбекстаннан Қазақстан азаматтары кедергісіз шығарылып жатыр.

Сондай-ақ, дипломатиялық миссия қызметкерлері мен көрші елге шұғыл жету қажеттігі туралы құжаттар көрсеткен азаматтар - іссапармен жүргендер, қолдарында темір жолға және ұшаққа билеті бар азаматтар емін-еркін кедергісіз өтіп жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG