Accessibility links

Қазақстан өз әскерін Ирақтан шығара ма?

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың журналистерге Ирақтағы қазақ әскерлерін қайтару керек деген мәлімдемесіне парламент депутаттары екіұдай пікір білдірді.

Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың сейсенбі күні баспасөз өкілдеріне Ирақтағы қазақ әскерлерін қайтару керектігі туралы айтқан мәлімдемесіне парламент мәжілісінің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында екіұдай пікір туғызды. Депутаттардың бір тобы министр Алтынбаевты парламентке шақырып, Ирақтағы қазақ әскерлерін қайтару жөнінде бірден шешім шығарайық деген ұсыныс айтса, келесі бір бөлігі ондай сөз алдымен Қазақстан президентінің аузынан шығу керек деп, әліптің артын бағуға шақырды.

Депутат Зейнолла Алшынбаев Мәжілістің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында, содан бір күн бұрын республиканың қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арқылы жасаған мәлімдемесіне байланысты Ирақтан «Қазбат» бітімгершілік батальонын мерзімінен бұрын қайтару жөнінде шешім шығарайық деген мәселе көтерді.

Ал, Азаттық радиосына Ирақтағы әскерлерді қайтармау керек, олар сол жақтан тәжірибе жинау керек деп сұхбат берген Оңалбай Аяшев, алдымен қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың өзін парламентке шақырып, не себептен мұндай шешімге келіп отырғанын сұрайық деген пікір білдірді. Мәжіліс депутаты Райымбек Аяшев Ирақтағы әскерлерді қайтару жөніндегі мәселені көтеру керек пе, жоқ па - оны Қазақстан Парламенті мәжілісінің төрағасы шешсін, ал депутаттар спикердің пікіріне тоқтайық деген ұсыныс жасады.

Мәжіліс төрағасы Орал Мұхаммеджанов болса, Қазақстан Конституциясының 53-бабына сілтеді. Онда «Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды» деп жазылған.

Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева өзі басқаратын «Асар» партиясы Ираққа әскер жіберуге о бастан қарсы болғандығын айтты.

- «Асар» партиясы осыдан төрт ай бұрын бұл мәселені көтерген. Біз қорғаныс министрінің пікірін қос қолымызды көтеріп қолдаймыз, - деді Дариға Назарбаева сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Қазақстанның Азаматтық партиясының мүшесі Амангелді Айталы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың сөзінің астарында өзінің билікке қарсы оппозициялық пікірі жатқандығын айтады. Алайда, ол мұны дұрыс деп санамайды. Депутат Айталының айтуынша, қорғаныс министрі М.Алтынбаев бұл мәлімдемесі арқылы Ираққа әскерлерді жіберген билік емес, Парламент депутаттары етіп көрсеткісі келген сыңайы болды деген тұжырым жасайды. Оның ойынша, бұл тек Президент шешетін мәселе.

Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев мамырдың 17-күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Ирақтан қазақстандық әскерлерді қайтаратын уақыт жетті деп ойлаймын» деген өзінің жеке пікірін білдірген тұғын. Қазір «Қазбат» бітімгершілік батальонының 30-ға жуық әскери қызметкері Ирақ жерін миналардан тазартып жүр. 2003 жылдың мамыр айында республика Парламенті Қазақстанның бітімгершілік әскерін Ираққа жіберу жөнінде шешім қабылдаған болатын.
XS
SM
MD
LG