Accessibility links

Алматы қалалық соты Заманбек Нұрқаділовті қамау туралы сот шешімін өзгертті


Алматы қалалық соты саясаткер Заманбек Нұрқаділовті қамауға алу туралы бұған дейін Медеу аудандық соты шығарған қаулың күшін жойды. Нұрқаділовке ел президенті Назарбаевтың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратты деген айып тағылып отыр.

Биылғы сәуір айының 28-і күні Алматы қаласының Медеу аудандық соты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратты деп прокуратура тарапынан айыпталған азамат Заманбек Нұрқаділовтың сотқа шақырылса да келмегені үшін оған іздеу жариялап, оны қамауға алу туралы сот қаулысын қабылдаған болатын. Алайда сот қаулысын заңсыз деп тапқан Заманбек Нұрқаділовтың мүддесін қорғаушы адвокат Мұстахим Төлеев Алматы қалалық сотына шағым түсірген болатын.

Мамырдың 18-і күні таңертең сағат 10.00-да Алматы қалалық сот ғимаратының үлкен залында қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Тілеулес Нағысбековтың басқаруында азамат Заманбек Нұрқаділовке қатысты Медеу аудандық сот қаулысына байланысты сот отырысы басталды.

Әуелі Алматы қалалық соттың мүшесі, судья Ермақан Ділдебаев Заманбек Нұрқаділовке қатысты Медеу аудандық сот қаулысының күшін жоюды сұраған адвокат М.Төлеевтің шағымын таныстырды. Сот отырысы барысында айыпталып отырған азамат З.Нұрқәділов бұл істі басынан бастап қайта қарауды қазылар алқасынан өтінді.

Ол өзінің ешбір қылмыс жасамағанына қарамастан сотқа шақырылуын түсінбейтіндігін, ал өзінің орнына жауап беру үшін сотқа барған адвокатын Медеу аудандық сот төрағасы Тотайтегінің қабылдамай қойғанын дұрыс деп есептемейтіндігін айтты.

Адвокат М.Төлеев сот қаулысында жазылғанындай, З.Нұрқәділовтің заң орнынан бой тасалап, қашып жүрген адам еместігін, егер солай болса, ол кісі неге бүгін сот жұмысында отыр деген дәлелін келтірді. Сондықтан, Медеу аудандық сот қаулысын заңсыз деп көретіндігін айта келе, адвокат Төлеев бұл жолы қазылар алқасы әділ шешім шығарар деген сенімін білдірді. Ал мемлекеттік айыптаушы, Алматы қалалық прокуратурасының қызметкері Бауыржан Меңдібаев болса Медеу аудандық соты қабылдаған қаулыны күшінде қалдыру керек деп санайтындығын айтып, сот мүшелерін даулы қаулыны бұзбауға шақырды.

Қазылар алқасы он минуттей үзіліс жасап, ақылдаса келе, З.Нұрқәділовке қатысты Медеу аудандық соты қабылдаған қаулыны негізсіз деп танып, оның күшін жойды. Қалалық сот бұл істі қайтадан қарау жөнінде шешім қабылдады. Сәрсенбі күні Алматы қалалық сотының ғимараты алдына З.Нұрқәділовты қолдаушы жүздеген адам жиналды.
XS
SM
MD
LG