Accessibility links

Алматыдағы өзбек елшілігі алдында жастар наразылық білдірді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Мамырдың 18-і күні Алматыдағы өзбек елшілігі алдында Әндіжан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу және өз мәлімдемелерін елшілік өкілдеріне табыс ету үшін келген жастар құқық өкілдерінің кедергісіне ұшырады.

Алматыдағы өзбек елшілігі алдында түске дейін болған наразылық шарасында қарсылықтарын үнсіз білдірген «Қаһар» жастар қозғалысының мүшелері өздерінің жолын бөгеп, елшілікке жолатпаған заң қызметкерлеріне өздері әзірлеп әкелген мәлімдемені тапсырды. Ал түстен кейін өзбек елшілігі алдына келген жастардың тағы бір тобы елшілік өкілдеріне жазбаша талап-тілектерін өз қолдарымен табыс етпейінше тарамай тұрды.

Сәрсенбі күнгі наразылық шарасын бірінші болып “Қаһар” жастар қозғалысы өткізді. Елшілік алдына жиналған «қаһарлық» жастар қағаздан 40 тырна жасап әкеліпті. Бұл әрекеттерін бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде түсіндірген «қаһарлықтар» жер бетіндегі аса бағалы құндылық - адам өмірі екенін айтып, Өзбекстан үкіметі Әндіжан оқиғасы кезінде жазықсыз жандарға қару қолданды деп айыптады.

«Біз жас болғандықтан жер бетінде мұндай оқиғалардың орын алғанын қаламаймыз. Бүгінгі әрекетіміз - Әндіжанда қайтыс болған азаматтарды еске алу, олардың жанұясына көңіл айту» деді «Азаттық» радиосына. Өз аты-жөндерін атаудан бас тартқан «қаһарлық» жастар осы наразылық шарасына қатысу үшін Қазақстанның әр түкпірінен келгендерін айтты.

- Өзім Қарағандыдан осы рәсімге қатысу үшін келдім. Қайтыс болған азаматтар иманды болсын. Мұндай оқиғалар қайталанбасын, - деді қолына қағаздан жасалған тырна ұстаған жастардың бірі.

Өз мақсаттарын түсіндірген «қаһарлықтар» қағаз тырналарын алып, елшілік алдына жақындағанда, бұл жерде әдеттегіден көп жүрген полиция қызметкерлерінің қарсылығына кездесті. Заң қызметкерлері жастардан рұқсат қағаз бен құжат талап етіп, өзбек елшілігінің алдына жақындатпады. Полиция қызметкерлері «қаһарлық» жастардың елшілік алдына келіп, 1 минут үнсіздік жариялауына да мүмкіндік бермеді. Өз есімін айтқысы келмеген әлгі жастардың бірі “Азаттық” радиосына:

- Бұл жерге біз өзбек халқына көңіл айтуға келдік. Мұндай жағдай дұрыс емес деп ойлаймын. Негізі, салт-дәстүр, бәрін алып қараған кезде мұндай қайғылы жағдай болып жатқан жерде ешқандай құжат талап етпеу керек. Мұсылмандарда көңіл айту деген бар, Ал бұлар біздерді тыңдағысы келмейді, - деп, полиция қызметкерлерінің ісіне деген өз наразылығын білдірді.

Ал сол күні түстен кейін Жастардың үйлестіру кеңесі атты ұйым белсенділерінің ұйымдастыруымен тағы да сол өзбек ешілігі алдына наразылық акциясына жиналған жастардың келесі бір тобы да әлгіндей кедергіге тап болды. Қарсылықтарын үнсіз білдірген жастар арада біраз уақыт өткенде елшілік алдына өтуге мүмкіндік алды. Бұл шараны ұйымдастырушылардың бірі Ғалым Ақелеуов «Азаттық» радиосына:

- Біз бұл жерге саяси акция өткізгелі келіп тұрғанымыз жоқ. Өзбек елінде болып жатқан оқиғалар жанымызға батады. Оқиға кезінде қаза тапқандар үшін бір минут үнсіздік жариялап, өз қарсылығымызды білдіреміз, - деді.

Ал онымен біргше келген келесі азамат:

- Президент Ислам Кәрімовтың оқиғаны уысында ұстап, сыртқа ақпарат шығармай, өз халқына ойына келгенін жасағаны - оның авторитарлық емес, тоталитарлық режим құрғандығын көрсетеді. Мұндай жағдай Орта Азия елдерінің кез-келгенінде орын алуы әбден мүмкін, - деді.

Елшіліктің алдында тұрған қазақстандық заң өкілдерімен біршама дауласқаннан соң, Ғалым Ақелеуов қазақстандық жастардың мәлімдемесін тапсыруға Өзбекстан елшілігінің ішіне кіруге мүмкіндік алды. Одан шыққаннан кейін Ғалым Ақелеуов елші мырза өзін жылы қабылдағанын жеткізді.

Ақелеуовтың айытуынша, онымен болған азғана әңгіме кезінде Өзбекстан елшісі Әндіжанда болған оқиғаны террорлық акт ретінде бағалап, бұл оқиға Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының дамуына ешқандай салқынын тигізбейтіндігін мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG