Accessibility links

Қазақстанға Германиядан есірткі тасымалдағандар ұсталған


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мамырдың 19-ына қараған түнде Германиядан Қазақстанға есірткі тасымалдап келген топтың ұсталғанын хабарлады. Бұған дейін Қазақстан Ресейге, Еуропаға, одан әрі әлемнің шартарабына таралатын есірткі транзиті өтетін ел ретінде аталып келген болатын. Соңғы оқиға Қазақстанға Еуропадан есірткі жеткізу бизнесінің де жолға қойылғанын көрсетті.

Ұсталған топ тергеу кезінде Алматы мен Қарағандының түнгі клубтарын кокаинмен қамтамасыз еткісі келгендерін мойындап отыр деп хабарлады Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Комитет мамырдың 19-ы күні Қазақстанның арнаулы қызметі Германияның қылмыстық полициясының федералдық арнаулы қызмет мекемесімен бірлесіп Германиядан Қазақстанға әкелінетін халықаралық есірткі тасымалының жолын кескені туралы ақпарат таратты.

Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлеутаевтың айтуынша, Германиядан жеткізілетін есірткі Алматы және Қарағанды қалаларындағы түнгі клубтарда сатылып келген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері елде Германиядан синтетикалық есірткі әкелудің екі оқиғасы тіркелген екен. Екеуі де Қарағанды қаласы арқылы өткізілген. Синтетикалық экстази есірткісі Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау қалаларындағы түнгі клубтарында кездеседі дейді заң қызметкерлері.

- Есірткі тасымалымен ұсталғандар есірткіні түнгі клубтарда оқсататындарын мойындады, - дейді Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаментінің баспасөз қызметкері Болатбек Төлеутаев Азаттық радиосына.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, осыдан екі апта бұрын Тәжікстан, Ресей арнаулы қызметтерімен бірлескен қазақстандық қауіпсіздік қызметкерлері Шымкентте 268 кило шикі апиын мен героинды тәркілеп, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін халықаралық есірткі тасымалының жолын қиыпты.

Ал, бұл жолы ұсталған топ тергеу барысында Қарағанды мен Алматының түнгі клубтары мен көңіл көтеретін орындарынан сұраныс берушілерді іздегендерін айтты деп отыр заң өкілдері. Әйткенмен де, ішкі істер органдары түнгі клубтарға жаппай тексеріс жүргізуге талпыныс жасағанмен, осы уақытқа дейін одан еш нәтиже шығара алмай келе жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG