Accessibility links

Баспасөзге шолу. 20 мамыр 2005 жыл


Саясаткер Болат Әбілов жұма күнгі жарық көрген тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналды. Әбілов президент Назарбаевтың атына жолдаған ашық хатында ел басшысының ықпалымен Қазақстанда отбасылық экономиканың құрылып, оның тек бизнеске ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан қоғамына кері әсерін тигізіп отырғандығы туралы ойын білдіріпті.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген редакциялық мақалада Қазақстандағы ресми билік кәсіпкер Болат Әбіловты саяси көзқарасы үшін қудалай бастады деген қорытынды жасалыныпты. Мақалада 11 мамыр күні маска киген қаржы полиция өкілдерінің “Бутя-капитал” Ашық Акционерлік Қоғамының Кеңсесіне басып кіргендігі баяндалыпты.

“Бутя-Капитал” Ашық Акционерлік Қоғамының президенті Марат Баймұхаметовтың айтуынша олардың кеңсесіне тінту жүргізу қаржы полициясының қаулысының негізінде жүзеге асырылып отыр. Автор өз мақаласында “Бутя Капитал” Ашық Акционерлік Қоғамының кеңсесіне кірудің біраз қиыншылықтар туғызғандығын айта келіп, қаржы полициясынан бұл мәселеге байланысты түсініктеме алудың қиын болғандығын атап өтіпті.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында кәсіпкер Болат Әбіловтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хаты жарық көріпті. Мемлекет басшысының атына жолдаған ашық хатында кәсіпкер Болат Әбілов ел басшысының ықпалымен Қазақстанда отбасылық экономиканың құрылып, оның тек бизнеске ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан қоғамына кері әсерін тигізіп отырғандығы туралы ойын білдіріпті.

Болат Әбіловтың айтуынша, Мемлекет басшысының арқасында елдің байлығы тек Қазақстан Президентінің маңайына шоғырланған азғантай топтың баюына ғана мүмкіншілік туғызып отыр. Сондай-ақ ол өз хатында саясат жолын таңдардың алдында өзінің барлық бизнесін сатып жібергендігін, алайда соған қарамастан оның достары мен бұрынғы әріптестеріне қысым жасау әрекеттерінің күшейіп жатқандығынан да хабардар етіпті. Мемлекет басшысының атына жазған хатының соңында кәсіпкер Болат Әбілов өз көзқарасынан қайтпайтындығын, алған бағытанан оны ешқандай да күштің тайдыра алмайтындығын мәлімдепті.

“Апта kz” басылымына берген сұхбатында кәсіпкер Болат Әбілов таяуда “КазКоммерцбанктегі” жеке есеп шотының тұтқындалғандығы туралы жақында ғана хабардар болғандығын әңгімелеп беріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында кәсіпкер Болат Әбілов өзінің жеке-есеп шотының тұтқындалуына заңдық негіздің жоқ екендігін, Конституциялық құқығының дөрекі түрде бұзылғандығын мәлімдепті.

Сондай-ақ кәсіпкер Болат Әбілов “Бутя-Капитал” салымшыларына тиесілі ақшасын қайтаруы үшін өз есеп-шотынан 7-8 миллион доллар аударғандығын тілге тиек етіпті. Қазақстанның “Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов “Ақ жол Қазақстан” басылымы арқылы кәсіпкер Болат Әбіловтің төңірегінде қалыптасқан ахуалға байланысты өз ойын білдіріпті.

Ол өз сөзінде соңғы кездердегі демократиялық күштердің топтасу тактикасының және партия ішінде пайда болған қарым-қатынастардың кейбір мәселелеріне орай Болат Әбілов пен өзінің арасында әртүрлі көзқарастар болғанымен, оның жалпы жүйенің кемшілігін көрсетіп, өзінің батылдығын, азаматтық жауапкершілігін танытып жүргендігін де атап өтіпті. Әлихан Бәйменов өз хатында Президенттің тікелей осы іске араласуын өтініп, Болат Әбіловке қаржысын еркін пайдалануына мүмкіндік туғызуын сұрапты.

“Сөз” газетінде жарық көрген мақаласында Дәурен Жоламан биліктің Болат Әбіловтің артына түсуінде саяси мақсат жатыр деген ойын білдіріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Болат Әбіловтың кезінде Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын, содан кейін “Ақ жол” партиясын, “Нағыз Ақ жол” партиясының құрылтайшыларының алдыңғы қатарында жүруі ресми билік тарапынан оны қудалауға ұшыратуға себеп болып отыр.

Ал, “Сөз” газетінде жарық көрген мақаласында Геройхан Қыстаубаев кәсіпкер Болат Әбіловтің өзінің адал еңбегінің арқасында танымал бизнесменге айналғандығы туралы ойын білдіріпті. Мақала авторының айтуынша, билік кәсіпкер Болат Әбіловты оның турашылдығы, ешкімнің көңіліне қарамай ащы шындықты айта білетіндігі үшін жек көреді.

Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы кәсіпкер Болат Әбіловтың ресми билікті сынаған сөздерін мысалға келтіріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, қазіргі уақытта биліктің кәсіпкер Болат Әбіловты түрмеге отырғызғаннан басқа амалы қалған жоқ.
XS
SM
MD
LG