Accessibility links

Қазақстандық мүмкіндігі шектеулі жандар америкалық тәжірибеге қызығады


Мамырдың 20-сы күні Астанада тұратын үш мыңға жуық мүгедектердің ынталы тобы президент жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның төрайымы Айткүл Самақоваға жолығып, биліктің мүгедек жандарға дұрыс жағдай туғызуын талап етті. Қазақстанда 413 мыңнан астам адам мүгедек деп танылған.

Мүгедектер қоғамы өкілдерінің айтуынша, елде бұл әлеуметтік топқа жататындар әлдеқайда көп. Өйткені, мүгедектігі жайлы куәлік ала-алмай жүргендер мен тиісті мекемелерде тіркелмей қалғандар аз емес көрінеді. Республикалық мүгедектер қоғамының мүшесі Әли Аманбаевтың айтуынша, «Мүгедектер туралы» заң мүгедек жандардың мүддесіне толық жауап бере алмайды.

Ол аталған заң бұдан бірер ай бұрын парламентте қаралып жатқанда бұл туралы мәселе көтергенін, бірақ, одан ешнәрсе шығара алмағанын айтады. Сондықтан жергілікті басшылар алдына өз мүддемізді қорғау үшін мәселе қойып жатырмыз дейді ол.

Саясатшы Людмила Жуланова болса, «Ақ жол» партиясы республикалық мүгедектер қоғамымен бірлесіп жаңа заң жобасын әзірлегенін айтады.

- Үкімет оны орындауға көп шығын жұмсалатындығын сылтауратып өткізбей тастады. Соған байланысты кей мүгедектер Ресейге көше бастаған. Ол елде мүгедектер мәселесіне Қазақстандағыдан гөрі сергектеу қарайды. Пойыздарда мүгедектерге арналған орындар, мүгедектердің қоғамдық орындар мен ғимараттарға кіретін арнайы жолдары жабдықталған. Ал бізде неге жоқ? – дейді Л.Жуланова.

Республикалық мүгедектер қоғамының мүшесі Әли Аманбаев, қазіргі мүгедектер сауатты әрі оларда масылдық пиғыл жоқ дегенді айтады. Тек билік оларды өзге елмен тең дәрежеде ұстап, оларға шағын бизнеспен айналысуына, несиеге қол жеткізуіне көмектессе болғаны дейді ол. Мүгедектерге арналған заңдардың арасынан ең үздік нұсқа ретінде Ә.Аманбаев Американың «Мүгедектер туралы» заңын атайды.

- Онда барлық жағдай жасалғандықтан, мүгедектер бюджетке мол пайда түсіріп отыр, Қазақстанда да солай жасауға болар еді, - дейді Әли Аманбаев.

Астанадағы «Мейірім» мүгедектер қоғамының төрағасы Ерғали Тоғысбаев мүгедектер үшін 45 жұмыс орнын ашыпты. Онда еңбек ететін мүмкіндігі шектеулі адамдардың 20-сы қоларбамен жүретін көрінеді. Бұрын құрылыс компаниясында бригадир болып қызмет еткен Оразалы Есенбаев пен тігінші Сәлима атты келіншек шағын несиеге жол ашылса, өз бизнестерін ашқысы келетіндіктерін айтады.

Астанадағы мүгедектерге арналған «Қайсар» мамандандырылған спорт мектебінің әдіскері Жанат Айтқожин, қоғам ықпалы мен адам шындап кіріссе, ештеңе де кедергі бола алмайтындығына нақты дәйек келтіреді. Осыдан үш жыл бұрын төсек тартып қалған Вадим Дуккарт есімді жігіт қазір пауэрлифтингтен Қазақстанның үш дүркін чемпионы атаныпты.

Қоғам мүшелері келтірген дәйектерге қарағанда Қазақстанда 413 мыңнан астам адам ресми түрде мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Олардың 60 пайызы әйелдер екен. Өмірдің түрлі қиындықтарынан өткен жандардың арыз-шағымдарын ынталы топ президент жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның төрайымы Айткүл Самақоваға тапсырды.

Мүгедектер ұйымдарының өкілдері республика бойынша әлеуметтік аз қорғалған салалардың қоғамдық конфедерация құрып, Парламентке жаңа заң жобасын ұсыну, жергілікті әкімдіктерге өз мүдделерін талап етіп қою тұрғысында күш біріктірмек ниетте.
XS
SM
MD
LG