Accessibility links

Ислам Кәрімов Әндіжандағы қырғынға халықаралық тергеу жүргізуге рұқсат бермеді


Өзбекстандағы қырғынды халықаралық ұйымдар зұлымдық деп халықаралық тергеу талабын қойған болатын. Бейсенбі күні БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовке телефон арқылы осы талапты жеткізді. Бірақ президент Кәрімов "халықаралық тергеуді қажет етпейміз, Әндіжанда тәртіпті қалпына келтірдік" деп, ол ұсынысты кері қайтарған.

Мамырдың 13-де орын алған қанды қақтығысқа бір апта болды. Жұма күні Әндіжан мұсылмандары "Диванабой" мешітінде жұма-намазға әдеттен көп жиналды. Әндіжанда жағдай айтарлықтай тыныш. Өзбекстан үкіметінің ең соңғы мәліметтері қақтығыстарда 169 адам өлді дегенге тірелді. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар және өзбек оппозициялық ұйымдары Әндіжанда және Пахтаобод елді мекендерінде кемінде бір мың бейбіт адам қаза тапты дейді.

Бір қатар батыс елі, халықаралық демократиялық ұйымдар, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі Өзбекстандағы қақтығыстардың шындығына тек тәуелсіз тергеу арқылы жетуге болады деген. БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен телефон арқылы сөйлесіп, осы талапты ортаға салды. Бұл туралы журналистерге БҰҰ өкілі Фред Екхард айтты. Алайда, БҰҰ Адам құқықтары жайындағы жоғары комиссары Льюс Арбурдың айтуына қарағанда, Кәрімов ұсынысты қабылдамады, жағдайды өзіміз-ақ бақылап отырмыз, анық-қанығына өзіміз-ақ жетеміз депті.

Бір қызығы, Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі жұма күні Кофи Аннан мен Ислам Кәрімовтың арасында халықаралық тергеу жайында ешқандай әңгіме айтылған жоқ деген мәлімдеме жасады. Алайда, БҰҰ Адам құқықтары жайындағы бас комиссарының өкілі Хосе Льюс Диаз мұны жоққа шығарады. Екі тұлға халықаралық тергеу мәселесін талқылаған болатын, мәселе тек Кәрімовтің тергеуден бас тартып отырғаны біржолата жауабы ма, әлде ол уақыт ұтқысы келіп отыр ма – сол жағы анық емес дейді:

- Біз мұны білмей отырмыз. Өзбек президентіне сөз өткізу мүмкіншілігі болады деп үміттенеміз, Әндіжандағы оқиғаларды және ол оқиғалардың төңірегіндегі жағдайды тәуелсіз және ашық тергеуге жағдай туады, анығына жету мүмкіншілігі туады деп үміттенеміз. Оқиғалардың ізі суымай тұрып, олардың анық-қанығына жету - өзбек халқының да мүддесіне сай, халықаралық қауымдастықтың да мүддесіне сай деп білемін.

Өзбекстан үкіметі осы аптада шетел дипломаттарына және журналистеріне Әндіжан қаласына баруға рұқсат берген болатын. Дегенмен, БҰҰ өкілдері оларға тек екі сағат уақыт бөлінді, қала тұрғындарымен сөйлесу мүмкіншілігі берілген жоқ, қанды қырғын болған жерді өзбек басшылары көрсеткізбей қойды дейді.

"Азаттық" радиосы Қырғыз редакциясының тілшілері босқындар қосына барып, олардың әңгімелерін жазып алған еді. Орталық Азияның қазіргі жұпыны тұрмысында бар ауыртпалық аналардың, әйелдердің, қыз-келіншектердің мойындарына түсті. Ер азаматтар екі қолға бір жұмыс таба алмай отырғанда, әйелдер дорба арқалап, ұсақ-түйек тауар тасып кетті, жайма базарларда қарайып қалды.

Орталық Азияда табиғаты мен жері аса бай, бірақ, халқы өте кедей Ферғана жазығында әйелдер тек қана әулеттерінің асыраушысы емес, үй-іштерінің құқықтарын қорғаушыларға да айналды. Міне, тілшілеріміз сөйлескен босқын әйелдердің бірі адами құқықтарымызды талап етіп көшеге шыққан едік, үкімет бізді оқ жаудырып қарсы алды дейді:

- Біз не үшін шықтық? Үкімет газдың, электр жарығының бағасын көтеріп жіберді. Біз ендеше зейнетақылар мен жалақыларды сәл көтермейсіңдер ме деп талап айттық. Адам сияқты өмір сүргіміз келеді. Күйеуім екі жылдан бері Ресейде нәпақа іздеп, қаңғып жүр. Мен өзім жақында ауруханадан шықтым, мүгедекпін. Қолымда кішкентай балам бар. Махалля комитетінен көмек сұрап едім, бір сом ақша берген жоқ.

Ал келесі әйел құқықтарымызды талап етіп, өмірімізді құрбандыққа шалдық. Әндіжанда қан судай ақты, өзен, дария болып ақты дейді. Басқа әйел болса сарбаздар аяқ астынан оқ жаудыра бастады, балаларымызды бауырымызға басып жерге жата кеттік, қарасам айнала толған өлген адам екен дейді.

Міне, мамырдың 13-інде Әндіжанда орын алған қырғыннан шыққан адамдардың әңгімелері осындай. Бұл күнді халық "Қанды жұма" деп атап кетті. Әндіжандағы халық сол күні-ақ жан сауғалап, көршілес Қырғызстанға өтіп кеткенді жөн санады. Күн нөсерлеп жауды, сол жұма күні-ақ, кешкі сағат бесте, Әндіжаннан жаяу тарттық, аяқтарымыз балшыққа батып, 40 шақырым жерді түні бойы жаяу жүріп, Ош облысына жеттік, Қырғызстан басшыларынан көмек сұрадық дейді өзбек әйелдері.

Әндіжаннан осылайша шамамен үш мың адам босып, Қырғызстанға жан сауғалап кетті. Босқындарға халықаралық ұйымдар тарапынан түрлі көмек көрсетіліп жатыр. Әлбетте, босқындар еліміз тынышталса қайтқымыз келеді дейді. Бірақ, Өзбекстан тыныштала қоя ма екен енді? Көптеген сарапшы Өзбекстандағы жағдай қиындай түседі дейді.

Қырғызстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Тұрсынбай Бәкірұлы Өзбекстанда тағы толқу көтерілсе кемінде бір миллион адам Қырғызстанға қашуы мүмкін дейді. Халықаралық көмек болмаса босқындар мәселесі Қырғызстан экономикасына ауыр тиюі мүмкін.
XS
SM
MD
LG