Accessibility links

Түркітілдес елдердің өкілдері Алматыда бас қосты

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматыда Түркия мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы мәселесіне арналған халықаралық жиын өтті.

Мамырдың 19-20 күндері Алматыда, Қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Германияның Фридрих Эберт атындағы қорының ұйымдастыруымен «Еуропаның ұлғаюы тұрғысында Түркия мен Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынасы» атты тақырыпта өткен халықаралық конференцияға Орталық Азияның бес мемлекеті - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан ғалымдары мен Германия, Франция, Италия, Түркия, Моңғолия, Үндістан және Израиль ғалымдары қатысты.

Түркі әлемін зерттеуші ғалымдар бас қосқан бұл жиында Орталық Азия мен Түркияның тарихи-мәдени байланыстары, әлеуметтік-экономикалық байланыстар, аймақтағы қауіпсіздік мәселері, діни экстремизмге қарсы бірігіп күресу мәселері бойынша баяндамалар оқылып, пікір алмасулар өтті.

- Түркия - Қазақстанның тәуелсізідігін алғашқы болып таныған ел. Бүгінгі күні екі ел арасындағы түрлі саладағы қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Қазақстанда түрік фирмалары құрылыс салуда ерекше белсенділік танытып отыр, ал мәдени салада түріктер Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ерекше көңіл бөліп, оны жөндеу жұмыстарына қаржы бөлген, - дейді Шығыстану институтының Таяу Шығыс бөлімінің бастығы, доктор, профессор Нағима Сағындықова.

Қазақстандағы Түркия елшілігінің мәдениет және ақпарат бойынша кеңесшісі доктор Хаяти Тюфекчиоглу:

- Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым қатынас жақсы дамып келеді, болашақта бұл бұдан да жақсы дами түседі деген сенім бар. Бұл тек екі ел үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл Орта Азия елдері үшін маңызды болмақ, - дейді.

Халықаралық «Фридом Хаус», яғни «Бостандық үйінің» Қазақстандағы өкілі Антонио Стангоның айтуынша, Түркия Еуроодаққа мүшелікке өтуі үшін орындауға өзі уәде еткен алғышарттарды орындағаны жөн.

- Егер де Түркия Еуроодаққа мүше бола алса, онда бұл Орта Азия елдеріне өзінің оң әсерін тигізеді, - дейді ол.

Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология Институтының қызметкері, доктор Гүлнар Меңдіқұлова Түркияда тұрып жатқан 15 мыңдай қазақтар сол елде тұра берулері керек, өйткені олардың тірішілік жағдайлары жақсы, ал, екінші жағынан, бұл екі елдің қарым-қатынасында тағы бір көпір болатын мәселе дейді.
XS
SM
MD
LG