Accessibility links

Қазақстанда “мобильді банкинг” жүйесі іске қосылды

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстанның банк саласы ТМД елдері арасында екінші болып “мобильді банкинг” жүйесінде жұмыс істей бастады.

Қазақстандағы екінші деңгейдегі ірі банктердің бірі - “Халық банкі” өзінің халықаралық және жергілікті деңгейдегі пластикалық төлем карталарының иелеріне “мобильді банкинг” деп аталатын жаңа қызмет түрін ұсынып отыр. Банк қызметкерлерінің айтуынша, бұл қызмет түрі төлем карталарының иелеріне мобильді телефонға келетін SMS-хат арқылы, карталық есеп-шотындағы қаржы айналымы туралы ақпаратты біліп отыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта нақты ақша беруден бөлек банкомат атқаратын барлық қызмет түрлерін осы жүйе арқылы мобильді телефонға көшіру көзделіп отыр екен.

Төлем карталары бойынша қызмет көрсететін банк қызметкері жаңа жүйе туралы қысқаша мынандай мәлімет берді:

- Егер сіз банк картасының иесі болсаңыз, онда карта бойынша жүргізілген барлық операциялар туралы мәліметтер мобильді телефоныңызға SMS-хаттар арқылы келіп отырады.

“Халық банкінің” карталық орталығының бас менеджері Константин Горожанкин жаңа жүйенің тұтынушыға ыңғайлы екенін былайша түсіндіреді:

- Мәселен, карталық есеп-шотыңызға еңбекақыңыз түсті немесе оған ақша аударылды делік. Сіздің мобильді телефоныңызға сол сәтте-ақ ақша түскендігі туралы SMS хабар келеді. Сол секілді, сіз бір дүкенде карта көмегімен сауда жасағаныңызда, мобильді байланыс үшін ақы төлегеніңізде – бар болғаны 2-3 секундтың ішінде SMS хабарын аласыз. Онда сіздің қай жерде, қанша сомада ақша жұмсағаныңыз туралы толық ақпарат жазылған. Яғни, өз есеп-шотыңыздағы өзгерістер туралы сол сәтте бірден хабардар боласыз.

Сондай-ақ, банк клиенттері арнайы номерлерге SMS хабарлар арқылы сұрау жіберіп, банктегі өз есеп-шотындағы ақша туралы, соңғы операциялар туралы біле алады. “Халық банкінің” өкілі К.Горожанкиннің айтуынша жаңа жүйеде әрбір адамның өз карталық есеп-шотының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі де қарастырылған.

- Арнайы автоматты режимде жұмыс істейтін телефондарға хабарласып, содан кейін 03 санын теру арқылы төлем картасының иесі өз есеп-шотын құлыптай алады. Ол үшін клиент SMS жолдау арқылы өзінің карта нөмірінің соңғы 4 санын жазып жібереді. Бұл - карталық есеп-шоттағы ақшаны өзгелердің жымқыруы мүмкін деген күдік туған жағдайда істелетін іс.

Жаңа жүйені пайдалана бастаған азаматтардың да пікірін сұрадық. “Халық банкінің” Алматы көшесіндегі банкоматтарының бірінен, төлем картасымен өз жалақысын алуға келген Нұржан есімді жігіт жалақысының түскендігін қол телефонына келген SMS-хабар бойынша біліпті.

- Ең тиімдісі - уақыт үнемдейсің. Әрі үнемі қажетті ақпарат саған өзі келіп түседі, - дейді Нұржан.

Банкомат алдында кезекте тұрған Сергей есімді жігіт те жаңа жүйенің өзіне ыңғайлы екендігін айтады.

- Мен үшін, әрине,бұл жүйе ыңғайлы. Өйткені, кез-келген сәтте және кез-келген жерде өзіңнің есеп-шотыңды біліп отырасың әрі өз ақшаңды қайда жұмсағаныңды бақылап отыруға мүмкіндік бар.

“Халық банкінің” карталық орталығының бас менеджері Константин Горожанкин, алдағы уақытта “мобильді банкинг” жүйесін одан әрі дамыту жоспары барын айтады. Келешекте банк клиенттеріне өздерінің зейнетақы қорындағы есеп-шотын білу, басқа қалаға барғанда қол телефоны арқылы жақын жердегі банкоматтың қайда екендігі туралы ақпарат алу секілді жаңа қызмет түрлерін де осы жүйеге қоспақ. Бір сөзбен айтқанда, таяу уақытта банкоматтардың нақты ақша беруден басқа қызмет түрлерінің барлығы мобильді телефонға көшірілмек.

Бұрынғы Совет одағы елдерінің ішінде осындай әдіспен Ресейдің “Жинақ банкісі” жұмыс істейді екен. Қазақстанның «Халық банкі» өкілдерінің айтуынша, Қазақстан ТМД аумағындағы “мобильді банкинг” жүйесі бойынша қызмет көрсететін екінші ел болмақ.

Әзірге бұл қызмет түрін Қазақстандағы «Билайн», «К-mobile» және «Еxcess» мобильді байланыс қызметін тұтынушылар ғана пайдалануда. Ал “Халық банкінің” қызметкерлері қазіргі уақытта Қазақстандағы мобильді байланыс қызметін ұсынатын өзге де операторлармен жаңа жүйені енгізу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқандығын хабарлап отыр.

Қазір Қазақстанда жалпы саны 2,5 миллион төлем карталары бар болса, оның 1, 5 миллионнан астамы “Халық банкінің” үлесіне келіп отыр.
XS
SM
MD
LG