Accessibility links

«Невада-Семей» қозғалысы Алматыда халықаралық жиын өткізді

  • Досан БАЙМОЛДА

Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ұйымдастыруымен мамырдың 19-ы күні Алматыда «Жапония мен Қазақстанда орын алған атом зардаптары қайталанбауы тиісті» атты халықаралық жиын өтті.

Халықаралық жиынға қатысушы қазақстандық және жапон ғалымдары мен қоғамдық қозғалыстардың өкілдері әлем елдеріне арнап ядролық қаруларды таратпау жөніндегі халқаралық келісім-шартты орындауға шақырған үндеулерін жариялады. Сондай-ақ, осындай мазмұндас үндеу әлем қалаларының әкімдері конференциясы атына және ғаламдық антиядролық альянс атты ұйымға да арналыпты.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалыстың үйлестірушісі Жеңіскүл Қонарованың айтуынша, Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларының тұрғындары атом бомбасының құрбаны болып, соның зардабын осы күнге дейін тартып келеді.

- Енді міне, сол бір қасіретті оқиғаға 60 жыл толып отыр. Ал Қазақстан халқы Семей полигоны және басқа полигондарда 40 жыл бойы жүрілген ядролық сынақтардың зардабын әлі күнге тартып келеді. Бұл екі халық мұңдас, тағдырлас, сондықтан да осы жолғы халықаралық жиынның мақсаты Хиросима, Нагасаки қалаларының тұрғындарына қолдау көрсету болмақ, - дейді ол.

«Хиросима-Семей» атты халықаралық жобаның құрметті президенті Хираока Такашийдің айтуынша Хиросима, Нагасаки қалаларының тұрғындары бұдан 60 жыл бұрын әуеден тасталған атом бомбасының зардабын осы күнге дейін тартып келеді. Елде 100 мыңнан астам адам радиациялық улы сәулелердің салдарынан түрлі ауруларға ұшыраған.

- Сол оқиғалалар жапон халқы үшін ең қасіретті күн ретінде жыл сайын тамыздың 6-сы және 9-ы күндері еске алынады, - дейді ол.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтың айтуынша, Семей полигонында ядролық сынақ өткізу тоқтатылғанымен оның 40 жыл бойғы экологияға, халыққа келтірген зардабын жою мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді.

- Яғни, бұл орайда Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі бірлесіп шешетін мәселе жеткілікті, - дейді О.Сүлейменов.

Совет Одағы кезінде Қазақстан тек қана ядролық қаруларды сақтайтын орын болып қана қоймай, бұл жерде барлығы 500-дей рет ядролық жарылыстар орын алды.

Әлемде барлығы 2056 ядролық жарылыс болса, ең көп жарылыс АҚШ-та -1030 рет, бұрынғы совет елінде - 716 рет, Францияда – 210 рет, Қытайда – 45 рет, Ұлыбританияда – 44 рет, Үндістанда – 6 рет, ал Пәкістанда 5 рет болған екен.
XS
SM
MD
LG