Accessibility links

Баспасөзге шолу. 21 мамыр 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Апта соңында шыққан тәуелсіз газеттер Өзбекстанда болған оқиғаға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі өз бағасын бермегендігіне баса назар аударыпты. Сондай-ақ, басылымдар өзбек президенті Ислам Кәрімовтың Әндіжандағы оқиғаға орай БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанмен телефон арқылы сөйлескендігін хабарлапты.

“Алма-Ата инфо” басылымына берген сұхбатында Қазақстан Республикасы сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров егер де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-шулы “Қазақгейт” ісіне қатысы болса, ол жауапқа тартылуы, егер де оның жазығы болмаса, онда бұл тақырыпты әрі қарай қозғамауымыз қажет деген пікірін білдіріпті. Уәлихан Қайсаровтың пікірінше, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан халқынан басқа ешкімнің де айыптауға құқысы жоқ.

Газет тілшісіне берген сұхбатында Уәлихан Қайсаров “Қазақгейт” ісіне шет елдегі қазақстандық оппозиция өкілдерінің қатты көңіл бөліп жүргендігіне тоқтала келіп, бұл істе Қазақстанға кір келтіретін тұстар болса, оны мемлекеттің ішкі ісі деп қарастыру қажеттілігі туралы ойын айтыпты. Сондай-ақ, Уәлихан Қайсаров Мемлекет басшысын қолдайтындығын, алайда ол алдағы өтетін президенттік сайлауға түспеуі тиіс деген ойын да айтып өтіпті.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Руслан Ерболұлының “Жасампаздықтың құнсыздану қыры” атты мақаласында зейнеткерлер, студенттер және бюджет саласындағылардың зейнетақысын, шәкіртақы, еңбекақысын көбейту жайын Президент өз жолдауында мәлімдегеннен кейін, Президенттің айтқан ақшасын тауып беру Үкіметке қиын болмағанымен, сол қаржының қадірін кетірмеудің қиынға соғып отырғандығы туралы деректер келтіріліпті.

Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, шілдеде іштегі ақша айналымына 1 миллиард теңгенің қосылуы қауіпті құбылыс. Автор өз мақаласында егер Үкімет алдағы уақытта болуы мүмкін инфляцияны ауыздықтай алмаса, онда ел алдында Президенттің беделін түсіріп, жолдаудың мәнін кетіреді деген түжырымға келіпті.

“Сеть.kz” басылымында жарық көрген мақаласында Мұхаметжан Әділов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік институттар мен ресурстарды халықтың игілігіне емес, саяси биліктегі өз монополиясын сақтап қалу үшін жұмсап отыр деген көзқарасын білдіріпті. Мақала авторының айтуынша, дәл қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің әкімшілігі мемлекетте түрлі-түсті төңкерістер болуы ықтимал ма деп, оның алғышарттарын зерттеумен айналысып жатыр.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, ресми билік Қазақстандағы ірі банктерді тексеру арқылы шын мәнісінде де олардың оппозицияны қаржыландырып отырмағандығына көз жеткізгісі келді. Автор өз мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз билігін сақтап қалу жолында бар күш жігерін салуға тырысатындығын айта келіп, алдағы уақытта да тәуелсіз басылымдарды қудалау науқанының жалғасы беретіндігі туралы ойын білдіріпті.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген Дмитрий Фурманның көлемі екі бет талдау мақаласы да Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды қалай басқарып келе жатқандығына арналыпты.

“Сөз” газетінде жарық көрген Казис Тоғызбаевтың мақаласында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанда орын алған оқиғаға байланысты өз бағасын бермеуі арқылы, Ислам Кәрімовтың қолданған тәсіліне үнсіз түрде қолдау білдірді деген пікір айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтан гөрі, күш қолдану арқылы көтерілісті басқан Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовке іші бұрып отыр. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Нұрсұлтан Назарбаев та Ислам Кәрімов секілді халықтың басым көпшілігін кедейшілікке ұшыратып, белгілі бір топтың ғана баюына жол берді деген ойын жеткізіпті. Мақала авторының пікірінше Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитарлық билігі, жыл өткен сайын Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтікі секілді диктатураға айналып барады.

“Айқын” және “Экспресс К” басылымдары Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтың Әндіжанда орын алған оқиғаға орай Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннанмен телефон арқылы сөйлескендігін хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов Кофи Аннанмен телефон арқылы сөйлескенде Әндіжанда орын алған оқиғаға байланысты Өзбекстанға тәуелсіз сарапшыларды кіргізуге жол бермейтіндігін мәлімдепті.
XS
SM
MD
LG