Accessibility links

ТМД-дағы корей тіліндегі БАҚ өкілдері Алматыда жиналды


Мамырдың 21-і күні Алматыдағы «Корей үйінде» ТМД елдеріндегі корей ақпарат құралдары өкілдерінің екі күндік форумы басталды. Оған ТМД елдерінде этникалық корей ұлтының өкілдері көп шоғырланған Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда корей тілінде теле-, радио хабарларын тарататын бекеттер мен газет-журналдардың редакторлары қатысып отыр.

Форумды ұйымдастыру жөнінде бастама көтерген «Қазақстандағы корей жастары» атты қозғалыстың үйлестірушісі Анна Пактың айтуынша, ТМД кеңістігінде өмір сүріп жатқан этникалық кәрістер бір-бірі туралы аз біледі.

- Олар өз араларында бір-бірінің өмір тіршілігі, сол елдегі кәрістердің жағдайы жөнінде білгілері келсе де оған қол жеткізу қиын, яғни ақпараттық тұрғыда бұған мүмкіндік болмай тұр. Бұл корей диаспораларының өзара қарым-қатынасының дамуына кедергі келтіріп отыр, - дейді ол.

Бүгінгі күні Қазақстанда 150 мыңдай корей ұлтының өкілдері өмір сүріп жатыр. Қазақстан үкіметі оларға арнап корей тілінде «Коре Ильбо» атты газет шығарады және «Қазақстан» телеарнасында корей тілінде арнайы бағдарлама бар, сондай-ақ, «Қазақ радиосында» корей тілінде арнайы бағдарлама беріледі.

Мәскеуде корей тілінде шығатын «Ариран-пресс» атты газеттің редакторы Владимир Шиннің айтуынша Ресейдің Владивосток, Дондағы Ростов, Уссурийск қалаларында және Сахалинде корей тілінде газеттер шығады, ал Мәскеуде корей тілінде екі бірдей газет жарық көреді екен.

- Өзбекстанда «Коре Синмун» атты газет шықса, Қырғызстанда корей тілінде арнайы радиохабар бағдарламасы бар. Бірақ, бұл ақпарат құралдары жергілікті жердің мәселелеріне арналған ақпараттан аса алмай отыр. Сондықтан да кең ауқымды қамти алатын корей ақпарат орталығын құру мәселесі күн тәртібінде, - дейді В.Шин.

Оның айтуынша, болашақ осындай орталық Алматы қаласында құрылып, жергілікті ақпарат құралдары өздерінің ақпараттарын осы орталыққа жіберіп отырмақ. Ақпарат орталығы интернет арқылы өз жұмысын жүргізеді дейді ол.

А.Пактың айтуынша бұл идеяны, жобаны ұсыныс етіп, оның орындалуына ат салысып отырған «Қазақстандағы корей жастары» қозғалысы көрінеді. Жобаны кім қаржыландыратыны әзірге белгісіз, бірақ, бар мәселе осы жолғы форумда сөйлесіліп, бір шешімге келуі керек дейді ол.

Ресми деректер ТМД елдерінде 500 мыңдай этникалық кәрістер тұрады деген мәлімет береді. Олар екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қиыр Шығыстан жер аударылған кәрістердің ұрпақтары.
XS
SM
MD
LG