Accessibility links

Қазақстан даму банкі халықаралық жоғары баға алды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан даму банкі Белградта Еуропаның қайта құру және даму банкінің жыл сайынғы өткізілетін кезекті басқосуында әлемдегі ең ырғақты (динамикалық) дамып келе жатқан банк ретінде аталды.

Қазақстандық банк соңғы үш жылда 1 миллиард 33,5 миллион доллардың 55 инвестициялық жобасын қаржыландыруға қатысқан. Бұл жобаларды қаржыландыру жаңадан 60 мың жұмыс орнын ашуға көмектеседі дейді қаржыгерлер. Сарапшылар индустриялық-инновациялық жобаны қаржыландыру кезінде ауыл шаруашылығына да басымдық беру қажеттігін айтады.

- «Әлемдегі ең ырғақты дамып келе жатқан банк» номинациясы қаржы базарын зерттеу институттары мен жетекші банктердің сарапшыларына сұрау салу арқылы анықталды, - дейді Қазақстан Даму банкінің вице-президенті Александр Андрющенко.

Қазақстан Даму банкінің президенті Қамбар Шалғымбаевқа награда тапсыру сәтінде «Еуроmoney» басылымының директоры Мартин Борн банк ұжымының нарық базарындағы тұрақты ұстанымы, табысының деңгейінің өсуі, менеджмент қызметінің сапалық көрсеткішін жоғары бағалаған.

- 1992-1993 жылдары банк жүйесі туралы заңдар шоғыры жарық көрген соң-ақ республикаға инвестиция келе бастады. Қазір Қазақстанның нарық экономикасына Даму банкі нық орнықты, - дейді тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы қызметін атқарған Ғалым Байназаров.

Даму банкінің вице-президенті А.Андрющенконың айтуынша, банк соңғы үш жылда 1 миллиард 33,5 миллион доллардың 55 инвестициялық жобасын қаржыландыруға қатысыпты.

- Ол жобалар қосымша 60 мың адамға жұмыс орындарын ашады, - дейді вице-президент.

Астанадағы «О Азамат» фирмасының директоры Тұрсынбек Өмірзақов болса, Қазақстанда банк жүйесі жақсы дамығанымен, әлі де кемшін тұстары көп деп есептейді.

- Атап айтқанда - пайыздық өсімі жоғары, несие беру мерзімі қысқа және бизнестегі алғашқы қадамды несиелендірмейді, - дейді астаналық кәсіпкер.

Астана тұрғыны Айтқадыр Тілеуұлы үш жылдан бері жеке пәтер салу мақсатында ешбір банктен несие ала алмай жүргендігін айтады. Ол қаржы қоры мол банктердің қарапайым жандарға көмектескені де жөн болар еді деген тілек білдіреді.

Бұған орай, Даму банкінің бас маманы Сағымбек Исин, қазір банкінің ауыл шаруашылығы - құрылыс бағытындағы дәнді дақылдарды өңдейтін «Вита», құрылыс заттары зауыты «Акатон», мақта-мата талшықтарын шығаратын «Ютекс» зауыттары жобасын қаржыландырып жатқанын айтады.

- Ал егер тендерлік байқауға түсіп, жеңіп шықса барлық кәсіпкерлерге қойылатын талап біреу, - дейді С.Исин.

Даму банкінің мамырдың 1-індегі активі 121миллиард теңгеге жеткен. Қазақстандық қаржы құрылымы өткен жылды 3 миллиард теңге пайдамен қорытындылаған көрінеді.
XS
SM
MD
LG