Accessibility links

АҚШ бизнесмені Джеймс Гиффен Қазақстан басшыларына ондаған миллион доллар пара беріпті деген шатаққа қалғалы алты жыл болды. "Қазақгейт" шатағы сотта ұзақ қаралып жатқан тұста АҚШ ресми орындары Қазақстанда бизнес жасайтын тағы бір америкалық мұнай компаниясына қарсы тергеу ашты. Ол – бас пәтері Хьюстонда орналасқан "Бейкер Хьюджес" компаниясы.

"Бейкер Хьюджес" компаниясы Қарашығанақ мұнай және газ алаңында бизнес жасайды. Ол 2000 жылы "Қарашығанақ Петролеум оперейтинг" консорциумына кешенді қызмет жасауға контракт алған екен. Компанияның Алматы, Ақсай және Атырау қалаларында кеңселері бар. Дегенмен, компанияның қоғамдық қатынастар қызметкері Гарри Флейерти "Бейкер Хьюджес" сексеннен астам елде қызмет етеді, Қазақстан бұл тізімнің бас жағында емес деп Нью-Йорктегі тілшіміз Никола Крастевке жөнді мәлімет айтпады:

- Иә, Қазақстанда қызметіміз бар. Кез-келген елде қандай шаруа атқаратынымызды біз тәптіштеп айта бермейміз. Дегенмен, Қазақстанда шаруа жасап отырған жайымыз бар. Жалпы, қызметіміз аса белсенді бес-алты елдегі бизнесіміз жайында ғана егжей-тегжейлі мәлімет айтамыз. Қазақстандағы шаруамыз мұндай деңгейде емес.

Ал компанияның Қазақстандағы қызметін тексеруге АҚШ құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы мұрындық болған. Бұл мекеме американдық компаниялардың қаржы және заңды қызметтерін бақылап тұрады. Құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссия көкектің 22-де компания басшыларын шақырып, Қазақстандағы қызметтері жайында мәлімет беруді талап еткен.

Ресми орындардан да мәлімет алу мүмкін болмады. Компания өкілі Гарри Флейерти әділет министрлігі тергеу жүргізіп жатыр, тергеуге барлық мәліметті ашып жатырмыз, бұдан басқа мәліметім жоқ дейді. АҚШ құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілі Джон Хейне болса тергеу жүріп жатқан кезде ешқандай мәлімет бермейміз, ережеміз сондай деп қысқа қайырды.

Мұндай тергеулер АҚШ-та "Шет елдердегі коррупция" заңының негізінде жүргізілетіні аян. "Бейкер Хьюджес" компаниясына қарсы басталған тергеу Джеймс Гиффеннің шатағына қайтадан назар бұрып отыр. Бұл заң бойынша бірнеше компания жазаларын алған болатын. Осы заң қабылданғалы бері жымқырылды деп күдіктелетін ақшаның сомасы бойынша ең үлкен шатақ - дәл осы "Қазақгейт". АҚШ федералды төрешісі Уильям Поулей жақында сотты тағы кейінге қалдырды, сот енді 2006 жылы қаңтарда жалғасуы керек. Бұл сот осымен үшінші рет кейінге шегіндіріліп отыр.

Қазақстан үкіметі Джеймс Гиффеннің сотында шаруамыз жоқ деп айтып келеді. Бұл ұстанымды өткен аптада Вашингтонда президент Н. Назарбаевтың кеңесшісі Кәрім Мәсімов тағы ортаға салды:

- Джеймс Гиффеннің ісінің бізге қатысы бар деп ойламаймыз. Қазақстанның пайымдауынша, бұл АҚШ үкіметі мен АҚШ азаматы Джеймс Гиффеннің араларындағы шаруа. Бұған не Қазақстанның, не кез-келген Қазақстан басшысының қатысы жоқ. Сондықтан істі Америка Құрама Штаттарының ішкі шаруасы деп білеміз, Қазақстанға оның әсері болмайды деп ойлаймыз.

Жалпы, дейді Кәрім Мәсімов, АҚШ және Қазақстан үкімет орындары "Қазақгейт" ісінің анық-қанығына жету мақсатында қоян-қолтық жұмыс істеп отыр:

- АҚШ әділет министрлігімен әріптестік жағдайда жұмыс істеп отырмыз. Қазақстан үкіметіне олардың қандай сұрағы болса да – барлық ақпаратты беріп отырмыз, ол жағынан ешқандай проблема көріп отырған жоқпыз.

Вашингтондағы әріптесіміз Қазақстан үкіметінің мүддесін қорғайтын адвокатпен де сөйлесті. Адвокат Чарльз Ботт сотты кейінге шегіндіру Джеймс Гифеннің адвокаттарына тек септігін тигізеді дейді:

- Істі кейінге қалдыра тұруға адвокаттардың мүмкіншілігі әрқашанда болған. Адамдардың есте қалған нәрселері өзгеріп тұрады, оларға салмақ түсіп тұрған жоқ дегендей. Салмақ прокуратураға түсіп тұр, айыпты прокуратура дәлелдеу керек қой.

Ал Джеймс Гиффеннің адвокаты Уильям Шварц болса "Азаттық" радиосына пікір айтудан бас тартты. Жалпы, Джеймс Гиффеннің кінәсі дәлелденсе – оған тағылып отырған айыптардың салмағы 88 жыл түрмеге жетіп отыр.
XS
SM
MD
LG