Accessibility links

Мәскеу кинофорумына бірнеше қазақ фильмі ұсынылмақ


Мамырдың 25-і мен 30-ы аралығында Мәскеуде өтетін ТМД және Балтық елдері ұлттық кинематографияларының форумына Қазақстан 4 фильм ұсынғалы отыр. Қазақстан киногерлері одағының мәліметіне қарағанда, форум барысында 2004-2005 жылдары түсірілген жаңа фильмдердің панорамасы көрсетілмек.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Балтық елдері ұлттық киноматографияларының форумы осымен 9-шы рет ұйымдастырылып отыр. Оған алыс және жақын шет елдердің кино сыншылары, танымал режиссерлар мен халықаралық фестивальдардың сарапшылары қатыспақ.

- Бұл форумға Қазақстан 2 көркем, 1 деректі және 1 мультипликациялық фильм ұсынуды жоспарлап отыр, - дейді Қазақстан кинематографистер одағының қызметкері Тұмар Смайылова.

Мәскеуде өтетін форумда Асанәлі Әшімов пен Игорь Вовнянконың «Тұзды көл жағасындағы үй», Серік Апырымовтың «Аңшы» көркем фильмдері мен Владимир Тюлькиннің «Өмір сүруге тиістілер» деректі фильмі және Қайырғали Қасымовтың «Мен сенемін» мультипликациялық фильмі көрермен назарына ұсынылмақ. Тұмар Смайылованың айтуынша, форум барысында соңғы 2004-2005 жылдары түсірілген жаңа фильмдер ұсынылуға тиіс.

- Форум кезінде соңғы жылдары түсірілген фильмдердің панорамасы көрсетіледі. Оның ішінде көркем, деректі, мультфильмдер бар. Қазақ киносының деңгейі өсті, шетелдіктер біздің киноларды жақсы қабылдайды, өйткені олардың барлығы авторлық кинолар, - дейді Т.Смайылова.

Авторлық кинолар болғандықтан да көрерменін тез баурайды дейді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының Астанадағы бөлімшесінің директоры Талғат Тайшанов. Оның айтуынша, Қазақстанда түсірілетін фильмдердің барлығы дерлік өмірден алынады және шынай суреттеледі.

- Біздің режиссерлар өз ойын еркін, шынайы түрде жеткізеді. Шетелдіктер өз киноларынан шаршаған болу керек, оларды қазақтардың тұрмысы, өмірі қызықтырады, - дейді Т.Тайшанов.

Т.Тайшанов ұлттық бояуы қанық фильмдерге деген сұраныстың басым екендігін айтады.

- Біз де еуропалықтар секілді шытырман, фантастикалық фильмдерді түсіруімізге болады, бірақ, ол ешкімді қызықтырмайды. Өйткені, бізде оны түсіретіндей мүмкіндік аз, қаржы жағынан да, техникалық жағынан да, - дейді Талғат мырза.

ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің кино өнері бөлімінің бастығы Камила Сағымханқызының айтуынша, өндірістік, көркемдік жағынан Қазақстандық фильмдердің сапасы жақсарып келеді. Алайда, кинотеатрлардың жағдайы сын көтермейді дейді ол:

- Оларды қайтадан жабдықтау керек. Мемлекеттік меншікте қалған кинотеатрларда қалған-құтқан киноқондырғылар, тіпті Кеңес үкіметі кезіндегі құралдар. Мәдениетке бөлінетін қаржы көбірек болса, бәрі де дұрыс болар еді.

Мәскеуде өтетін ТМД және Балтық елдері ұлттық кинематографияларының форумы мамырдың 30-на дейін созылады.
XS
SM
MD
LG